Төлеби ауданындағы Қасқасу өзенінде су деңгейінің көтерілуінен 4 үй, 376 аула аумағын су басты. Жергілікті маңызы бар төрт көпірді су шайып кеткен болатын, дегенмен қазір көпірлер қайта жөнделді.
8 бас ірі қара және ұсақ мал шығыны болды. Аудан орталығы Ленгір қаласындағы 20 аула су астында қалды.
№5 кәсіби техникалық колледж базасында зардап шеккен Сұлтан рабат ауылының 150 тұрғынына эвакуациялық пункт ұйымдастырылды. Ол жерге 70 адам жайғастырылды. Оның 32-сі – балалар. Тағы 80 адам жақын маңдағы туыстарының үйіне орналасты. Қосымша Көксәйек елді мекенінде орналасқан №9 көпсалалы колледжінде 150 адамға арналған эвакуациялық пункт дайынды.
Қазығұрт ауданында 13 мамыр күні 19.30 сағат шамасында жауған нөсердің салдарынан бірқатар ауылды су басқан.
Оқиға орнына барған төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері Жігерген ауыл округі бойынша 30 үйдің ауласына су кіріп, 4 қора құлағанын, Алтынтөбе ауыл округі, Қаржан елді мекенінде 2 үй, 1 емхана, 1 дәріхана, 2 қоражайдың ауласына және С.Рақымов ауыл округі Қызылата елді мекенінде 4 үй, 1 мешіттің ауласына су кіргенін анықтады.
С.Рақымов ауыл округіндегі Көкібел су қоймасының (151,0 мың м3) толуына байланысты Көкібел елді мекеніндегі 27 отбасының 133 адамы (оның 45-і балалар) Көкібел мектебіне эвакуацияланып, азық-түлікпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Аталған оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 15 қызметкері 6 техника және 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстарын жүргізуде.
Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынып, келтірілген залал шығындары есептелуде.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 мамыр күні сағат 20.00 шамасында Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ ауылында жауын-шашын салдарынан қырдағы сай-салалардан аққан сумен келген ағаш бұталар Сарыбұлақ арығының көпірін бекітіп қалған. Соның салдарынан су арнасынан тасыған. Көпір астының тазалануымен судың деңгейі төмен түсіп, қалыпты жағдайға келтірілген.
Ал Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекеніндегі жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан. Жалпы, каналдан тасыған су салдарынан 3 елді мекендегі 13 үй ауласын су басты. Төтенше жағдай қызметкерлерінің көмегімен Тұрақты ауылынан 55 адам Ақбастау ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мектебіндегі эвакуациялық пунктте орналастырылды. Оның ішінде 18-і – жас балалар. Түскен мәлімет бойынша 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтылануда.
Сонымен бірге қырдағы сай-салалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласына су кірген. Су айдағыш құрылғылар арқылы су ауладан шығарылуда.
Аталған оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 48 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 23 қызметкері, аудандық полиция бөлімінің 16 қызметкері, 10 техника және 8 мотопомпа жұмылдырылған.
Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы