Қазақстанда төтенше жағдайда мемлекеттік басқару қалай жүретіні нақтылана түсті. Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен отырыста сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Құжат ел Президентінің биылғы 16 наурыздағы «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатында әзірленді. Мемлекет басшысы қол қойып, заң күшіне енгесін ол жедел шешімдердің қабылдануына жол ашады, сондай-ақ ТЖ кезеңінде мемлекеттік басқару жүйесінің жұмыс істеу тетігін айқындайды. – Заң жобасының мақсаты – төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жедел шараларды қабылдауға мүмкіндік беру. Ол ТЖ уақытында мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмін анықтайды. Бұл үшін «Төтенше жағдай туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі, – деп түсіндірді сенаторларға Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. Заңды қабылдау 14 бағытта, атап айтқанда салық, бюджет, кеден, банк, еңбек, монополияға қарсы заңдарда, сонымен қатар денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік меншік, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында, бұдан бөлек елдің халықаралық міндеттемелерін орындауға қатысты өзгерістер енгізеді. – Төтенше жағдай кезінде қабылданған құқықтық актілер жарамдылық мерзімі толық өткенге дейін әрекет етеді. Тек кейбір актілерге ғана мерзімі бойынша нақты шектеу белгіленуі мүмкін. Бұл түзетулер төтенше жағдай кезінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, – деді министр. Сенат «Кейбір заңнамалық актілерге жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын екі оқылымда қабылдады. – Жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік бақылау құзыреті берілді. Жұмылдыру дайындығына қатысты заң бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қолданылатын жағдайлар анықталып отыр. Кейбір меморгандардың функциялары нақтыланды. Жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті орган сақтандыру қорын құру және жүргізу құзыретіне ие болады. Бұл – қару-жарақ пен әскери техниканың, азаматтық мақсаттағы бұйымдардың, сондай-ақ қаупі жоғары нысандардың, халықтың өмірі үшін маңызды және ұлттық қазына саналатын нысандардың жобалық құжаттамасының сақтандыру қоры болады, – деді бас экономист Руслан Дәленов. Заң Президенттің қол қоюына ұсынылды.
Айхан ШӘРІП