Ауыл шаруашылығы министрлігі биылдан бастап топыраққа себілетін тыңайтқыш көлемін көбейтуді көздеп отыр. Соған сай субсидия қаржысы да өседі. Бұрын тек арамшөптерге қарсы химиялық дәрілерге ақша бөлінетін болса, бұдан былай өсімдік ауруларының алдын алуға және зиянкестерге қарсы препараттарға қаражат бөлінеді. Биыл облыстардың бюджетінде 480 мың тонна минералды тыңайтқыштарды сатып алуға мүмкіндік бар. Оған қосымша 54 мың тонна тыңайтқыш сатып алу үшін республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 21 сәуір күні газетімізге берген сұхбатында айтқан. «Биылдан бастап тыңайтқышқа бөлінетін қаражат көлемін көбейткелі отырмыз. Өйткені алынатын өнім көлемін көбейту үшін тыңайтқыш керек. Бүгінгі күні біз тыңайтқыштың қажет мөлшерінің 18%-ын ғана қолданамыз. Ал Ресей мен Беларусьте оның мөлшері 50%-дан асады. Біз де сол деңгейге жетуіміз керек» деген болатын министр. Дегенмен тыңайтқышқа субсидия алу үшін агрохимиялық картограммалар (топырақтың өсімдіктер үшін сіңімді қоректік элементтермен қамтамасыз етілу дәрежесін түрлі-түсті көріністе көрсететін карта) жасалуы керек. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде ол жүйе жасалмаған шаруашылықтар әлі де көп. Мамандардың айтуынша, 1986 жылдары Қазақстанда 1 гектар жерге 29 келі тыңайтқыш себілген. Ал қазіргі көрсеткіш – 5,5 келі мөлшерінде ғана. Осыдан келіп, өнім көлемі азайған әрі топырақтың құнары төмендеген. Өнім көлемі демекші, минералды тыңайтқыштардың азаюынан жер тозып, өнім өндіру көрсеткіші жылдан-жылға кері кетуде. Мәселен, бізде бір гектардан 19 центнер өнім алынса, Ресейде шығымдылық көрсеткіші гектарына – 25-26 центнер, Беларусьте – 36 центнер. Демек, бізбен бір одақтағы мемлекеттер агротехникалық талаптарды сақтауда алға озып тұр. Нәтижесінде, отандық фермерлер мен еліміздің агросекторы мол пайдадан қағылуда. Егер дамыған елдердің көрсеткішімен салыстырар болсақ, АҚШ-тың фермерлері 1 гектар жерден 1 500 доллардың өнімін алса, Германияда көрсеткіш – 2 800 доллар, Францияда – 3 200 доллар. Ал қазақстандық шаруалар орта есеппен гектарынан 400 доллардың өнімін өндіреді. Жеріміз үлкен деп мақтанғанымызбен, пайдасын көре алмай отырмыз. Топырақтың өнімділігі жағынан тиімділігі төмен. Мұндағы себептің бірі – жерге қолдан жасалған қастық. Мысалы, батыс өңірлерде мұнай-газ өндірісінің экологиялық әсерінен көптеген аумақ шөп шықпайтын жерге айналса, әскери полигонға берілген жерлер жүйелі күтімді қажет етеді. Ғалымдар 1,5 сантиметр топырақтың қайта қалпына келуі үшін 50 жылдай уақыт керек екенін айтады. Демек, келешек жер реформасы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстың басы да жерді, топырақты «емдеу» болмақ. Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының директоры Абдолла Сапаровтың пікірінше, қазақ жерінің топырағы негізінен деградацияға бейім, шөлейтті жер. «Қазіргі таңда топырақтың деградацияға ұшырауы 76%-ға жетті. Еліміздегі 180 млн гектар жердің 26%-ына шөп шықпайды. Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан топырақтың құрамын, құнарлығын толығымен зерттеп, тұтастай осы проблеманы реттейтін уақыт келді», – дейді А.Сапаров.
Шаруашылық басында агроном, топырақтанушы мамандар жоқтың қасы. Жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға баруға құлықсыз. Өйткені ауылда жас маманға жағдай жасалмаған, ол үшін 60-70 мың теңгеге жұмыс істегеннен қалада күзетші болып 100-150 мың теңге тапқан тиімді. Ал ауылдық жерлердегі агрономдар жасы келген, кеңестік кезеңде білім алған кісілер. Қазір топырақтың жағдайы, технология басқа.
