Мұнай горизонты табылды
Мұнай горизонты табылды
фото: интернет
314
оқылды
Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның мұнайшылары 3252-3265 метр тереңдіктен мұнай горизонтын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кәсіпорынның қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, ресурстық базаны ұлғайту жұмыстары жалғастырылып жатыр. Соның нәтижесінде С.Нұржанов кен орнының солтүстік-батыс бөлігінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу барысында табысты нәтижелерге қол жеткізілген. «Байырғы кен орындарын игеретін компанияның басым міндеттерінің бірі –ресурстық базаны ұлғайту. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде С.Нұржанов кен орнындағы бұрғыланбаған бөлігінің триас шөгінділерінде 3252-3265 метр тереңдікте жаңа өнімді горизонт анықталды. НСВ-11 бағалау ұңғымасын бұрғылау қорытындысымен 9 мм штуцерде тәулігіне 165 текше метр дебитпен сусыз мұнай бұрқағы алынды. Мұндағы мұнайдың үлес салмағы – 0,836 г/см3, ал, газ факторы – 105 м3/м3. Қазіргі уақытта мұнда ұңғыма жұмысының оңтайлы режимін анықтау мақсатында кәсіпшілік-геологиялық және гидродинамикалық зерттеулер кешенін жүргізу арқылы сынақ жалғасуда» - дейді «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Есен Қайыржан. Былтыр ҚР Пайдалы қазбалар корлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы қолданыстағы С.Нұржанов, Кенбай (Шығыс Молдабек учаскесі), Досмұхамбетов, Ботахан және қайта ашылған Батыс Қарасор кен орындарында 14,8 млн. тонна көлеміндегі қорды балансқа алып, бекіткен еді. Соның нәтижесінде «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарындағы мұнайдың алынатын қоры 86,2 млн. тоннаны құраған.