Донор тапшы: халық неден қауіптенеді?
Донор тапшы: халық неден қауіптенеді?
428
оқылды
Мәжілісте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекс жобасы мақұлданды. Жаңа кодекстегі ең өзекті мәселенің бірі – донор. Құжатқа сәйкес адам көзі тірісінде ағзасын беруден бас тартып, оны тіркемесе, дәрі­гер­лер ол адам қайтыс болған соң қажет деп тапса, ағзаны алу­ға құқылы болады.  Алайда депутаттар бұл жобаға ұсыныс ен­гізді. Ол ұсыныс бойынша қайтыс болған адамның туған-туыстарының біреуінен келісім алу міндетті. Бұған дейін Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов ба­с­­пасөз мәс­лихатының бі­рін­­де: «Біздің ел­дің мәдени ерек­ше­лігіне сай, до­норлықтың аз­­­­дығына байланысты проб­­ле­­ма бар. Дәрігерлер транс­п­­­лан­­тацияны жүргізуге қорқады, өйт­­кені туған-туыстары бұған қар­­сы. Тіпті, дәрігерлерді сотпен қу­­да­лау жағдайы да тіркелген. Заң бойынша тірі кезінде адам ағ­засын до­норлыққа беруден бас тартпаса, көп­теген елдегі тә­жірибеге сай, оның донорлыққа келісім бергенін біл­діреді. Десе де, халық ішінде тиіс­т­і түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек екенін ұғып отырмыз» деген еді.  

Трансплантология саласындағы «заңсыздық»

Көпшіліктің қауіптенетіндей жөні бар. Олар бұл салаға сы­бай­­­­­­лас­тық араласып кете ме деп қор­­қады. Әзірге Қазақстан аза­ма­­т­ының ағзасын шетелдіктерге сал­ғаны жайлы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен 2019 жылы елі­міз­­­де екі бірдей дәрігер заң­сыз тран­сп­лантация жасады де­­ген күдікке ілінді. Біреуі – бел­гілі трансплантолог Ғани Құт­тымұратов бол­са, екіншісі – Шымкент қа­ла­­сының №1 кли­ни­калық ауруха­на­сының бас дә­рі­гері Абылай Дон­бай болатын. Екеуі де шетел аза­маттарының ағ­заларын заңсыз ауыс­тыруға қа­тысты деп айыпталған еді. Құт­­­тымұратовтың айыпталуына ук­раиналықтардың қатысы бар се­кілді. Өйткені естеріңізде болса, Ук­раина ұлттық полициясы тө­ра­­ға­сының экс-орынбасары Вячес­лав Аброськин әлеуметтік же­лі­де: «Қазақстанда бірнеше адам тұт­қындалды, олардың бі­рі – дә­рігер-трансплантолог. Өз бүй­рек­­терін сатқан адамның 20-сы – украиналық. Олардың әрқай­сы­­сы өз бүйрегі үшін 10-15 мың дол­лар алған, ал бүйректі сатып алғандар 150 мың доллар төлеген. Бұл іс­тің артында  адам қасіретінен пай­да тауып жүрген халықаралық ұйы­м­­дас­қан қылмыс тұр» деп жаз­ған еді. Ал БАҚ Абылай Донбайдың из­­­­­раильдіктерге қырғыз, тәжік, ук­раин азаматтарының ағзаларын са­лып берді деген күдікке ілінгенін жаз­ды. Дәрігерлерге қатысты мұн­дай ақпараттардың шығуы бұқараны алаңдатқаны сөзсіз. WhatsApp желісі арқылы үндеудің тарауына да  осы ақпараттар сеп болуы мүмкін. Жал­пы, мессенджерлер арқылы та­райтын кейбір деректер елді «адас­тырып» жібереді. Әйтпесе, адам ағзасын сату елімізде ғана емес, әлем­де тыйым салынған іс екені ай­дан-анық. Соған қарамастан бұқара кейбір «арандатушылық» әрекеттерге сеніп қалатыны рас. Тіпті, кейбіреулердің ұғымында ағ­за сататын «қара базар» бар де­ген көзқарас қалыптасқаны да сон­дықтан. Әрине, дәрігерлер бұл пікірлерді барынша жоққа шы­ғарып-ақ келеді. Оған сенетін бұқа­ра­ны көрмей тұрмыз.  

