«Ауыл – ел бесігі» қандай жоба?
«Ауыл – ел бесігі» қандай жоба?
347
оқылды

Ауыл туралы тозып барады, халқы қалаға босып жатыр, жұмыс жоқ деген әңгіме, шынын айтқанда, жауыр болды. Әрине, қараусыз қалған ауыл жоқ емес, сонымен бірге, тұрмыс-тіршілігі қаладан бір мысқал кем емес елдімекендер барын да ұмытпаған жөн. Ондай ауылдарда газ бен таза ауызсу мәселесі атымен жоқ, жолы тақтайдай тегіс, мектебі алыстан менмұндалап тұрады. Шіркін, барлық ауылдың жағдайы сондай болса дейміз. Үміт те жоқ емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасы үміт отын жаға бастағандай.

Ауыл халқының үлесі
38 пайызға төмендейді

Айта кетсек, Елбасы 2018 жыл­дың 5 қазандағы «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын артты­ру» деп аталған жолдауында ауыл­дық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске қосуды тапсырған болатын. Әрине, бұл жобаға дейін де ауылдарды дамы­туды көздеген жобалар мен бағдарламалар болған, сонау ілгеріректе «Ауыл жылы» да жария­ланған. Ол бастамалардың қандай нәтиже бергеніне дәлел болар дәйек жоқ. Ал жаңа жоба бізге не береді? Бүгін сол туралы сөз қозғаймыз.

Ұлттық экономика министр­лігің дерегіне сүйенсек, әлеу­меттік-экономикалық даму мони­то­рин­гінің қорытындысы бойын­ша, елімізде 6 мыңнан астам елді­мекен бар. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша,   94 ауыл­дық елдімекен «Әкімшілік-аумақ­тық құрылысы туралы» заңына сәйкес болашағы жоқ ауыл деп танылған. Аталған   заңға   сәйкес, халық саны 50 адамнан кем елді­мекендер таратылады. Ондай елді­мекендер әкімшілік немесе аумақ­тық жағынан басқа елді­мекендерге қосылады.


Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017 -2021 жылдарға арнал­ған «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасына сәйкес, бағдарламаға қатысушыларды экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға, яғни экономикалық өсу нүктелеріне көшіру көзделген. Бұл ретте, көш мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен немесе жұмыс берушілер есебінен қамта­масыз етіледі. Облысішілік қоныс аудару жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Ал оңтүстіктен солтүстікке көшіру аясында іс-шаралар республикалық бюджет­тен қаржыландырылады.

Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысовтың кезекті баспасөз мәслихатында 2025 жылға қарай еліміздегі халық саны 20 млн адамға жететінін, соның ішінде ауыл халқының үлесі 42 пайыздан 38-ге дейін төмен­дейтінін айтқаны бар. Бірақ ауыл халқының саны іс жүзінде бүгін­гідей, 7,6 млн деңгейінде қала­ды. Демек, демографиялық өсім қалаларда болады. Ауыл демо­графиясы қарқын алған күннің өзінде оны урбанизация «жеп» қоюы мүмкін.

Тірек ауылдардың 
дәуірі туады

Олай болса, жыл санап жойы­лып бара жатқан ауылдардың хал­қына мемлекет тарапынан қан­дай қолдау немесе көмек көрсетіледі?

Ұлттық экономика вице-министр­і әр өңірдің арнайы жоспары барын айтады.

«Әрине, жойылып бара жатқан ауылдарда қалған халықтың ең негізгі мәселесі – тұрғын үй. Облыс­тардағы арнайы жоспарда жойылып жатқан   ауылдардың халқын ауылдық округ орталығына немесе аудан орталығына көшіру көзделген. Бізде, бұл ретте,   сол­түстік облыстарда проблема бар. Жергілікті әкімдіктер жоспар аясында жұмыс істеп жатыр. Осы көшіру мәселесін мемлекеттік бағдарламаға, жергілікті даму бағдарламасына кіргіземіз деп отырмыз», – дейді Ермек Алпысов.

   «Әрбір саланың стандарты бар. Мысалы, егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылда бастауыш мектеп жабыла­ды. Сол себепті, дамымай отырған ауылдарда әлеу­меттік нысандарды салудың қажеті жоқ.  Ол жерге 200-300 млн теңге тұра­тын су жүйелерін тартуға мүм­кіндік жоқ», – дейді вице-министр.  Оның пікірінше,  негізінен аймақ­тарда ауыл­дар басқа іргелі ауыл­дарға қосылу жолымен жойылып жатыр. 


Оның айтуынша, кей адамдар ондай ауылдардан көшкісі кел­мейді. Себебі, өзінің малы, жері мен жағдайы бар. Көшкенде де көбі қалаға орналасқысы келеді. Бірақ бәрінде ондай мүмкіндік жоқ. Осы себепті, маңайындағы ша­ғынауылдарға сүйеу бола ала­тын тірек ауылдарды айқындау керек. 

Қазір Қазақстанда 6,5 мың елдімекен бар. Оның ішін­де 3,5 мың ауылдың халық саны 500 адамнан аз екен. Ал хал­қы 500-ге тарта ауылдың халық саны 50 адамнан төмен.

«Әрбір саланың стандарты бар. Мысалы, егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылда бастауыш мектеп жабылады. Сол себепті, дамымай отырған ауылдарда әлеу­меттік нысандарды салудың қажеті жоқ. Ол жерге 200-300 млн теңге тұра­тын су жүйелерін тартуға мүм­кіндік жоқ», – дейді вице-министр. Оның пікірінше, негізінен аймақ­тарда ауылдар басқа іргелі ауыл­дарға қосылу жолымен жойылып жатыр.

«Халық саны аз кей ауылдардың балалары басқа ауылдағы мектеп­терге барып оқиды. Кей өңірлерде жаңадан интернаттар ашылған. Өмірдің талабы бұл. Егер дамы­май­тын болса, ол ауылдар ақырын­дап жабылады. Қазіргі уақытта елімізде 100-ден астам ауылдық елдімекеннің құру қаупі бар. Ол жерде әлеуметтік нысандар – мектептер мен фельдшерлік пункт­­тер жабылуы мүмкін. Кейбір жер­де мектептер жабылып қалды. Бірақ ол ауылдарда халық әлі тұрып жатыр. Ол жерге жергілікті әкім­­діктер арқылы балаларға жағдай жасалған. Ауыл әкім­дік­теріне тасымалдау көлігіне қаражат бөлу қарастырылған», – дейді Е.Алпысов.

 

Инфрақұрылымды дамыту бизнеске жүктеледі

Ұлттық экономика министрлі­гі­нің мәліметіне сүйенсек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шең­бе­рін­де биыл 52 аудан орталығы жаң­ғыр­ты­­лады. Бұл   700 мың ауыл тұрғы­ны­ның өмірін өзгертуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 450-ге тарта шараны іске асыру қарастырылған. Оның 229-ы көлік инфрақұрылы­мына, 153-і әлеумет­тік инфрақұры­лымға және 66-сы тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығына тиесілі.

«Жобаның негізгі мақсаты – ауыл­дағы өмір сүру сапасын жақ­сарту, ауыл-аумақтардың әлеу­меттік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға жеткізу. Жоба шеңберінде ауылдық ау­мақтардың әлеуметтік және инже­нерлік инфрақұрылымын дамы­ту, ауыл тұрғындарының әлеу­меттік игіліктер мен мем­лекеттік қызмет­терге қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұтастай алғанда, ауыл тұрғын­дары­ның өмір сүру сапасын жақ­сарту жөніндегі бірқатар мін­дет шешіледі. Тұтас алғанда, жобаны іске асыруға 2019-2021 жылдары рес­публикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылып, оның ішінде, 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінді», – дейді Е.Алпысов.

Оның дерегіне сүйенсек, 73 мек­теп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысаны жөндеуден өткізіледі, 12 дене­шы­нықтыру-сауықтыру кешені салы­нып, 12 абаттандыру жобасы іске асырыла. Сондай-ақ 516 шақырым жол, 35 шақырым сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электрмен жабдықтау (жарықтандыру), 136 ша­қырым газбен жабдықтау, 20 шақырым және 7 жылумен жаб­дық­тау нысаны жөнделіп, салы­нады. Бұл өз кезегінде 5 мыңға тарта жұ­­мыс орнын ашуға септігін тигізе­ді.

Ауыл инфрақұрылымдарын жаңғыртуға аумақтардағы жүйе­құрау­шы ірі кәсіпорындардың бюд­жеттен тыс қаражаттары тарты­лады. Бұл бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асады. Мұндай тәжірибе бұған дейін де болған. Мәселен, мұндай жобалар меценаттар мен демеушілердің қолдауымен Алма­ты облысының Жыланды ауы­лын­да, Ақмола облысының Родина ауылында, Солтүстік Қазақстан облысының Ново­ни­кольс­кое ауы­лында, Қызылорда облысының Нағи Ілиясов ауылында және басқа ауылдарда іске асырылған.

Жобаны тиімді іске асыру үшін Үкімет деңгейінде Жобалық офис жұмыс істейді. Осындай өңірлік офистер әкімдердің басшылы­ғы­мен облыстарда да құрылғанын ай­тап өту керек. Ал, жалпы, «Ауыл – ел бесігі» жобасын жоға­ры­­дан үйлестіретін орган Ұлттық эко­но­мика министрлігі болып отыр. Демек, кейін жобаның сұрауы осы министрліктен болады.