"Алашын өміршең әндерімен, көкейкесті күйлерімен тербеген әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі ГҮЛНӘР ДАУКЕНОВА өмірден өтті. Халық арасына кеңінен танылған "Сағындым сағым жылдар", "Күрең күз", "Қайран уақыт", "Шыңдағы шынарым-ай", "Мөлдір сезім" секілді көптеген әндердің авторы Гүлнар Даукенова әпкеміздің туындылары да Өзінің жан дүниесі секілді шынайылыққа, сыршылдыққа, лиризмге толы болатын. Ширек ғасырдан астам уақыт ұлттық музыкамыздың қара шаңырағы - Құрманғазы оркестрінде еңбек етті. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста үлкен толғаныстан туған "Жасай бер, Қазақстаным!" күйі - көптеген оркестрлердің репертуарының алтын қорына енді", - деп жазды Маемиров.
Сондай-ақ, Маемиров композитордың марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналғанын жазды.
"Халық артистері Н.Нүсіпжанов, Р.Рымбаева, М.Жүнісова және А.Қосанова, Г.Дәуірбаева, М.Түсіпбаева, А.Иманбай, Г.Оразымбетова, А.Керімбекова, Мирас пен Құралай, "Жігіттер" квартеті, "Кешью" топтарының репетуарынан Г.Даукенованың әндері берік орын алды. Өнер әлемінде өзіндік орны, өз биігі бар Гүлнар Даукенова - Үржардың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, Шығыстың Шынары" атанды. Гүлнар әпке - ақжарқын жеңгеміз еді, Ақжайық өңірінің сыйлы келіні еді. Тағдыр қосқан серігі - Донеділ Қажымов та елімізге танымал әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. "Тас түскен жеріне ауыр" дейді бабаларымыз, Донеділ ағамызға қайғырып көңіл айтамыз. Гүлнар жеңгемнің өмірінің мәні - туған бала-келіні Алмабек ініміз бен Гүлзина келінімізге барлық бауыр-жекжаттарына қайғырып көңіл айтамын! Қош болыңыз, шыңдағы шынар сынды - Гүлнар әпке, Гүлнар жеңеше! Сағым жылдардың ішінде Сізді сағынған шақтарда, әр қазақтың жүрегінде Сіздің әндеріңіз жүретініне сенемін! Иманыңыз жолдас болсын, аяулы Гүлнар-Жеңеше, Гүлнар-Әпке!", - деп көңіл айтты Асхат Маемиров.Гүлнар Дәукенова - Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында дүниеге келген. Ол осы аудандағы Еркеғали Рахмадиев атындағы музыка мектебін домбыра сыныбы бойынша тәмамдап, Алматыдағы музыка колледжіне қабылданады. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақтың Мемлкеттік консерваториясын аяқтаған Гүлнар Жұмайқызының өнер жолындағы әр қадамы сәтті болды. Өмірін өнерге арнаған талант иесі қиындығы мен қызығы қатар жүретін шығармашылық жолды таңдады. 30 жылдан астам уақыттан бері өнер айдынында қалықтап келе жатқан Гүлнар Дәукенова қалың көпшілікке "Сағындым сағым жылдар", "Қайран уақыт", "Шыңдағы шынарым-ай", "Күрең күз" секілді көптеген әндерімен танымал болған композитор. Оның тырнақалды туындысы "Жасай бер, Қазақстаным!" күйі 1993 жылы жарыққа шыққан еді. Қазақ елінің еркіндікке қол жеткізген тарихи сәтінде үлкен тебіреніспен дүниеге келген күмбірлі күй Гүлнар Жұмайқызының бойындағы отаншылдық рухтың биіктігін байқатқан болатын.
1994 жылы өмірге келген "Сағындым сағым жылдар" атты әннің бағын ашып, жұртшылыққа танымал еткен күміс көмей орындаушы Мәдина Ералиева болатын.
Гүлнар Дәукенова консерватория қабырғасында білім алып жүргенде Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің құрамында домбырашы болып еңбек жолын бастайды. Осы жерде ширек ғасыр қызмет еткен кәсіби өнерпаз кеңестік одақ тұсында дүние жүзін шарлап қазақтың ән-күйін насихаттаған болатын. Мектепте оқып жүргенде үнді тілінде ән айтып, би билеген Гүлнар Дәукенова оқушы кезінен-ақ биік жеңістерді бағындыра білген өнерпаз болды. Ол талай рет облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізген. Бірақ ең бастысы, қазақтың киесі аспабын жанына серік еткен ол, еуропа музыкасын домбыраның қос ішегінде шебер ойнайтын күйшілердің бірі. Гүлнар Дәукенова - Үржар ауданының "Құрметті азаматы", "Білім беру ісінің үздігі".