Қылмыс жайлаған бизнес
«Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын Мәжіліс депутаттары әзірге тек бірінші оқылымда құптап отыр. Құжат ары қарай талқыланып, ІІ оқылымға әзірленеді. Толық мақұлданса, Сенатқа жолданады. Жобаны әзірлеген Мәдениет және спорт министрлігі біріншіден, көптеген қазақстандықтың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың арасында «ойынға тәуелділіктің патологиялық көрінісі белең алғанына» алаңдаушылық білдірді. Себебі букмекерлер мен тотализаторлар онлайн режимде де тоқтаусыз бәс тігуге мүмкіндік береді. Екіншіден, кассаларының қызметіне лайықты бақылау жоқтығын, олардың мемлекетке толыққанды есеп бермейтінін пайдаланып, қылмыс әлемі бұл саланы заңсыз ақшаны жылыстату, қысқа уақыт ішінде жоғары табыс алу көзіне айналдырып алды. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің арнайы тобы Бас прокуратурамен тізе қоса отырып, 5 ай бойы операция жүргізеді. Соның арқасында салада 4 трансұлттық, яғни халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Олар букмекер атын жамылып, Қазақстанның 17 қаласында заңсыз ойын бизнесін жолға қойыпты. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық соты қылмыскерлерге әртүрлі жаза мерзімдерін белгіледі. Үшіншіден, мемлекет бұл ұйымдарда қауіпсіздік шаралары сақталмайтынын, тұтынушылар құқығы бұзылатынын, заңды түрде ұтып алған ақшаларын олардың есепшоттан ала алмайтынын әшкереледі. Яғни, бәс тігу арқылы ірі ұтысқа ие болуы мүмкін, бірақ ол ұтысының қызығын көре алмайды. Төртіншіден, жасырын казино, құпия ойын автоматтарының залдары секілді заңсыз ойын мекемелері әдетте, букмекерлік кеңсе (БК) түрінде жұмыс істейтіні анықталды. Бесіншіден, кейбір букмекерлік кеңселер клиенттерін Қазақстанда тыйым салынған шетелдік ресурстарға қосып, солар үшін бәс қабылдаумен айналысқан. Теңгені биткойнге ауыстыратын төлем терминалдарын пайдаланатыны да белгілі болды. Бас прокуратураның мәліметінше, букмекерлік кеңселер мен кассаларға қарақшылық шабуылдар өскен: 2008 жылға дейін мұндай бірде-бір дерек болмаса, 2009 жылы – 1, 2010 жылы – 5, 2016 жылы – 20 шабуыл тіркеліпті. Кейінгі жылдары да мұндай қылмыстар кездесті.– Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды Щучинск пен Қапшағайдағы арнайы аймақтарға ауыстыруды ІІМ басынан бастап қызу қолдады. 2018-2019 жылдары біздің министрлік заңсыз ойын бизнесі фактілері бойынша 221 қылмыстық іс қозғады. Бұл – Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті жүргізген жұмыстарды қоспағанда! 2020 жылдың басынан бері ұқсас фактілер негізінде 22 қылмыстық іс тіркелді. Егер екі айдай уақыт бойы елде төтенше жағдай енгізіліп, карантинге жабылғанын ескерсек, аз уақыт ішінде осынша қылмыстың әшкереленуі аз емес, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров.Оның мәліметінше, соңғы 5 жыл ішінде букмекерлік кеңселер (БК) мен тотализаторларға қарсы 251 қылмыс жасалыпты: соның ішінде оларға 90-нан астам қарақшылық шабуыл, 161 тонау ұйымдастырылды. Қаржы мониторингі комитетінің ақпарынша, тек 2019 жылдың өзінде БК және тотализаторларға қатысты 320 қылмыстық іс қозғалды.
«Психикалық дерт қоздырушы» оқшауланады
Мәдениет және спорт министрлігінің реттеушілік әсерді талдау нәтижелері көрсеткендей, казинолар Алматы және Ақмола облысындағы мамандандырылған аймақтарға көшірілгеннен кейін олардан босаған нарықты букмекерлік кеңселер (БК) мен тотализаторлар жайлап алған. 2007 жылғы қаңтарда казино атаулыны резервацияларда оқшаулаған «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданған тұста букмекерлер елеусіз қалды. Неге? Олар әлдебір спорттық сайыстарға ғана ставка қабылдайтын шағын кеңсе немесе касса түрінде болып келетін және жанкүйерлер қауымынан басқаны көп қызықтырмады. Алайда казинолар жабылғаны сол екен, бұлар жайнап сала берді. Олар біріншіден, жабылған казинолар орнында құрылып, сол маңды айналсоқтап үйренген клиенттерге құшағын ашты. Екіншіден, тек спортпен шектелмей, кез келген оқиғаға бәс қабылдай бастады. Ұлыбритания патшайымының кезекті немересіне қандай есім беріледі? «Тақтар ойыны» телехикаясында қандай кейіпкерлер құрбан болады? «Оскарды» кімдер алады? Еуровидение байқауында кім жеңеді? Тіпті, елордада ертең ауа райы қандай болады? Кез келген тақырыпта бәс тігу мүмкіндігі ойыншылар қатарын еселеп арттырды. Үшіншіден, БК-лар «ақшаңды бізге тік – нәтижесін үйіңде күт» қағидасымен жұмыс істейтін жай кассадан ірі спорттық барға, түнгі клубқа трансформацияланды: клиент үйде отырып шынайы уақыт режимінде бәс тіге алады. Осылайша, қазіргі кезде букмекерлік кеңселердің саны 1 162-ге, тотализаторлар саны 22-ге жетті. Мұның сыртында қаптаған «клиент есепшотын толықтыру және ақша алу бекеті», яғни сансыз касса еліміздің барлық дерлік елді мекенінде әрекет етуде.Қазақстанда 41 компания БК лицензиясына, тағы 11-і – тотализаторлық лицензияға ие. Мәдениет және спорт министрлігі олардың кең өркен жаюы «елдегі жалпы әлеуметтік және мәдени ахуалды нашарлатты және қылмыс деңгейін жоғарылатты, өйткені халықтың үлкен бөлігі құмар ойындарына тәуелді болып кетті» деген байламға келіп отыр. Бұл ретте өткен жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ассамблеясы лудоманияны (ойынқұмарлықты) психикалық сырқат деп таныды.Бұл саладағы лицензиялау ойын бизнесін мемлекеттік реттеу міндетін шешпейтіні анықталды. Сондықтан Мәжіліс депутаттары Үкіметке БК-лар мен тотализаторларды казинолар секілді Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауына және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегіне орналастыру туралы ұсыныс жасады. Тиісінше, өзге елді мекендегі барлық букмекерлік кеңселер тегіс жабылады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова азаматтар денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында биліктің осындай қадамға барғанын айтты.
