Үшаралға ұшақ қатынасы басталды
Үшаралға ұшақ қатынасы басталды
255
оқылды
Биыл жазда қа­зақ­стан­дықтар шетелге саяхаттауын барынша азайтып, еңбек дема­лыстарын өз еліміздегі көрікті жерлерде, су ай­дын­дарында өткізеді деген болжам айтылу­да. Сон­дықтан да биыл Жетісу жеріндегі турис­тік нысандар жазға дұрыстап дайын­далуда. Осы саладағылар былтыр Алакөлді таң­дағандар қатары биыл еселеп артуы мүмкін еке­нін жоққа шығармайды. Бірақ Талдықорған – Өс­кемен трассасының әлі аяқталмағаны алаңдатып отырғаны да рас. Сондықтан туристер Алакөл ауданының орталығы Үшаралға әуе рейсінің ашылар күнін асыға күткен. Міне, сол күн де келіп жетті. «Же­тісу» әуекомпаниясы» АҚ кес­­тесіне сәйкес сәрсенбінің сә­тінде Талдықорған – Үшарал – Тал­дықорған бағытындағы ұшу рей­сі­нің маусымы басталды. Алғашқы рейсте Л-410 УВП-Е20 ұшағымен сапарға аттанған жолаушылар Алакөл ау­данына қарасты «Үшарал» әуе­жайына ешбір кедергісіз жетті. Төтенше жағдай аяқ­тал­ға­­нымен, облыста сақталып отыр­­­ған карантин тәртібіне бай­­­л­анысты әуежайда санитар­лық талаптар, бетперде ре­жимі қатаң сақталған. Бар­лық қауіпсіздік шаралары ұйым­дастырылған. Алакөл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері Талдықорғаннан ұшып келген жолаушылардың дене қызуын арнайы құрыл­ғымен өлшеп, арнайы сауалнама толтырды. Талдықорғанға қайт­қандарға қойылатын талаптар да осындай. Қазіргі кезде Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағы­тындағы ұшақтар күн сайын екі мәрте қатынайды. Билет құны – 8 000 теңге. Ал Нұр-Сұлтан – Үшарал – Нұр-Сұлтан және Алматы – Үшарал – Алматы бағыт­тарындағы әуе рейстері 20 мамырдан басталады. Со­нымен бірге жылдағыдай пойыз қаты­насы да іске қосылады.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы