Су тапшылығы XXI ғасырда адамзаттың бас ауруына айналды. Осы бір ащы шындықты небір мүйізі қарағайдай ғалымдар мен саясаткерлер мойындаған. Соңғы 50 жылда әлем халқы 4-5 есе көбейген және бұл қарқын қатаймаса, бәсеңдемейтіні анық. Жер бетіндегі су қоры азайып барады. Су мәселесі Қазақстанда да ерекше байқалады. Ендеше неге жылда тасыған судың астында қаламыз?
Мамандар Қазақстанның индустриалды дамуына су тапшылығы кәдімгідей бөгет болуда деседі. Елдегі су ресурстарын 1 шаршы шақырым ауданға шаққандағы көрсеткіш көршілес мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Құм басып жатқан Түркіменстанның өзінде Қарақұм каналы салынғаннан кейін біз мүлдем артта қалдық. Ең қызық парадокс: көктем сайын өңір-өңірде еріген қар суы жайылып, ондаған елді мекенді тасқын алып жатады. Үйлер қирап, қора-қопсы құлап, мыңдаған адам жөңкіле жосылатын алапат су апаттары 2015 пен 2017 жылдары бірнеше облысты қамтыған. Жылда қайталанатын табиғат құбылысынан биліктің аузы күйген шығар деп үміттенесің. Бірақ үміт ақтала бермейді.
Мысалы, биыл ерте көктемде Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин 5 облыста жағдай қиын болады деп болжады. Сөзбе-сөз келтірейік.
«Олар – Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірге өзен арналарын қопсыту, мұзды жару және тағы басқа шаралармен бастап кеттік. Ал Түркістан облысында су тасқыны болмайды», – деді шенеунік.
Алайда табиғат болжамға көнбейді екен. Жақында Мақтааралдағы тұтқиыл оқиға елдің есін шығарып, Үкіметтің үрейін ұшырды. Әрине, бір қарағанда бұл жерде билікті жазғыру орынсыз сияқты. Біреудің кесірі біреуге тиіп, су Өзбекстаннан ағып келді ғой. Дегенмен көршімен арада алыс-беріс, барыс-келіс бар, дипломатиялық қарым-қатынас бар. Иен аралды жалғыз өзіміз жайлап отырған жоқпыз. Қазақ басшылары сәл қырағылық танытып, күні бұрын қамданса, қауіптің алдын алуға болар ма еді?!
Сонымен, тақырыптағы сауалға жауап ізделік. Көктемде су тасқынынан зардап шегіп, жазда суға жарымайтынымыз қалай? Эколог Мұсағали Дуамбековтің пікірінше, басты себеп – жергілікті билік өкілдерінің дұрыс жұмыс істемеуі, өзен табандарының бітіп қалуы.
– Қазір еліміздің жазық аймақтарында да су тасиды. Бұл ауыл шаруашылығы саласының дұрыс жұмыс істемеуі кесірінен. Өйткені бізде өзен арналары функциясын жөнді атқармайды. Біршамасы бітеліп қалған. Табаны қоқысқа толы. Көптеген өзен қажетті су мөлшерін өткізе алмайды. Сондықтан таулардан кішкене артық су келсе, мөлшерден сәл артық қар жауса, өзен ернеуінен асып, тасқынға айналады, – дейді маман.
Ал эколог Мэлс Елеусізов су тасқыны проблемасын ғаламдық жылынумен байланыстырады.
– Жер шарының температурасы жарты градусқа көтерілді. Табиғат соны сезген секілді. Бүгінде үлкен мұздықтар еріп жатыр. Алатау мұзының 40 пайызы еріп кетті. Осы жарты градус мұхит суларын буландырады. Соның әсерінен жауын-шашын көбейді. Ал Қазақстанда температура 0,75 градус көтерілген. Сол себепті су тасқыны мәселесі өздігінен шешілмейді, – деді Елеусізов.
Танымал экологтың ойынша, соңғы 200 жылда адамзат мұнайды көп жаққандықтан, атмосфераға көмірқышқыл газы шектен тыс бөлінеді. Сондықтан ағашты молынан егу керек. Қазақстанда Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында ғана орман бар, басқа жерде жоққа тән. Көмірқышқыл газын сол ағаш жұтатыны белгілі. Сондай-ақ қоқысты азайтып, өңдеу ісін жолға қойған жөн. Ондай жұмыстар аста-төк ақшаны қажет етпейді.
Рас, тасқынның алдын алуға мемлекет жыл сайын қомақты қаражат жұмсайды. Әйтсе де, нәтиже шамалы. Шулаған жұрт, шұбырған мал, қаншама материалдық шығын өз алдына, кісі шығыны да болады кейде. Мемлекеттік органдар қатер бар екенін ескерткеннен өзге қандай қайран қыларын білмей дағдарады.
Ресми статистикаға жүгінсек, Қазақстандағы тұщы су қоры – 190 текше шақырым. Су қоймаларының көлемі – 95 текше шақырым, өзен суы – 101 текше шақырым, жерасты суы – 95 текше шақырым, мұздықтар – 58 текше шақырым. Оның жартысы ғана республика аумағында қалыптасады, қалғаны Орталық Азия мемлекеттерінен, Ресейден және Қытайдан ағып келетін өзен суларынан құралады. Мұны біреулер жай ғана сан деп қабылдауы мүмкін. Ал шаруашылықтан сәл-пәл хабардар адам бұл деректен суды үнемдеу керегін, жауын-шашынның суын тиімді пайдалану керегін ұғынар еді. Қарапайым ауызсудың қымбаттай түсуі де әркімді ойландыруы тиіс.