Ауыл туралы тозып барады, халқы қалаға босып жатыр, жұмыс жоқ деген әңгіме, шынын айтқанда, жауыр болды. Әрине, қараусыз қалған ауыл жоқ емес, сонымен бірге, тұрмыс-тіршілігі қаладан бір мысқал кем емес елдімекендер барын да ұмытпаған жөн. Ондай ауылдарда газ бен таза ауызсу мәселесі атымен жоқ, жолы тақтайдай тегіс, мектебі алыстан менмұндалап тұрады. Шіркін, барлық ауылдың жағдайы сондай болса дейміз. Үміт те жоқ емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасы үміт отын жаға бастағандай.
Ауыл халқының үлесі
38 пайызға төмендейді
Айта кетсек, Елбасы 2018 жылдың 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталған жолдауында ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске қосуды тапсырған болатын. Әрине, бұл жобаға дейін де ауылдарды дамытуды көздеген жобалар мен бағдарламалар болған, сонау ілгеріректе «Ауыл жылы» да жарияланған. Ол бастамалардың қандай нәтиже бергеніне дәлел болар дәйек жоқ. Ал жаңа жоба бізге не береді? Бүгін сол туралы сөз қозғаймыз.
Ұлттық экономика министрлігің дерегіне сүйенсек, әлеуметтік-экономикалық даму мониторингінің қорытындысы бойынша, елімізде 6 мыңнан астам елдімекен бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 94 ауылдық елдімекен «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңына сәйкес болашағы жоқ ауыл деп танылған. Аталған заңға сәйкес, халық саны 50 адамнан кем елдімекендер таратылады. Ондай елдімекендер әкімшілік немесе аумақтық жағынан басқа елдімекендерге қосылады.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 -2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, бағдарламаға қатысушыларды экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға, яғни экономикалық өсу нүктелеріне көшіру көзделген. Бұл ретте, көш мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен немесе жұмыс берушілер есебінен қамтамасыз етіледі. Облысішілік қоныс аудару жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Ал оңтүстіктен солтүстікке көшіру аясында іс-шаралар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысовтың кезекті баспасөз мәслихатында 2025 жылға қарай еліміздегі халық саны 20 млн адамға жететінін, соның ішінде ауыл халқының үлесі 42 пайыздан 38-ге дейін төмендейтінін айтқаны бар. Бірақ ауыл халқының саны іс жүзінде бүгінгідей, 7,6 млн деңгейінде қалады. Демек, демографиялық өсім қалаларда болады. Ауыл демографиясы қарқын алған күннің өзінде оны урбанизация «жеп» қоюы мүмкін.
Тірек ауылдардың
дәуірі туады
Олай болса, жыл санап жойылып бара жатқан ауылдардың халқына мемлекет тарапынан қандай қолдау немесе көмек көрсетіледі?
Ұлттық экономика вице-министрі әр өңірдің арнайы жоспары барын айтады.
«Әрине, жойылып бара жатқан ауылдарда қалған халықтың ең негізгі мәселесі – тұрғын үй. Облыстардағы арнайы жоспарда жойылып жатқан ауылдардың халқын ауылдық округ орталығына немесе аудан орталығына көшіру көзделген. Бізде, бұл ретте, солтүстік облыстарда проблема бар. Жергілікті әкімдіктер жоспар аясында жұмыс істеп жатыр. Осы көшіру мәселесін мемлекеттік бағдарламаға, жергілікті даму бағдарламасына кіргіземіз деп отырмыз», – дейді Ермек Алпысов.
«Әрбір саланың стандарты бар. Мысалы, егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылда бастауыш мектеп жабылады. Сол себепті, дамымай отырған ауылдарда әлеуметтік нысандарды салудың қажеті жоқ. Ол жерге 200-300 млн теңге тұратын су жүйелерін тартуға мүмкіндік жоқ», – дейді вице-министр. Оның пікірінше, негізінен аймақтарда ауылдар басқа іргелі ауылдарға қосылу жолымен жойылып жатыр.
Оның айтуынша, кей адамдар ондай ауылдардан көшкісі келмейді. Себебі, өзінің малы, жері мен жағдайы бар. Көшкенде де көбі қалаға орналасқысы келеді. Бірақ бәрінде ондай мүмкіндік жоқ. Осы себепті, маңайындағы шағынауылдарға сүйеу бола алатын тірек ауылдарды айқындау керек.
Қазір Қазақстанда 6,5 мың елдімекен бар. Оның ішінде 3,5 мың ауылдың халық саны 500 адамнан аз екен. Ал халқы 500-ге тарта ауылдың халық саны 50 адамнан төмен.
«Әрбір саланың стандарты бар. Мысалы, егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылда бастауыш мектеп жабылады. Сол себепті, дамымай отырған ауылдарда әлеуметтік нысандарды салудың қажеті жоқ. Ол жерге 200-300 млн теңге тұратын су жүйелерін тартуға мүмкіндік жоқ», – дейді вице-министр. Оның пікірінше, негізінен аймақтарда ауылдар басқа іргелі ауылдарға қосылу жолымен жойылып жатыр.
«Халық саны аз кей ауылдардың балалары басқа ауылдағы мектептерге барып оқиды. Кей өңірлерде жаңадан интернаттар ашылған. Өмірдің талабы бұл. Егер дамымайтын болса, ол ауылдар ақырындап жабылады. Қазіргі уақытта елімізде 100-ден астам ауылдық елдімекеннің құру қаупі бар. Ол жерде әлеуметтік нысандар – мектептер мен фельдшерлік пункттер жабылуы мүмкін. Кейбір жерде мектептер жабылып қалды. Бірақ ол ауылдарда халық әлі тұрып жатыр. Ол жерге жергілікті әкімдіктер арқылы балаларға жағдай жасалған. Ауыл әкімдіктеріне тасымалдау көлігіне қаражат бөлу қарастырылған», – дейді Е.Алпысов.
Инфрақұрылымды дамыту бизнеске жүктеледі
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде биыл 52 аудан орталығы жаңғыртылады. Бұл 700 мың ауыл тұрғынының өмірін өзгертуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 450-ге тарта шараны іске асыру қарастырылған. Оның 229-ы көлік инфрақұрылымына, 153-і әлеуметтік инфрақұрылымға және 66-сы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тиесілі.
«Жобаның негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауыл-аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға жеткізу. Жоба шеңберінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұтастай алғанда, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бірқатар міндет шешіледі. Тұтас алғанда, жобаны іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылып, оның ішінде, 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінді», – дейді Е.Алпысов.
Оның дерегіне сүйенсек, 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысаны жөндеуден өткізіледі, 12 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 12 абаттандыру жобасы іске асырыла. Сондай-ақ 516 шақырым жол, 35 шақырым сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электрмен жабдықтау (жарықтандыру), 136 шақырым газбен жабдықтау, 20 шақырым және 7 жылумен жабдықтау нысаны жөнделіп, салынады. Бұл өз кезегінде 5 мыңға тарта жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді.
Ауыл инфрақұрылымдарын жаңғыртуға аумақтардағы жүйеқұраушы ірі кәсіпорындардың бюджеттен тыс қаражаттары тартылады. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асады. Мұндай тәжірибе бұған дейін де болған. Мәселен, мұндай жобалар меценаттар мен демеушілердің қолдауымен Алматы облысының Жыланды ауылында, Ақмола облысының Родина ауылында, Солтүстік Қазақстан облысының Новоникольское ауылында, Қызылорда облысының Нағи Ілиясов ауылында және басқа ауылдарда іске асырылған.
Жобаны тиімді іске асыру үшін Үкімет деңгейінде Жобалық офис жұмыс істейді. Осындай өңірлік офистер әкімдердің басшылығымен облыстарда да құрылғанын айтап өту керек. Ал, жалпы, «Ауыл – ел бесігі» жобасын жоғарыдан үйлестіретін орган Ұлттық экономика министрлігі болып отыр. Демек, кейін жобаның сұрауы осы министрліктен болады.