Терроризмді қолдап, қаржы аударған
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің хабарлауынша, жыл басынан бері өткен төрт айда «Террористік немесе экстремистік әрекетті және терроризм мен экстремизмнің басқа да түрлерін қаржыландыру» бабы бойынша 2 (былтыр 1 қылмыс) қылмыс тіркелген. 2 құқық бұзу да Алматы қаласының қаржы орталығында анықталыпты. Ал былтыр қаңтар-сәуір арасында осындай 1 оқиға Қарағанды облысында тіркелген болатын. Өңірлер бойынша қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті жылыстатуда Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Былтыр аталған қылмыс түріне байланысты 4 жағдай, биыл 8 жағдай тіркелді. Одан кейінгі орында былтыр мұндай құқықбұзушылыққа жол бермеген Павлодар облысы мен Алматы қаласы тұр. Биыл екі өңірде сәйкесінше 4 және 3 қылмыс тіркеліпті. Енді осындай қылмыстың алдын алудың заңды тетігі күшейтілді. 13 мамырда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Лесбековтің айтуынша, аталған заң қарашада күшіне енеді. Құжатта терроризмді қаржыландырудың немесе ақшаны жылыстатудың жолын кесуге бағытталған өзгерістер қарастырылған. Яғни, бұдан былай қаржылық операция жүргізуші жеке субъектілердің барлығы тұрақты түрде есеп беруге міндеттеледі. Жалпы, биылғы қаңтар-сәуір айларында республикада қылмыстық жолмен алынған ақша және мүлікке қатысты 29 құқық бұзу анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе көп екен.Қаржыны қайтаруға не кедергі?
Біздің елде де сырттағы ақшаны елге қайтару туралы әңгіме осыдан 10 жыл бұрын басталған. Ал 2013 жылғы тамызда экономиканы деофшорсыздандыру жөніндегі жұмыс тобы құрылған. 2014 жылдың соңында Қазақстан 1988 жылғы Страсбург конвенциясына қосылды. Бұл Қазақстанның салық органдарының халықаралық органдармен өзара іс-қимылын жақсартуы үшін маңызды қадам болды. Себебі аталған келісім қатысушы елдерге резиденттер туралы ақпаратпен алмасуға мүмкіндік береді, яғни шетелде Қазақстан азаматтарының мүлкі мен ақшасының бар-жоғын бақылауға және оларды декларациядағы мәліметтермен салыстыруға мүмкіндік берді. Сырттағы қаражатты қайтару үшін елімізде мүлік пен кірісті декларациялауды заңдастыру бағдарламасы жүргізілді. Бірақ бұл бағдарлама нәтиже бермеді, сырттағы активтің 10% ғана оралды. Тек 2017 жылы өткен соңғы заңдастыру нәтижесінде ғана 151 мың жылжымайтын мүлік нысаны заңдастырылып, 4,1 трлн теңге заңды айналымға енгізілді. Бұл активтер салық түсімін жылына 950 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік берді. Алайда мүлікті жария ету капиталдың сыртқа кету проблемасын толық шеше алмады. Бас прокуратураның мәліметінше, елде экономикалық қылмыстар көбейіп барады. Шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтаруда көршіміз Өзбекстан Республикасы нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Күні кеше ғана Өзбекстанның Әділет министрлігі мен Бас прокуратурасы Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнар Каримованың Франциядағы активтерін елге қайтарды. Ресми мәлімет бойынша, олар шамамен 10 миллион долларға бағаланып отыр. Енді Әділет министрлігі Каримованың 1,3 млрд доллар тұратын активтерін қайтару мақсатында Швейцария, Франция, Ресей, Латвия және бірқатар елдің құзырлы органдарымен бірлесе жұмыс атқарып келеді.Капиталдың кетуіне не себеп?
Капиталды сыртқа жылыстатудың түрлі жолы бар. Мысалы, бизнес субъектісі сыртқы экономикалық келісімшарттар жасау арқылы шығарады. Ал оның заңсыз екенін дәлелдеу оңайға соқпайды. Десе де, бүгінгідей кәсіпкерлік нысандарының қызметі тоқтап, бюджет пен Ұлттық қорға түсетін түсім азайған кезде заңсыз әкетілген қаражатты қайтару өзекті-ақ. Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында бюджет түсімдерін 2019 жылғы 9,7 трлн теңгеден 2022 жылға қарай 13 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл мұнайға қатысы жоқ экономикадан алдағы үш жылда қосымша 2,5 триллион теңге салық түсімі жоспарланғанын білдіреді. Ал бюджеттің кірісін ұлғайтудың негізгі құралдарының бірі көлеңкелі экономикаға қарсы күрес болып отыр. Бас прокуратураның дерегінше, былтыр ғана қазақстандық инвесторлар шетелге 2,7 млрд доллар шығарған. Көбінесе қаражат Кипрге, Нидерланд пен Кайман аралдарына жіберіледі. Шамамен 1,4 миллиард АҚШ доллары аталған елдерге кеткен. FinReview ақпараттық-талдамалы порталы қазақстандықтардың қаржысын шетелге шығаруына олардың ішкі нарықта өз капиталының қауіпсіздігіне және оны көбейту мүмкіндігіне сенбейтінін жазады. Инвесторлар да капиталдың елден кетуі Қазақстанның банк депозиттеріне балама құралдардың дамымай отыруына байланысты екенін айтады. Мысалы, жеке тұлғалардың 100 мың АҚШ долларынан асатын капиталын ұстап тұруға және көбейтуге бағытталған private banking қызметін қазақстандық 27 банктің 10-ы ғана ұсынады екен. Егер екінші деңгейлі банктер қазақстандықтар сенімін оятпаса, онда private banking жүйесінде айналымда жүрген 1 триллион теңгеден айырылып қалады. Қазіргі уақытта private banking қызметін дамытуда «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды жұмыс істеп отыр. AIFC іске қосылған кезде Қазақстанда заманауи активтер мен инвестицияларды басқару құралдары пайда болды. Мысалы, активтерді сенімгерлік басқаруға беру. Меншік қатынастарының бұл формасы бай қазақстандықтарға өз активтерін сенімгерлік басқаруға беруіне мүмкіндік береді. Бұл әдіс Батыс елдерінде танымал. Өйткені олар пайдаланудың қарапайымдылығын, түсінікті тұжырымдамасын, құрылымының икемділігі мен берілген активтердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететін англо-саксондық құқықтық жүйенің құралы саналады. AIFC юрисдикциясында private banking жүйесінде жұмыс істейтін ең ірі халықаралық компаниялар – Швейцарияның Blackfort Capital және Clarus Capital компаниялары тіркелген. Бұл шетелдік қаржы институттарының қазақстандық қаржы орталығына сенетінін білдіреді. Олардың Қазақстан нарығына келуі қазір шетелге қаржы шығаруға мәжбүр болып отырған қалталы қазақстандықтар үшін VIP-қызметтердің барлық түрін ашады деген үміт бар.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