Жетісуға турист қашан келеді?
Жетісуға турист қашан келеді?
198
оқылды
Алматы облысының туристік әлеуеті аса зор. Сол мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Соның бірі – әлемдік онлайн-платформаға туристік нысандар орналасқан жерлерді жүктеу. Мәселен, GoogleMaps, Yandex карталарында және TripAdison сайтындағы Алматы облысының парақшасында өңірдің 8 мыңнан астам туристік локациясы пайда болды. Сол сияқты облыстық Туризм басқармасы мен Wikipedia жалпыға бірдей қолжетімді энциклопедиясы ара­сында меморандум жасалып, YouTube танымал бейнехос­тин­­гінде «KZ-дағы демалыс. Жетісуға саяхат» бейнебаяны орна­лас­тырылған. Облыстық Туризм басқарма­сы­ның басшысы Жанар Алчим­баева­ның айтуынша, кә­сіп­кер­­­лерді цифрлық құрал­дар­ды қол­­­дануға, жүктелген мәлімет­тер­ді кеңі­нен таныстырып, сараптауға үйрету жүргізілуде. Биыл сәуірдің соңында облыстық Туризм бас­қар­масы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қол­дауы­мен Most бизнес-инкуба­торының қа­­ты­суымен туризм бойынша Global Online Startup Weekend: Covid-19 Edition бірінші виртуалды топ ұйым­­дастырылды. Сөйтіп, ту­­рис­тік сала UNWTO Healing solu­tio­ns for tourism challenge жаһандық бастамасына қосылды. Республиканың әр түкпірінен 200-дей қатысушы жобаға үн қатып, асқан жеделдік­пен өзгеретін бү­гін­гі заманда туризмді дамыту мін­детіне ортақ үлес қосуға ниет біл­дірді. Өңірде туризмді дамытуға қатысты қабылданған шаралар­дың арқасында соңғы 10 жылда Жетісуға келген туристер легі 3,5 есеге артып, кейінгі бес жылда тіптен қарқын алған. Мұнда об­лыс басшылығының туристік инфра­құрылымды дамыту бағы­тын­да атқарған ауқымды жұмы­сының да өзіндік ықпалы бары анық. Былтырғы жаз маусымында Алакөл, Балқаш көлдері мен Қап­шағай су қоймасында демал­ған­дар саны 1 725 600 адамға жет­ті. Соның ішінде Алакөлге 1,3 млн адам барған. Су айдындары жағалауындағы туристерді орна­лас­тыру орындарының саны 500-ге жетсе, оның басым бөлі­гі Алакөлде орналасқан. Демалу­шы­ларға ұсынылған орналастыру орындары мен туристік сауық­тыру қызметі 1,5 есеге өсіп, 9,7 млрд теңге болып­ты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірде туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, республикалық туристификация картасын жү­зе­ге асыру бағытында жүйелі жұ­­мыс­тар жүргізілуде. Алматы об­лы­сының тау кластері мен Ала­­көл көлінің жағалауын қоса алғанда үздік ондықты дамыту қарас­тырылған. Осы мақсатта Алматы қаласы әкімдігімен және «ҚазақТуризм» ұлттық ком­па­­­ния­­сымен арада үшжақты ке­лі­­сім­­шартқа қол қойылып, «Ал­ма­­­ты тау кластерін дамыту жө­­­­­нін­дегі» бірлескен жобалық кең­­се құ­рылды. Инвестициялық жо­­б­а­­ларды дамытудың жол кар­­та­сы дайындалып, Талғар ло­­ка­­циясының инженерлік ин­­­фра- ­құры­лы­мының техника­лық-эко­но­микалық негіздемесі әзір­­­­­ленуде. Жалпы, Алматы тау клас­­­тері туризмнің 5 негізгі түрі бойын­­ша 8 локациядан тұрады. 2019 жылы жергілікті бюджет есе­бі­нен Талғар локациясының инже­нер­лік ин­фра­құры­лымын жоба­лау бас­талды. Қазіргі кезде тау кластері ау­ма­­ғында жылына 1,5 млн ту­рис­т­ке қызмет көрсететін 50 ша­­­­қырымнан астам шаңғы трас­сасы, 25 көтергіш жұмыс істей­ді. Жобаны жүзеге асыру нәти­же­сінде қызмет көрсету көле­мі күніне 7,5 мың адамнан 65 мың адамға дейін, трасса ұзын­дығы 53,3 шақырымнан 456 шақы­рым­ға дейін, нөмір­лік қордың бір мезгілдегі сыйымдылығы 670-тен 4 мың төсек-орынға дейін арта­ды. Сонымен қатар «Бірлік – Ал­ма­­лық – Рысқұлов – Қазстрой – «Ақ-Бұлақ» тау курорты» авто­­жо­лының 17 шақырымына жаң­ғыр­ту жұмыстары жүргізіліп, жергілікті бюджеттен 314,0 млн теңге бөлінді. Oi-Qaragai Lesnaya Skazka шипажайына дейінгі рес­пуб­­ли­калық маңыздағы автомо­биль жолының 6,2 шақырымы 497 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты Көлсай көлдері (35 шақырым), Таңбалы музей-қорығы (38 шақырым, 905,4 млн теңге), Шарын шатқалы (11 ша­қы­рым, 561 млн теңге) сияқты туристік нысандарға апаратын авто­мобиль жолдары салынды. Облыстық Туризм басқарма­сы­ның мәліметінше, 2025 жылға қар­ай Алматы өңіріне саяхат­тай­тын туристердің болжамды легі 4 млн адамға жетеді. Оның 3,5 мил­лионы облыста орналасқан туристік нысандарға келеді. Тау кластері бойынша жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі – шамамен 600 млрд теңге. Соның ішінде жеке инвестиция – 498,7 млрд теңге. Нәтижесінде, бұл ша­ра­лардың барлығы өңірде 22 мыңға дейін жаңа жұмыс орын­да­рын құруға мүмкіндік береді.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы