Полицияның өз уәжі бар
Оқиғадан кейін бірден мәлімдеме таратқан Павлодар облыстық полиция департаменті текетіреске қатысушыларға байланысты біршама жайдың бетін ашты. Алайда департамент таратқан мәліметтердің тым ресми екені байқалып тұр. Мәлімдемеге қарағанда полицейлер аймақта мал ұрлығын тоқтату үшін және «Металлогамма», NewHantamurNC ЖШС-на тиесілі микросфера аталатын шикізаттар қолды бола бастаған соң Ақжол мен Береке ауылдарына мобильдік бекет қояды. Ал ауыл тұрғындары бекетке барып, стансадан шығатын күлді алуға рұқсат сұрағаны, оған полицейлердің рұқсат бермегені, сөйтіп кикілжің пайда болғаны да мәлімдемеде айтылған. Сондай-ақ «13.05.2020 жылы, сағат 17.00 шамасында мобильді бекетке Береке елді мекенінің 30-ға жуық тұрғыны көлікпен келіп, полицейлердің мүлкін бүлдіріп, өздерін қорқытып-үркіту арқылы аталған жерден кетуді талап етті. Қалыптасқан шиеленісті шешу мақсатында, сондай-ақ оның жалғасуының алдын алу үшін полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындардың бұл әрекетінің жолын арнайы құралдармен және бос патронмен ескерту ретінде аспанға оқ ату арқылы кесті» делінген мәлімдемеде. Алайда мәлімдемеде азаматтарға тым дөрекі мінез көрсетіп жүрген адамның кім екені бастапқыда айтылмаған. Кейбір дереккөздеріне қарағанда, азаматтық киімдегі аталған адам полиция қатарында қызмет атқаратын, шенді тұлға болса керек. Оны облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ельдар Әбдікенов растады. Дегенмен әлеуметтік желі қолданушыларының талабын ескерді ме, сәл кейінірек Павлодар облыстық полиция департаменті біз айтқан полицейдің уақытша қызметтен шеттетілгенін мәлімдеді. Оның әрекетін Ішкі қауіпсіздік басқармасы тергеп-тексеріп жатыр екен. Сонымен қатар Е.Әбдікенов әлеуметтік желіге тараған видеода мәселенің толық көрсетілмегенін айтты. Яғни, әу баста полиция қызметкерлерінің ескерту жасағаны, сонымен қатар оқиғаның соңы тыныш аяқталғаны көрсетілмеген.Жұмыссыздықтың кесірі
Негізі, Павлодардың Ақсу ауданында өндірістен шығатын күл мен қалдықты жинап күн көретіндер, артемий дейтін шаянды теретіндер бұрыннан бар. 2000 жылдардың басында Павлодардағы көлдерден артемий жинау кең етек жайған еді. Кейін микросфера қосылды. Тұрғындар Екібастұздағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 стансаларынан, Ақсудағы стансадан шығатын күлді жинаумен біраздан бері айналысып келеді. Біз «күл» деп отырғанымызбен, өңірдегі бірнеше көлшіктің түбіне тұнатын бұл зат кәдімгі күл емес, сырты тегіс, ұсақ шарлар. Әдетте, олар электрстансаларда тым жоғары температурада көмірді жаққан соң пайда болып, күлмен бірге сыртқа шығарылады. Мұны Қытай тәрізді көрші елдер импорттап, түрлі тауар өндіреді. Яғни, кәдімгідей баға сүйетін дүние. Сондықтан ақсулықтар күл жинауды біраздан бері кәсіп еткен. Алайда «күл жинаудың» төңірегіндегі дау тек биыл басталған жоқ. Былтыр да ақсулықтар мен полицияның арнайы жасағы «сөзге келіп» қалған. Тұрғындар күлді жинап, тиісті жерлерге өткізгісі келеді, ал «микросфера» төгілетін көлдерді иелік етіп алған компаниялар олардың жолын кесу үшін жиі-жиі полицияға арызданады. Әрі мұнда белгілі бір топтардың да өз мүддесі бар екені сезіліп қалады. Айталық, осы жолғы ерегіс полицияның азаматтарды бекеттен өткізбеуінен емес, құзырлы орган қызметкерлерінің пара сұрауынан басталғанын айтып жатқан азаматтар да бар. Мәселен, біз тілдескен Ақсу ауданы Қалқаман ауылының тұрғыны Ардақ Ахметова есімді азамат оқиғаның өз ауылында болғанын, күл жинауға қатысқан азаматтардан полиция қызметкерлері 300 мың теңге пара сұрағанын айтты. Сонымен қатар аты-жөнін атамауды сұраған тағы бір жергілікті тұрғын полиция қызметкерлерінің де күл жинаудан үлес алғысы келетінін, күлді жинайтындардың оларға да белгілі бір «жарна» төлеуге мәжбүр екенін, ауылда жұмыс жоқ болғандықтан мұндай қадамға баратынын айтты. Дегенмен «микросфера» жинаудан түсетін табыстың өңірдегі ресми жалақыдан әлдеқайда көп екенін ескерсек, мұндай кәсіпке дағдыланып алғандар ресми жұмыс іздей қоймайтыны да байқалып тұрады.Мәселе тағы облыс әкіміне жетті
