Бейбіт жиынға шыққандарға бетін бүркемелеуге тыйым салынбайды – сенатор
Бейбіт жиынға шыққандарға бетін бүркемелеуге тыйым салынбайды – сенатор
Фото: Интернеттен алынды
164
оқылды
Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасына енгізген түзетулер Мәжіліске жіберді. Сенаттың жалпы отырысында заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов: «Сiздерге Заң жобасын екiншi оқылымға дайындау кезiнде оны жетілдіруге байланысты туындаған мәселелермен таныстыруға рұқсат етiңiздер. Бас комитет Сенаттың заңнама, редакциялық-баспа бөлiмдерiмен бiрлесе отырып, заң жобасының жекелеген баптарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет деген тоқтамға келдi. Комитет заң жобасындағы алты бапқа байланысты он алты ұсынысты орынды деп санап, оларды салыстырмалы кестеге енгiзiп, Сiздердiң назарларыңызға ұсынып отыр», – деді. Оның атап өтуінше, ұсыныстардың бiр тобы заң жобасының 5-бабы 2-тармағындағы бейбiт жиналысты ұйымдастырушының мiндеттерi мен осы баптың 3-тармағындағы бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тыйым салу негiздерiн қамтитын, сонымен бірге 6-баптың 3-тармағындағы бейбiт жиналысқа қатысушының әрекетiне тыйым салу туралы тармақтарға қатысты. «Заң жобасында ұйымдастырушыға бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде бейбiт жиналысқа қатысушылардан өз бетiн бүркемеудi, оның iшiнде бет-әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдаланбауды талап етуге мiндет қылып жүктеген. Сол сияқты, бейбiт жиналысты өткiзу кезiнде ұйымдастырушыға бет-әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Комитет ұйымдастырушыға мiндеттелiп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі кей жағдайда бейбiт жиналысқа қатысушылардың  денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныш құралдарын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін. Осындай негiзбен заң жобасындағы бейбiт жиналысқа қатысушының денсаулығын сақтауға бағытталған жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн толықтыру ұсынылып отыр», – деді сенатор.