Қазақстанда күннің ысуы коронавирустың таралуына қалай әсер етеді? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау Facebook парақшасындағы сұхбат барысында Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева жауап берді.
«Ультракүлгін сәулелер патогенді вирустар мен бактериялардың көбін өлтіреді. Яғни сөзсіз күннің ысуының жағымды әсері мол. Жылы ауа райының өзі де адамдарға жайлы әсер етеді. Адамдар көшеге шығады, таза ауамен демалып, төрт қабырғаға қамалып отырмайды. Есік пен терезе ашылып, бөлме желдетіледі. Мұның бәрі жақсы», - деді Динагүл Баешева.
Маманның айтуынша, бұл ретте басты шарттардың бірі – әлеуметтік қашықтықты сақтау, барынша 1-2 метр аралықта жүру.
«Вирус адамдардың жоғары тыныс алу жолдары арқылы таралатынын түсіну керек. Себебі ол жерге ультракүлгін сәуле жете алмайды. Мәселенің мәнісі осында. Біздің міндет – осы вирустың таралуына жол бермеу», - дейді ол.