Биыл жазда қазақстандықтар шетелге саяхаттауын барынша азайтып, еңбек демалыстарын өз еліміздегі көрікті жерлерде, су айдындарында өткізеді деген болжам айтылуда. Сондықтан да биыл Жетісу жеріндегі туристік нысандар жазға дұрыстап дайындалуда. Осы саладағылар былтыр Алакөлді таңдағандар қатары биыл еселеп артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ Талдықорған – Өскемен трассасының әлі аяқталмағаны алаңдатып отырғаны да рас. Сондықтан туристер Алакөл ауданының орталығы Үшаралға әуе рейсінің ашылар күнін асыға күткен.
Міне, сол күн де келіп жетті. «Жетісу» әуекомпаниясы» АҚ кестесіне сәйкес сәрсенбінің сәтінде Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағытындағы ұшу рейсінің маусымы басталды.
Алғашқы рейсте Л-410 УВП-Е20 ұшағымен сапарға аттанған жолаушылар Алакөл ауданына қарасты «Үшарал» әуежайына ешбір кедергісіз жетті.
Төтенше жағдай аяқталғанымен, облыста сақталып отырған карантин тәртібіне байланысты әуежайда санитарлық талаптар, бетперде режимі қатаң сақталған. Барлық қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылған. Алакөл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері Талдықорғаннан ұшып келген жолаушылардың дене қызуын арнайы құрылғымен өлшеп, арнайы сауалнама толтырды. Талдықорғанға қайтқандарға қойылатын талаптар да осындай.
Қазіргі кезде Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағытындағы ұшақтар күн сайын екі мәрте қатынайды. Билет құны – 8 000 теңге. Ал Нұр-Сұлтан – Үшарал – Нұр-Сұлтан және Алматы – Үшарал – Алматы бағыттарындағы әуе рейстері 20 мамырдан басталады. Сонымен бірге жылдағыдай пойыз қатынасы да іске қосылады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы