Алғашқылар
Тарихтағы алғашқы және атышулы пирамиданың бірін 1919 жылы италиялық алаяқ Чарльз Понци құрған. Ол тез баюдың бизнес-жүйесін ойлап тапқан, кейін бұл жүйе соның атымен аталды. Понци Бостонда бағалы қағаздарды ауыстыратын компания ашып, оған инвестор тартып, адамдарға қарапайым арбитраж арқылы, яғни шетелде тауар сату мен сатып алу арқылы пайда табуға шақырды. Салынған соманы 90 күннің ішінде 150 пайыз қылып қайтарамын деп уәде берген. Сол кезде вексельдерге сұраныс мол болды. Ал шынында ешқандай келісім жасалмаған. Понци тек бұрынғы салымшыларға кейінгілердің ақшасын төлеп отырады. Біраз уақыт өткен соң оған федералдардың көзі түсіп, компанияны таратып жібереді. Салымның бір бөлігі иелеріне қайтарылып (2 миллионнан аса ақша сол күйі табылмаған), Понцидің өзі 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 1960 жылы америкалық олигарх Бернард Мэдофф адамзат тарихындағы ең ірі Mэdoff Investment қаржы пирамидасын құрды. Ол жарты ғасыр бойы ірі компанияларды сазға отырғызуға негізделген қаржылық жүйені өмірге әкелді. Мэдоффтан зардап шеккендердің арасында қарапайым тұрғындармен қатар, атақты адамдар да жеткілікті. Бейсбол спортының майталманы, Нью-Йорк Метс командасының иесі Фред Уилпон, актер Кевин Бэкон, режиссерлер Стивен Спильберг пен Педро Альмодовар Медоффтың құрбандығына айналды. Францияның, Голландияның, Жапонияның банктері де Мэдофф құрған тордан шыға алмай қалған.МММ «салған» пирамида
Кеңес Одағы ыдырап, келмеске кеткен уақытта халықтың қалтасына түскендер саны арта бастады. ТМД елдеріндегі ең ірі «қаржы пирамидасы» саналатын Мавроди іргетасын қалаған «МММ» тарихы 1994 жылдан басталады, әлі де аяқталмаған. Оған бір Қазақстанның халқындай адам ақша салып үлгерген. 1997 жылы «МММ» банкрот деп танылып, 1997 жылдан 2003 жылға дейін Сергей Мавроди іздеуде болды, тұтқындалды, тіпті жазасын өтеп шығып, тағы бірнеше қаржы пирамидасын ұйымдастырды. 2018 жылы қайтыс болды. Қазір Мавродидің «пирамидалық» сипаттары бар жобасы Индонезияда, Бангладеште, Үндістанда, Малайзияда, тіпті жазасы қатаң Қытайда да жұмыс істейді екен. Оны әрбір алтыншы ресейлік «қаржы пірі» санайды. Тәжікстан түрмесінде көз жұмған Джамшед Сияевты он екі жыл бұрын сол елдегі әр адам білген. Ол ұйымдастырған «майда моншақ пирамидасы» табыс табу үшін үйі мен малын сатып, ақшасын құйған 60 мыңға жуық адамды жер сипатып кеткен. 2003 жылы Қырғыз Республикасында пайда болған «Уорлд Интерпрайз» бисер пирамидасы да осыған ұқсас. Ұйымның іргесі сөгілгенде мүшелерінің ондаған мың долларын тонағаны белгілі болды.Қазақстандық Мавродилер
Қазақстанда да тақты алаяқтың ісін жалғастырушылар 26 жыл ішінде миллиондаған халықты алдап, тірнектеп жинаған қаржысын қалталарына басты. Әлі де жалғастыруда. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өндірісі де, жылжымайтын мүлкі де болған «Смағұлов және Ко» компаниясына аңғал қазақ 630 миллион теңгені өз еркімен табыстаған. Пирамиданың негізін қалаушы 35 мың адамды алдаған. Ал компанияның меншігіндегі мүлік аукцион арқылы сатылғанымен, одан түскен қаржы қарыздың бестен бір бөлігіне ғана жеткен. Сондай топтың бірі – 2016 жылдың қыркүйек айында Қарағандыда құрықталды. Ол «Оптовка» мекемесі болатын. Компания директоры Елена Колесникованың үстінен шағымданғандардың саны алғашқыда 27 адам болса, кейін елуден асып жығылған. Ал шынтуайтында, алаяқтар Қарағанды аумағында бар-жоғы жарты жылдың ішінде төрт мыңдай адамнан бір миллиард теңгедей пайда тапқан. «Оптовка» компаниясының филиалдары еліміздің бірнеше қаласында болған екен. Алданғандардың айтуынша, олар серіктестік директорымен келісімшартқа отырып, әуелде салған ақшасы есебінен пайыздық пайда тауып отырған. Алайда тек алғашқы салымшылар ғана табысқа кенелген. Өзгелер жер сипап қалған. Көкшетау қаласында да сегіз мың тұрғынды сан соқтырған микронесиелік ұйымның да ісі «қаржы пирамидасы» ретінде қаралды. Мекемеге жүз мың теңге құйып, пайдаға шаш етектен «батқысы» келген салымшылардың саны жиырма мыңға жетіпті.Ақтөбелік алаяқтың сценарийі
Ақтөбеде үш-төрт жыл бойы сайт ашып, халықтан 71 миллион теңге жинап алғандар 2017 жылы ұсталған болатын. 2014 жылдан Tulpar888, Million888 деген сайт ашқан қос құрбының сценарийі өзінше жұмыс істеді. Бағдарламаға қатысушы екі адамды шақырады, тиісінше олар да екі адамды кіргізеді. Осылайша, өзінен кейін 6 адам жиналғанда, 180 000 теңге көлемінде сыйақы алады, оның 125 мың теңгесін азаматша Ш-ның есепшотынан өз карточкасына алып отырады. Ал қалған 55 мың теңгесі инвестиция ретінде бағдарламаға қайта қатысу құқығымен жүйеде қалып отырған. 2015 жылы азаматша Ш. құрбысының Ақтөбе қаласында қайтыс болғанына қарамастан, tulpar.million888.com web-сайтында автожобаны енгізу мақсатымен салымшыларды тартады. Оларға «Тойота-Королла» маркалы автокөлігін сыйақыға беруге уәде береді. Ұсталған Ш-ның карталық есепшотына 2014 жылдың шілде айынан 2016 жылғы тамыз айына дейін 71 миллион теңгеден артық ақша түскен болып шықты.Алдануды қоймадық...
2019 жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында Questra қаржы пирамидасын құрушыларға қатысты сот шешімі шығып, кінәлілер 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. 358 адам алаяқтардың арбауына түсіп, 2016-2017 жылдары 480 миллион теңгені қаржы пирамидасына салған. Ал 2020 жылдың алғашқы айларында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Қазан» немесе «Қара касса» ойынының жарнамасы толып кетті. Оған қатысушыларға 14 300 теңге салса және тағы екі адамды тартса, үлкен табыс әкеледі деп уәде еткен. Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаменті жоғарыда аталған факті бойынша тексеріс жүргізуде. Айта кету керек, қаржы пирамидаларын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыскерге мүлкін тәркілеу мен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Біліп отырсақ та, алаяқтарға ақшамызды өз қолымызбен ұстата салудан тыйылар емеспіз. Ішкі істер органдары 2018 жылы – 103, 2019 жылы 23 қаржы пирамидасын анықтағаны сөзімізге айғақ болса керек.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