Тоқаевтың тапсырмасы: сарапшылар жалақыдан қанша ұсталуы мүмкін екенін айтты
Тоқаевтың тапсырмасы: сарапшылар жалақыдан қанша ұсталуы мүмкін екенін айтты
© Sputnik / Владислав Воднев
268
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізуді ұсынды. Оған сәйкес, жалақысы төмен адамдар салықты аз төлейді, ал табысы көптерге салмақ көбірек түседі. Осылайша, әлеуметтік әділеттілік орнайды, яғни, әрбір адам салықты тапқан ақшасына қарай төлейді. Алайда осы бастама қашан іске асады? Табысы көп адамдардың қатарына кім кіреді? Жаңа жүйе бойынша салық қалай есептеледі? Жалақыдан қанша ақша ұстауы мүмкін? Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардың пікірін сұрап білді.

Тоқаев тапсырмасы

Төтенше жағдайдың аяқталуына арналған мәлімдемесінде мемлекет басшысы прогрессивті шкала жайында қысқа ғана айтты. Президент жаңа жүйенің тиімділігін түсіндіріп, соңғы шешімді өзім қабылдаймын деді. Осыдан кейін әлеуметтік желіде қызу талқылау басталды. Тіпті, халықты жаңылыстыратын есеп-қисаптың "соңғы нұсқасы" шықты. Содан болар, Алматыға жасаған сапары барысында президент осы мәселеге қатысты өз ұстанымын ашық айтты.
"Мысалы, менің ойымша, егер адам 250 мың теңге тапса, бәлкім, 300 мыңға дейін алады, онда ол 10 проценттік салықты төлемеуі керек, шамамен, 7 процентін төлей алады. Енді, оны үкіметтің жұмыс тобы шешеді. Ал орта тапқа келетін болсақ, олар үшін бұрынғыдай 10 проценттік салық қолданылады. Сонда 300 мыңнан бір жарым, бәлкім, екі миллионға дейін алатындар 10 процентті төлей береді", - деді Тоқаев.
Президенттің ойынша, жылына 25 миллион теңге табатын адамдар үшін жеке табыс салығы 10 проценттен жоғары болуы керек. Оны да комиссия анықтайды. Бірақ ондай салықтың шекті мөлшері 15 проценттен аспайды. "Меніңше, табыс салығы 15 проценттен аспауы тиіс. Мен үкіметке тиісті тапсырма бердім. Ол өз ұсыныстарын жасайды. Біз соның бәрін қоғам өкілдерімен, депутаттармен және сарапшылармен бірге талқылаймыз. Бұдан кейін прогрессивті шкаланы енгіземіз бе, жоқ па, осы жағын ойластырамыз", - деп атап көрсетті Тоқаев. Мемлекет басшысы прогрессивті шкаланы енгізу мерзімін белгілеген жоқ. "Әділдік тұрғысынан біз ерте ме, кеш пе, соған келуіміз керек", - деді ол.

"Келесі жылға дейін ұзаруы мүмкін"

Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов прогрессивті шкаланы енгізгенде басқа салықтарды да ескеру керек деп санайды. Себебі өзге алым-салықтар сол күйінде қалып, табыс салығы артса, өз пайдасын жасыруға тырысатын адамдар көбейеді. Сондықтан жалақыдан төленетін алым-салықтар жүйесін толығымен өзгертуге болады. Сөйтіп, қаржылай жүктемені азайтуға мүмкіндік бар. Сарапшы табыс салығының деңгейін бекітудің екі жолын ұсынып отыр. Біріншіден, қазіргі 10 процентті ең төменгі шек деп алуға болады. Бірақ одан кейін салықтың мөлшері арта береді. Екіншіден, ең төменгі шекті 0 проценттен бастауға болады. Сөйтіп, жалақының көлеміне қарай 10 процентке және одан жоғары көтеріледі. Осының арқасында қаржылай жүктеме азаяды. "Президенттің тапсырмасынан кейін жұмыс тобы құрылды. Ол жерде әлі талай пікірталас болады. Білуімше, әзірше бағыт-бағдар белгілі, бірақ толық есеп-қисап жоқ. Сосын заң жобаларын әзірлеу тәжірибесін ескерсек, ол парламентке тек келесі жылдың жазында түседі. Ал прогрессивті шкаланы енгізу аясында басқа алым-салықтарды қысқартатын болса, онда бұл мәселе 2022 жылға дейін барады", - деп жазды Құдайбергенов өзінің парақшасында.

Шетелдік тәжірибе

Экономист Олжас Құдайбергенов шетелдік тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропада прогрессивті шкаламен халықтың қаржылай жүктемесі артқан. Осы орайда Сингапурдың тәжірибесі тиімді болып тұр. "Ол жақта адам елдегі орташа жалақының 40 процентінен төмен айлық алса, онда жеке табыс салығын мүлдем төлемейді. Осы тәжірибені Қазақстанға көшірсек, орташа жалақының ресми көрсеткіші 200 мың теңге болса, 80 мың теңгеден төмен жалақы алатындар жеке табыс салығын төлемейді. Ал басқа алым-салықтарды зейнетақы жарнасына ауыстырса, онда ол адамдар тек зейнетақы жарнасын жасайды, демек, өздеріне ақша жинай береді. Соның нәтижесінде ауылдағы шарушылықтар, базарлар және тағы басқалар "көлеңкеден" шығады. Негізі, бізде медианалық жалақының көлемі, шамамен, 80 мың теңге", - дейді Құдайбергенов.