«Кәсіподақ басшысын сайлағанда бірнеше критерийге назар аударған жөн. Мұғалімді ұйым басшысы етудің қажеті жоқ. Кәсіподақ басшысы директорға тәуелді болмауы керек. Мектеп инспекторы сияқты басқа органға қарауы қажет. Жұмысын жақсы білетін, заңнан хабары бар адамды сайлаған дұрыс. Ақыры ай сайын жалақымыздан жарна ұстайды. Ұйым жетекшісіне айлығын жарнадан түскен қаржыдан төлесін. Сонда ол сауатты жұмыс істейді. «Кімнің арбасына мінсең, соның әнін шырқайсың», – дейді. Мұғалімдер ақша төлегесін, ол да ұстаз құқығын қорғап, талап етеді», – дейді Эльмира Бақытқызы.
«Ұстаз» Алматы қалалық кәсіподақ ұйымы басшысының кеңесшісі Қожахмет Тайболатұлы әркім өз өтініші бойынша ұйымға тіркелетінін айтты. Ал өңірлерде мұндай қателік кетсе, бастауыш кәсіподақтар ұйымының олқылығы екенін атады. Мысалы, Алматы қаласында 8 аудан болса, барлығы топтасып аудандық ұйымға қарайды. Аудандық ұйым білім саласы қызметкерлері жазған өтінішін тексереді. Егер кәсіподаққа мүше болмаса, жұмыс беруші мұғалім жалақысының 1%-ын ұстамайды. Кәсіподақ туралы заңда көрсетілгендей, ұйымның үшжақты келісімшарты бар.
«Кәсіподақ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен қалалық білім басқармасы арасында 3 жылға келісімшарт жасалады. Ал өңірлерде әкімшілікпен жасалатын келісімшарт бар. Бір жағында қалалық әкімшілік, бір жағында кәсіподақ пен «Атамекен»кәсіпкерлер палатасымен мөр басып, қол қояды. Сайлауға келсек, басшы 5 жылға сайланады. Егер кәсіподақ мүшелерінің 2/3 пайызы өтініш жасап, жетекшіге көңілі толмағанын айтса, қайта сайлау өтеді. Мәселен, «Ұстаз» кәсіподағында 45 мың адам болса, соның 30 мыңы басшы жұмысына сын көзбен қараса, қайтадан сайлау өткіземіз», – дейді Қожахмет Тайболатұлы
Ал Шиелідегі №127 мектеп-лицей мұғалімі Майра Сәпекқызы өткен жылы аудандық кәсіподақ ұйымына көмек сұрап барған. Үміт арқалап барған 6 мұғалім еңбек демалысына төленетін үстемеақыны алмағанына 9 ай өткеніне шағымданған. Ұйым басшысы облысқа аудан ахуалы жақсы екенін мәлімдеп, есеп беріп қойғанын айтқан. Еңбек демалысы ақысы да дұрыс төленгенін алға тартқан. Кәсіподақ басшысынан демеу болмайтынын білген мұғалімдер Еңбекті қорғау басқармасына арызданған. Прокуратура мен басқарма тыңғылықты зерттеу жүргізіп, аудан мұғалімдеріне еңбек демалысына төленбеген үстемеақыны өндіріп берген. Әрі Майра Сәпекқызы бастаған ұстаздар қауымы облыстық кәсіподақ төрағасы орынбасарымен жүздескен.
«Алдына барғанымызда облыстық кәсіподақ төрағасы орынбасары жыл сайын жаңа жыл қарсаңында мұғалімдерге сыйақы берілетінін айтты. Естіген құлақ сенер-сенбесін білмеді. 34 жыл еңбек өтілім бойынша, кәсіподақ жаңа жыл мерекесіне орай 1 рет қана балама сыйлық берген. Ал менің 5 балам бар. Қалған 33 жыл ішінде бірде-бір рет сыйақы алмадым. Сонда жаңа жылда ұстаздарға сый жасауға бөлінген қаражат қайда? Қала берді мұғалімдер денсаулығына байланысты мұң-мұқтажын айтып, кәсіподаққа жүгінгенде ешқандай көмек бермейді. Еңбек демалысы кезінде сауықтыру орындарына бөлінген жолдамаларды да өздері белгілейді. Қалаған жерімізге баруға мүмкіндік жоқ. Оның үстіне, жолдама ақысының 50%-ын кәсіподақ, қалғанын өзіміз төлейміз. Тегін жолдама жайында естіген жоқпын», – дейді Майра Сәпекқызы.
Мұнда да Қожахмет Тайболатұлының пікірін сұрадық. Ол сауықтыру орындарына тегін жолдама берілмейтінін атап өтті. Ал білім саласы қызметкері қай сауықтыру орнына барамын десе де, өз еркінде екен.
Тарих пәнінің мұғалімі Сұлтан Сүлеев Facebook парақшасында кәсіподақ жұмысы туралы бірнеше рет жазба жариялаған. Жазбаларының бірінде кәсіподақтың түр-түрі барын жазып, Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына шүйліге бермеуін сұраған. Өйткені әлеуметтік желіде министрлікке кәсіподақтың жайын тексеріңіз деп сұрау салып жүргендер көп. Сұлтан Сүлеев жазбасында аудандық кәсіподақ жауап беруі тиіс өтінішті неге республикалық кәсіподақ қарауы қажетін нұсқаған. Дұрыс-ақ. Дегенмен жоғарыдағы Майра Сәпекқызы сияқты ұстаздар ауданнан керек жауабын алмаған соң облысқа шағымданады. Облыс жауап бермесе, республикалық ұйымға үндеу тастауы заңды емес пе?
Белсенді ұстаздар Мейіржан Темірбек пен Айман Сағидулла да осы мәселені жиі көтеріп жүр. Facebook-те министрліктен кәсіподақпен шартты қайта қарау туралы жазбасына пікір қалдырғанның дені – мұғалімдер. Мәселен, Ғабит Жүсіпәлиев атты мұғалім кәсіподақ барын білсе де, міндетін білмейтінін ашық жазған. Ол наурыз айында айлықтың есебін берсін деп кәсіподаққа арыз жазған, нәтижесінде «бәлеқор» деген атақ алған екен. Мектептегі есепшіге Еңбек кодексі 113-бап туралы айтса да, жауап бермеген.
Ал Ерлан Өмірсеріков Салалық білім кәсіподағы білім саласы қызметкерлерінің құқын қорғауда үлкен жұмыс істеп жатқан кәсіподақтың бірі екенін жазған. Ауыл, аудан көлеміндегі кемшілік бастауыш ұйымдардың жұмыс барысында жіберіп отырған қателігі екенін көрсеткен. Оның айтуынша, әр кәсіподақ мүшесімен түсіндірме жұмысын жүргізіп, етене жақын болу – бастауыш ұйым басшысының міндеті.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