Микросфера дауы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың да құлағына жетсе керек, ол аталған мәселені зерделейтінін айтты. Дәлірек айтқанда, микросфера жинаудың заңдық негізін анықтауға уәде берді. «Мәселені кешенді түрде зерттеп, қандай проблема бар екенін ұғыну керек, бұл нарық қаншалықты оқшауланғанын да білу қажет» деген облыс әкімі оқиғаға нақты баға берілетінін айтты. Дегенмен күл жинаушылар мен полицейлер арасындағы текетіресті өңірдің барлық басшылары білетін еді. Бірақ ешбір әкім бұл түйінді шеше алған жоқ. Мәселен, былтыр облыстың экс-әкімі Болат Бақауов күл жинаумен кемі 600 адам айналысатынын айтқан еді. Төңіректегі елді мекендердің тұрғындары күл жинаумен айналысатынын, олардың салық, әлеуметтік төлемдер, зейнетақы жарнасын төлемейтінін айтқан. Оның үстіне, «микросфераның» химиялық құрамын да тиісті мекемелер білмейтінін, демек оның денсаулыққа әсері де белгісіз екенін айтқан еді. Сөйтіп, ол мәселені Екібастұз стансаларының иесі «Самрұқ-Энерго» АҚ-мен бірлесіп талқылайтынын тілге тиек еткен еді. Бірақ экс-әкімнің өзі қазір өзінің қарақан басымен әуре. Ал күлге таласу ісі сол күйі қалып қойды.Баға факторы да бар
Жалпы, Екібастұз бен Ақсудағы стансалар «микросфераны» ресми түрде сатып келеді. Екібастұздағы ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 жылына 5 мың тонна, Ақсу стансасы да сонша көлемде микросфера сатады. Бірақ стансалар бұл өнімді өздері емес, арнайы фирмаларға жинатқызып алады. Сол себепті мұнда кемі 4 компания күл жинаумен айналысып жүр. Олардың арасында жергілікті тұрғындардың қызметіне жүгінетіндер де, өз қызметкерлерінің күшімен жинайтындар да бар. Айталық, 2018 жылы поляктардың қаржысымен ашылған «ZUMiR Микросфера» ЖШС күлді өздері жинамайды, тек тұрғындардан қабылдап алады. Ал текетірес бағаға қатысты туындайтын тәрізді. Мәселен, былтыр ГРЭС-1-дің «микросфераға» белгілеген бағасы әр тонна үшін 50 мың теңге болды. Бірақ нарықта баға одан әлдеқайда жоғары болды. Оған Қалқаман елді мекенінде орналасқан әлгі «Зумир» компаниясының микросфераның әр келісін 100 теңгеден жоғары бағаға сатып алғаны дәлел. Яғни, бір тонна өнім 100 мың теңгеден асады деген сөз. Биыл да микросфераның бағасы әртүрлі. Кепкен микросфераның кейбір түрінің тоннасы 400 мың теңгеден асады. Нұр-Сұлтанда бұл өнімді 320 мың теңгеден сатып отырған мекемелер бар. Бірақ сатып алу құны сәл төмен. Біз тұрғындардан кеппеген микросфераның әр тоннасын кемі 100-120 мың теңгеден сатып алатын мекемелерді де кездестірдік. Демек, күл жинаушылар мен полицияның текетіресінде баға факторы басты рөл атқаруы мүмкін. Өйткені күл жинаумен айналысуға ресми рұқсаты бар 4 компанияның ұсынған бағасы тұрғындардың көңілінен шықпауы ғажап емес. Ондайда тұрғындар өздері жинаған күлді Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларына жеткізуге тырысады. Сөйтіп, қымбатқа өткізуді көздейді. Бірақ өздеріне «қамқор» болатын полиция қызметкерлеріне «үлес» қалдырып кету әдеті де бар. Бірақ биыл карантин режимінің енгізілуіне байланысты осы «үлестің» құны өсіп кеткен болуы ғажап емес. Әрине, біздікі тек болжам, алайда Павлодардағы жанжалға азды-көпті қатысы бар азаматтардан сұрастыра келе осындай ой түйдік. Бірақ микросфера жинауда «көлеңкелі бизнестің» үлесі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. ТҮЙІН:Негізі, «көлеңкелі бизнес» тамырын жайған салалар біздің елде аз емес. Солардың қатарына осы микросфера, артемий шаяндарын, темір-терсек, шыны, құты жинау тәрізді кәсіптерді қосуға болады. Павлодардағы оқиғаның «сөлі» дөрекі полиция болса, өзге өңірлерде полиция мен «кәсіпкерлердің» ымырасын байқауға болады. Әсіресе, қара және түсті металл жинау мен саудалауда мұндай ымыра жиі кездеседі. Бірақ көп жұрт күдіктеніп, кейде өздері куә болса да «ұсталмаған ұры емес» қағидасы қолбайлау болатыны бар. Дегенмен микросфера дауында полицияның дөрекілігі бірден көзге түсіп қалды. Әрине, оның әрекетін тиісті органдар зерделей жатар. Біз алдағы уақытта полиция қызметкерлерінің әдебі жайлы айтамыз. Өйткені ұрда-жық полицейлер азаймай тұр.
Амангелді ҚҰРМЕТ