Төтенше жағдай режимі аяқталып, бірқатар кәсіпорынның жұмыс істеуіне байланысты Алматыда туындаған бір мәселе бар. Ол – карантин басталған кезде балаларды коронавирустан қорғау мақсатында жабылған балабақшалар жайы. Біраз күннен бері ата-анасы жұмысқа кеткенде мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің кіммен, қайда қалатыны, сондай-ақ балабақшалардың іске қосылуы талқыланып жатыр. Бұдан бұрын Алматыда штабтың ерекше өкіміне дейін сақталатын карантин кезінде балабақшалар қалай жұмыс істейтіні жайлы қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеме жасаған.
«Әр балабақшада 50 пайыз ғана бала топталған жағдайда ашуға рұқсат беріледі. Сонда бүкіл балабақшада ауру таралу мүмкіндігі төмендейді. Балабақшаларға дезинфекциялық санитарлық талаптарды күшейтіп жатырмыз. Әр балабақша 15 минут-1 сағат ішінде желдетілуі тиіс. Ойыншықтарды, есік тұтқаларын 2 рет зарарсыздандыру талап етіледі. Балаларға жұмсақ ойыншықтарды беруге тыйым салынады. Балалардың жатын орындарында әр төсектің арасы 1 метр болуы керек», – деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ ол тәрбиешілер мен қызметкерлерден міндетті түрде қолғап киіп, бетперде тағу талап етілетінін айтты. Ауруды жұқтыру қаупі жоғары жүкті әйелдер мен қарт адамдарға балаларды балабақшаға әкелуге рұқсат берілмейді.
«Бұл үшін әр ауданда балабақшаларды қабылдаушы арнайы топтар құрылады. Топқа білім бөлімінің қызметкерлері, аудандық санитарлық мекеме қызметкерлері кіреді. Олар бірлесіп барлық бақшаны қарап шығады. Тексеру барысында заңбұзушылықтар тіркелсе, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті, балабақша жабылады», – деді бас санитар.
Бекшин мырзаның осы мәлімдемесінен кейін қалада екіұдай пікір қалыптасты. Бірі – «Балаларды үйде ұстап отырмай, тәуекелге бел буып балабақшаға беру керек» деген пікірді қолдаса, екіншілері «Бұл – қауіпті, балаларымыздың денсаулығы, өмірі біз үшін бәрінен де маңызды. Сол себепті мұндай тәуекелге бара алмаймыз» деген пікірін білдірді.
Көпшіліктің пікірімен санасты ма, әлде әлі де болса қауіптің сейілуін күте тұру керек деген шешімге келді ме, Жандарбек Бекшин бұрнағы күні «Қалада коронавирустың күнделікті өсімі 2 пайызға төмендеген жоқ. Сондықтан балабақшаларды ашуға асықпаймыз» деген ойын ашып айтты. Ол өз кезегінде қазіргі таңда балабақшаларда кезекші топтар ашу жайы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. Анығы – бұл мәселе әлі нақты шешілген жоқ. Балабақшаларды ашу жайы әзірге бас санитарлық дәрігердің қаулысына енгізілмеген. Өйткені мектепке дейінгі мекеме – ауру тез таралатын жер. Онда балалардың болуы жағдайды тіптен ушықтырады. Сондықтан қаланың бас санитары әзірге шешім қабылдауға асықпаған абзал екенін ескертті.
Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы біртіндеп жанданған күннің өзінде бұл салада түйіні тарқатылмаған бірқатар мәселе бар. Елімізде балабақшаның біразы жекеменшік. балалардың толық келмеуі жеке кәсіпкерлердің құзырындағы бақшалар ғимарат ақысын, қызметкерлердің еңбек төлемін, коммуналдық төлемдерді төлеу мен басқа да шығындарды жабуда қиындық тудыруы мүмкін. Ғимарат қожайыны ақыны толық не жартылай төлеуге мәжбүрлесе, балабақша шығынын жабу оңай болмасы анық.
Білім және ғылым министрлігінің хабарламасына қарағанда, COVID-19 инфекциясын жұқтыру деңгейі жеті күн бойы 7 пайыздан аспаса, санитарлық қауіпсіздікті сақтай отырып мектепке дейінгі мекемелерді іске қосуға болады. Министрлік балабақшаларды іске қосудың алгоритмін жасап, аймақтық білім басқармаларына жолдаған. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қай кезде жұмысын бастайтынын жергілікті білім басқармасы мен бөлімшелері шешеді. Балабақша меңгерушісі балалар мен қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне жауапты. Егер балабақшалар жұмысын бастаған жағдайда бірінші кезекте жұмыс істейтін және баласын үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ ата-аналардың балалары қабылданады. Қалған балалар ата-аналарының қалауы бойынша балабақшаға тартылады.