Қазақстанда топырақты өңдеу, жердің құнарын арттыру ісінің тоқырап қалуына кәсіби мамандардың аздығы да қатты әсер еткен. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың «Қазақстан-Неміс топырақ талдау зертханасының» меңгерушісі, PhD докторы Ақгүл Кәсіпхан ауыл шаруашылығымен айналысатындардың дені тыңайтқышты қалай қолдануды, оның ережелері мен нормасын сақтауды білмейді. Осыдан келіп, «тыңайтқыштарды егістікке нормадан артық қосамыз немесе мүлдем қоспаймыз» дейді маман. «Екіншіден, шаруашылық басында агроном, топырақтанушы мамандар жоқтың қасы. Жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға баруға құлықсыз. Өйткені ауылда жас маманға жағдай жасалмаған, ол үшін 60-70 мың теңгеге жұмыс істегеннен қалада күзетші болып 100-150 мың теңге тапқан тиімді. Ал ауылдық жерлердегі агрономдар жасы келген, кеңестік кезеңде білім алған кісілер. Қазір топырақтың жағдайы, технология басқа. Сондықтан ауылдық жерлердегі мамандардың, фермерлердің кәсібін жүйелі түрде жетілдіру жағын ойластыру керек», – дейді А.Кәсіпхан. Елімізде тыңайтқыш түрлері мен химиялық дәрілердің тиімді қолданылмай отыруының бір себебі – бағасының қымбаттығында. Мысалы, картоп және басқа да көкөністердің «жауы» саналатын колорадо қоңызына қарсы шашатын дәрінің 1 келісі – 30-35 мың теңгенің аралығында. Ондай қосымша шығынға көп шаруа бара қоймайды. Оның үстіне «фермерлер химиялық дәрінің қолдану нормасын дұрыс сақтамайды» дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Теміржан Айтбаев. «Мысалы үшін колорадо қоңызына қарсы қолданылатын химиялық дәріні алайық, бір гектарына 100 грамм десек, ол 50-100 литр суда ерітілуі керек. Ал егістік егетін шаруалардың барлығында бірдей ондай жағдай жоқ. Көбі көз мөлшермен ерітіп, үгітіп егістікке себеді және көбі солай істесек зиянкестен тез құтыламыз деп ойлайды. Алайда ол топыраққа, өнімге экологиялық зиян келтіреді. Қазір қолыңызға күрек алып, егістік басын қазып көріңіз, жауынқұрт жоқ. Бұл – топырақтың улануының көрсеткіші», – дейді ғалым. Себебі біздің нарықтағы препараттардың басым көпшілігі шетелде өндіріледі. Отандық зауыттар негізінен тыңайтқыштың белгілі бір түрін ғана шығаруға бағытталған. Яғни, ассортимент аз. Біздің кәсіпорындар негізінен дәрінің әрекет етуші затын, яғни препараттың негізін құрайтын затын шетелден сатып алып, қоспасын қосып, дайындайды. «Қазақстанда рұқсат етілген пестицидтер тізімі бар. Бүгінгі таңда ол тізімге 850-ге жуық дәрі түрі енгізілген. Алайда оның 1,5 – 2%-ы биологиялық препараттар. Өзгесі өсімдіктерді аурудан қорғайтын зиянкестерге қарсы химиялық препараттар. Ал органикалық өнім жүйесіне көшу үшін биопрепараттар үлесі көп болуы қажет», – дейді Т.Айтбаев. Ғалымның айтуынша, топыраққа себілуі тиіс тыңайтқыштардан бөлек көкөніс, жеміс-жидек өскен соң да оларды түрлі аурудан қорғау үшін дәрілік препараттар себілуі керек. Дегенмен ол қосымша шығын болғандықтан, шаруалар ескере бермейді. Қиярдың сарғайып, қурап, қызанақты, алманы қотыр басып кететіні – осының мысалы. Ал өсімдік аурулары өнім көлемінің азаюына әкеледі. «Үкімет ендігі жерде өсімдік ауруларына қарсы дәріге, зиянкестерге қарсы дәріге барлығына субсидия бермекші. Бірақ оның механизмі қалай болатыны нақтыланбаған секілді. Фермер ол дәрілік препараттарды іздеп жүрмеуі керек. Ол уақытында берілмесе, егістікке кешігіп жетсе, бөлінген қаржыдан ешқандай пайда болмайды. Сондықтан субсидияны сататын фирмалардың қызметіне бағыттап, арзан бағамен шаруаның қолына тиетіндей тетігін қарастыру керек», – дейді ғалым. Иә, пестицидсіз көп өнім алу үлкен мәселе екені анық. Оның себебі жоғарыда көрсетілгендей. Десе де, тыңайтқыштар мен химиялық дәрі-дәрмектер бизнестің көзі екені де анық. Қазіргі сәтте оның сапасын анықтап, дұрыс қолдану жағы да күрделі мәселеге айналып отыр. 2001 жылы Стокгольм қаласында қабылданған конвенцияға сәйкес, гексахлоран, гептахлор, ДДТ және т.б секілді қуатты инсектицидтерді пайдалануға 200-ден астам елде тыйым салынған. Бірақ оған Қытай, Таиланд, Үндістан секілді қол қоймаған мемлекеттер де бар. Ал біздің елге ҚХР-дан ауылшаруашылық өнімдері көптеп келетіні белгілі. Оған қоса, үш жыл бұрын ШҚО-ның Бесқарағай ауданында Қытайдан пестицидтердің заңсыз әкелініп, 14 754 гектар жерге себілгені үлкен шу тудырған еді. Қалай десек те, қазақ жерінің әбден тозғанын, құнары азайғанын көріп отырмыз. Егер топырақтың қасиетін біржола «өлтіріп» алатын болсақ, көкөніс және өзге де азықтық өнімді экспортқа шығармақ түгіл, өзіміз шетелдің ГМО-өнімдерін сатып алып жеуімізге тура келеді.