– Басты міндет – қазақстандықтарды құмар ойындарының қауіпті ықпалынан қорғау. Олар елде әлеуметтік кернеуді өршітуде. Жаңа заң жобасындағы осы норма ойын мекемелерінің қалалар мен ауылдарда бей-берекет таралуына тоқтау салады. Сондай-ақ қылмыстық жағдайға да оң әсер етеді. Құмар ойындарына құныққандар саны тым көбейіп барады. Психологтардың пайымдауынша, тіпті адам мұның кесел екенін түсініп, одан айығуға бел буғанымен, құмарлықты қоздыратын факторлар, яғни әлгі кеңселер алдан шыға берсе, онда ол жан есінен, ерік-жігерінен айырылып, жаман жолға қайта түсіп кетуі мүмкін. Мұндай орындар көп кездесетіндіктен, жастар да қызық көріп бас сұғуы ықтимал, – деді А.Райымқұлова.Үкімет пен Парламент осы «қоздырушы факторды» жоюды көздеп отыр.
Ойынқұмарларға бәс тігуге тыйым салынады
– Букмекерлер мен тотализаторларды Щучинск пен Қапшағайға көшіруді талап еткен депутаттардың бастамасы елге пайдалы және өте көкейкесті деп білеміз. Мәжілістің заң жобасына түзетуі мемлекеттік органдардың келісімін алды және Үкіметтен қолдау тапты, – дейді Мәдениет және спорт министрі. Букмекерлер мен тотализаторлар бизнесінде 1 100 адам қызмет атқарады. Одан 4,4 миллиард теңге салық түседі екен. Егер олар тегіс ойын аймақтарына қоныс аударса, онда ғимарат салу үшін 13 миллиард теңге және құрал-жабдықпен жабдықтауға тағы 6 миллиард теңге инвестиция салуына тура келеді. Дегенмен министрліктің тұжырымы бойынша бизнестің шығыны және салықтың азаюы ойын аймақтарының дамуы мен туристер арқылы өтелуі тиіс. Жаңа заң жобасының бұдан өзге де жаңалығы көп. Мәселен, енді БК-ларға тек спортқа қатысты оқиғаларға бәс қабылдауға рұқсат етіледі. Өзге тақырыптары тыйымға ілікті. Сондай-ақ Бәсті есепке алу орталығы атты құрылым іске кіріседі. Ол Бурабай мен Қапшағайды жерсінбей, ғаламторға көшкен, сонда онлайн ойнар клиент іздеген БК-лар мен тотализаторларды бақылауға алады, есебін жүргізеді, салаға қатысты барлық ақпаратты жинаумен айналысады. Онлайн ставка жасайтын әр қазақстандықтың жеке дерегі де соның қолында сақталады. Министр А.Райымқұлова азаматтарға қатысты дербес деректердің хакерлерден және басқалардан қорғалуы қамтамасыз етілетініне сендірді. Тағы бір жаңалық: бұл «ауруға» ұшыраған адамдар үшін заң жүзінде өзіндік шектеу енгізіледі. Яғни, ол жанның өзі немесе отбасы мүшелері, туыстары өтініш жазса, бұдан былай елдегі бірде-бір БК, тотализатор не казино ол адамнан бәс қабылдамайды.– Заң жобасына ойын бизнесі қатысушысының өзіндік шектеу нормасы енгізілді. Лудоманияға шалдыққан адам қанша уәде берсе де өзін-өзі ұстай алмай, құмар ойынды қайта ойнауы мүмкін. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мұны психикалық сырқат деп бекітті. Адам шектен тыс ойынқұмарлық кесірінен борыш батпағына батып бара жатқанын және бұдан отбасы мүшелері зардап шеккенін түйсініп, өз бетінше өтініш жаза алады. Содан кейін ол бірде-бір казиноға, БК-ға, онлайн ойындарға жіберілмейтін болады, – деді Ақтоты Райымқұлова.Талқылау барысында депутаттар мұны жеткіліксіз деп таныды. Сол себепті лудоманияға ұшыраған адамды сот арқылы шектеу де енгізіліп отыр. Оның үстінен сотқа туыстары шағым түсіре алады. Мемлекет осындай шетін қадамға еріккеннен барып отырған жоқ. Бассыз кеткен букмекерлер елдің есіл-дертін ойын қылып жібере жаздағасын амалсыздан шара қабылданды. Ойынханалардың ойыны осылды деген – осы!
Айхан ШӘРІП