Туыстарының рұқсаты – міндетті

Ұлттық трансплантация орталы­ғы­ның директоры  Жақсылық Дос­қалиевтің айтуынша, «бұрынғы ко­дексте мәйіттің келісімінсіз ағзасын алу­ға рұқсат бар» деп көрсетілген екен. «Қазақстанда донор тапшы. Не­гізі, бізге қайтыс болғандардың де­не мүшесін алған тиімді. Өйткені адамнан жан шыққан соң оған іш­кі ағзаның түкке керегі жоқ. Бұ­рын заң бойынша егер науқас тірі кезінде донор болудан бас тартпаса, дәрігерлер оның жарамды ішкі ағ­заларын алуға құқылы болатын. Ал жаңа кодекс бойынша  адам тірі ке­зінде айтсын-айтпасын, бірақ туыс­қандарынан рұқсат алынуы тиіс деп көрсетілген. Бұрын да туыс­қандарының рұқсаты қажет емес деп айтылғанымен, біз бұған дейін олардың рұқсатын алып кел­дік. Өйткені «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді ғой. Егер ке­лі­сімсіз ағза алынса, туыстары мен ағайындары тарапынан реніш туын­дауы мүмкін. Тіпті, сотқа берген жағ­­­дайлар да кездесті. Сондықтан туыс­тары «ала беріңіз» деп, рұқсат бер­се ғана мәйіттің ағзасы алынады. Рұқ­сат берілмеген жағдайда алуға құ­қығымыз жоқ. Біз – дәрігерміз. Адам жанын арашалап қалуды ғана мақ­сат тұтамыз. Рұқсатсыз донор алып, соттан-сотқа сүйретіліп, ақ­та­лып жүргіміз келмейді. Ол әрі дәрі­гердің уақытын ұрлайды. Қоғам өзі бұған дайын болып, ағайын-туыс өзі келісіп жатса, бізге де жеңіл бо­лады. Сол себепті біз осындай ұсы­ныс жасадық, Мәжіліс соны қа­был­дады», – дейді.      width=  

Донорға мұқтаж жандар көп

«Өмір сыйы» республикалық қо­ғамдық бірлестігінің президенті Сандуғаш Орынбаева әлеуметтік же­лі­дегі парақшасында: «Қазақстанда қай­тыс болған адамның ағзалары еш­қашан шетелдікке салынған емес әрі алдағы уақытта да салын­бай­ды. Трансплантацияға көп адам қатысады: ағзаны алуға рұқ­­­­сат берілген Қазақстандағы ста­­­цио­нарлар, трансплантация бойын­ша республикалық үйлестіру ор­­­­талығы, аймақтардағы үйлес­­­ті­ру­ші­лер, трансплантация орта­лық­тары, қан орталықтары, ли­цен­­зиясы бар көптеген емхана, са­навиация,  мұның бәрі қайтыс бол­ған адам ағзасы донорлығы ар­қылы қазақстандықтарды құт­қару мақсатында қызмет етеді. Қай­тыс болған 1 донор азамат өлім мен өмір шекарасында тұрған 5-6 қазақстандықты құтқаруы мүм­кін» деп жазған еді. Сандуғаш Орын­баева­ның айтуынша, елімізде донор кү­тіп отырған 3 128 науқас бар екен. Олардың кезегі қай уақытта ке­леді. Ол да белгісіз. Олардың үміті ақ­та­ла ма? Әлде, донор күтіп жүріп, уа­қыты өтіп кете ме? Науқасқа бұл да уайым. Заң тұрғысынан тірі кезінде кез кел­ген азамат донор бола алады. Оның жалғыз ғана шарты бар: ағ­заларды беру ерікті және ақысыз болуы тиіс. Донор мен реципиент ара­сында туысқандықтың болмауы ота­дан бас тартуға негіз болмайды. Бө­тен, тіпті танымайтын адамдар ба­с­қа қалада тұратын балаларға кө­мегін ұсынған да жағдайлар кез­десіпті. Бұған заң тыйым салмайды. Тек бір нәрсе ақиқат: донордың дені сау болы тиіс. Ал мәйіттік до­­­норлық мәселесі елімізде 2009 жыл­дан бастап рұқсат етілген. Заң бойынша мемлекет аумағында қай­тыс болған адам тірі кезінде оның ағзаларын алуға тыйым салатын құ­жатты рәсімдемесе, дәрігерлер оның донор болатынын немесе бол­майтынын өздері шешуге құ­қылы еді. Бұған туыс-туғанның қар­сылығы көбейген соң жаңа ко­дексте бұл заңдылық өзгерді. Енді ағайыны, туыс-туғанынан рұқсат алу міндеттелмек.   P.S.  

2019 жылғы дерек бойынша, елі­міз­де 2 397 адам бүйрегін, 295 азамат бауырын, 102 адам жүрегін, 6 адам өкпесін, 1 адам өкпесі мен бауырын ауыстыру үшін кезек күтіп тұр. Жыл сайын елде 300-ден астам операция жасалады екен. Кезек күткен 3 000-ға жуық адамға операция жасау үшін ке­мінде он жыл уақыт керек. Ал олар­дың денсаулығы 10 жыл күтуге жарай ма? Мәселе – осында. Донор болса, тап­шы. Мәйіттік донордың мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. 3 000-ға жуық адамның тағдыры донорға тәуел­ді. Қайтпек керек?

Сіз донор болуға дайынсыз ба?

   

 width=Гүлзина БЕКТАС