– Бұл – қажеттіліктен туындап отырған жағдай. Балабақшаларды кезең-кезеңмен іске қосу қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда балабақшалар санитарлық нормаларға сай дайындалуда. Топта расымен де бала саны көп болмауына, олардың шоғырланып ойнауына мүмкіндік бермеу керек. Балабақшаларда күнделікті дезинфекция жасалуы тиіс. Балалардың ыстығын өлшеп қабылдап алып, күні бойы қадағалап отыру қажет. Балабақшалардың іске қосылуының бір ұтымды тұсы – бүлдіршіндер үнемі дәрігерлердің бақылауында болады. «Егер бала 3 күн балабақшаға бармай қалса, жергілікті педиатрдан анықтама алып келуі керек» деген талап бар екен. Көпшілікті алаңдатып отырған осы мәселе. Осы жерде «Баланы емханаға апарып анықтама алу қауіпті емес пе?» деген сұрақ туындап тұр. Дәрігер ретінде айтар болсам, бұл мәселе соншалықты қауіпті емес. Қазіргі таңда емханаларда анықтама алудың еш қиындығы жоқ. Өйткені медицина мекемелері қатаң режиммен жұмыс істеп жатыр. Науқастар емханаға алдын ала жазылу арқылы келетіндіктен, мұнда топырлап, кезек күтіп тұрған адам көрмейсіз. Сондықтан бала денсаулығына қауіп төнеді деп алаңдауға негіз жоқ. Балабақшаларды іске қосу сол аймақтағы эпидемиялық ахуалға тікелей байланысты. Егер сол ауданның эпидемиялық ахуалы қалыпты болса, онда балабақшаларды іске қоса беруге болады деп ойлаймын, – дейді «Асыл арман» дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі, балалар дәрігері Клара Нақыпова.
Балабақшалардың іске қосылуы мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түсері даусыз. Сол үшін ата-аналар да балабақшаға келу, кету кезінде, үйдегі демалыс күндерінде тазалық пен тәртіпті сақтаса құба-құп. Өйткені жауапкершілік тек балабақша қызметкерлеріне ғана артылып қоймауы керек. Әлдеқандай жағдай бола қалса, тек балабақша ғана жауапты болмай, ата-ананың да талапты орындауы жоғары деңгейде тексерілгені абзал.
– Қазіргі таңда балабақша жұмысының іске қосылуын ата-ана мен балабақша қызметкерлері тағатсыздана күтіп отыр. Дегенмен баланың денсаулығы мен өмірі – ең басты құндылық. Осы жағынан қарағанда жергілікті мекемелерден рұқсат келгенде, балабақша толық санитарлық талаптарға сай келсе, ашуға болады. Алайда балабақшада кезекші топта 20 баладан аспауы тиіс делініп отыр. Бірақ әр балабақшаның жоба қуаттылығы әртүрлі. Соны ескерсек, бұл өте қисынсыз. Бір айта кетерлігі, кез келген мекеме мен балабақшаны салыстырсақ, балабақшада санитарлық жұмыстар өте жоғары деңгейде жүреді. Бүгінде ата-анасы жұмысқа шыққан немесе үйдегі балалар ешбір талаптарды сақтамай, далада ойнап жүр. Оған қарағанда баланың балабақшада болуы қауіпсіз деп ойлаймын. Біз медбикелеріміз бен оқуға ынтасы бар қызметкерлерді «Алғашқы көмек көрсету» курстарынан өткізуді жоспарлап отырмыз. Ата-ана, бала, балабақша үштігі тазалық жұмыстары мен төтенше жағдайдағы талаптарды толық орындасақ, балабақша өз жұмысын қайта бастағаны өте дұрыс, – дейді «Асыл-Айым» балабақшасының меңгерушісі Индира Дәулетқызы.
Төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин күшін жойған жоқ. Сондықтан барлық жерде санитарлық талаптарды қатаң сақтау әлі де басты назарда. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин барлық балабақшаға бактерицидті лампа, ауа тазалайтын рецеркулятор орнатуға кеңес берді. Қалай дегенде де әлі босаңсуға негіз жоқ