Темекі қымбаттады
Темекі қымбаттады
289
оқылды
Қазақстанда темекі өнімдері қымбаттады. 2020 жылдың сәуір айында баға 0,7%-ға өссе, бір жыл ішіндегі көрсеткіш – 12%. Өңірлер бойынша Шығыс Қазақстан облысында (3,2%), Павлодар облысында (2,5%) және Жамбыл облысында (2,1%) айтарлықтай жоғары баға тіркелді, – деп хабарлайды Ranking.kz. Елімізде биылғы сәуір айында фильтрлі темекінің бір қорабы­ның құны 465 теңгені құрады. Бұл былтырғы сәуір айындағы баға­дан 2,7%-ға жоғары. Әсіресе, Се­мей қаласында темекі айтар­лық­тай қымбаттап, 478 теңгеге жетті. Павлодарда – 454 теңгеге (2,7%) және Таразда 471 теңгеге (2,4%) көтерілген. Сондай-ақ сәуір айында фильтр­лі темекінің жоғары құны Қостанайда (490 теңге), Ақтөбеде (488 теңге) және Нұр-Сұлтанда (485 теңге) тіркеліп, арзан баға Петропавл (439 теңге), Қызыл­ор­дада (444 теңге) және Алматыда (447 теңге) белгіленді. Айта кете­йік, 13 мамыр күні Парламент Мәжілісінің отырысында депу­таттар елімізде темекіні 21 жасқа толмағандарға сатуға болмай­тыны туралы заң жобасын мақұл­дады. Заң жобасының бірінші оқылымы 4 наурызда қаралған болатын. «Қоғам мен депутаттар арасында қызу талқыланғаны – темекі тартуға қатысты профи­лак­тикалық әрі шектеу мәселе­лері бойынша нормалар болды. Депутаттардың түзетулерімен те­мекі сатып алу үшін жас аралы­ғы шектеуі 18-ден 21 жасқа дейін жоғарылады», – деді депутат Зәу­реш Аманжолова. Оған қоса, темекі және темекі бұйымдарын сату жөніндегі заң талаптарын бұзғандарға әкімші­лік айыппұл мөлшері 30-50%-ға ұлғайтылды. Депутат З.Аманжо­лованың айтуынша, автокөлікте балалар болған кезде темекі тарт­қандар үшін 10-нан 20 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін айып­пұл көзделген. Халықаралық зерт­теулер жыл сайын Қазақ­стан­да темекінің кесірінен бола­тын аурулардан 23 мыңдай адам қайтыс болатынын айтады. 2019 жылы 7 айында Қазақ­станда 8,1 млрд үштік темекі өнім­дері өндіріліпті. Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жыл­дың қаңтар-маусым айла­рында еліміз 117,1 млн долларға табак өнімдерін импорттаған. Ал дәл осы кезеңде экспорт 54,7 млн долларды құраған. Бізге келетін темекі импортының 90%-ы Ре­сейге тиесілі, қалған көлем Өз­бек­станнан, Украина мен АҚШ-тан және Бразилиядан жеткі­зіледі. Ал өзімізде өндірілетін темекі өнімдерін Қырғыз Респуб­ликасына, Моңғолияға, Въетнам мен Тәжікстанға экспорттай­мыз. Алматы облысында орна­лас­­қан екі ірі темекі өндіруші ком­пания – «Филип Моррис Қазақстан» және «Джей Ти Ай Қазақстан» 2018 жылы бюджетке 159,4 млрд теңге түсім түсіріпті.  

Б.БАЗАР