Кейінгі кезде мұғалімдер арасында кәсіподақ жұмысына шағымданатындар көбейді. Ұйымның ұстаз пікірімен санаспай одаққа тіркейтінін, жазбаша келісімсіз жалақыдан жарна ұстайтынын айтады. Әрі қоғамда «кәсіподақ құқымызды қорғамайды» дейтін пікір бар. Шынымен, кәсіподақ саясаты осындай ма?
Елімізде Кәсіподақтар федерациясы жұмыс істейді. Одан бөлек 3 ірі салалық кәсіподақ жемісті еңбек етіп жүр. Оның ішінде 22 салалық кәсіподақ пен 16 аймақтық кәсіподақ бар. Аудан мен қала, ауылда да бастауыш ұйымдары өзіне жүктелген міндетті атқарады. Олар Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына қоғамдық бақылау жасайды. Келісім және өндірістегі келеңсіз жағдайларды тексеру жөніндегі комиссиялар арқылы кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғайды.
Ал Күршім ауданында тұратын мұғалім Аяужан Нұрланқызы кәсіподақ жұмысына байланысты сотқа шағым түсірмек. Ол жұмысқа кіргенінде бастауыш кәсіподақ ұйымы өкілінің жарна алу жөнінде жазбаша өтініш сұрамағанын айтады. Жарнадан бұрын ұйымның мұғалім құқығына селқос қарайтынын, «басшылықпен ауыз жаласып әрекет ететінін» алға тартады.
«Жалпы, еңбек өтілімен 11 жылдан асты. Жас маман болып жұмысқа орналасқанда, кәсіподаққа мүше болу үшін жазбаша өтініш толтыру керек екен. Бірақ бұл жайында бізге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Оқу орнында да кәсіподақ туралы мәлімет бермейді. Жұмысқа қабылданғанымда кәсіподаққа кіру міндетті деп ойладым. Кәсіподақтың мақсаты қандай? Нендей жұмыс істейтінін анық білмеймін. Жарна төлеу мәселесі бойынша да сұрақ көп. Оны да мұғалімнің жазбаша рұқсатымен алу керек. Мысалы, өз басым жазбаша рұқсат бермегенімді анық білемін. Бұл біреудің қалтасындағы ақшаға қол сұғумен тең» дейді бастауыш сынып мұғалімі.
«Ұстаз» Алматы қалалық кәсіподақ ұйымы басшысының кеңесшісі Қожахмет Тайболатұлы Аяужан Нұрланқызының өтініш толтырмағаны туралы дәлелі болса, сотқа шағымдана алатынын айтады. Сала қызметкерінің сөзінше, кәсіподаққа заңсыз тіркеуге ешкімнің құқы жоқ. Ол Кәсіподақтар туралы заңда бәрі нақты жазылғанын жеткізді. Әрі кәсіподаққа мүше емес мұғалім де ұйымнан көмек сұрай алады.
Аяужан Нұрланқызының сөзінше, мұғалімнің қаражатын жұмсап отырған соң, кәсіподақ есеп беруге міндетті. «Мынадай шараға қаржы бөлеміз» деп қол қойдыруы керек. Ол жұмыс істейтін мектепте кәсіподақ жиналысы өтпегеніне 2-3 жыл болған екен. Сондай-ақ мұғалім кәсіподақ басшылыққа бағынышты ұйым екенін алға тартады. Ұйымды мұғалім басқарған соң, басшылық пен мұғалім арасында дау шықса кәсіподақ басшысының позициясы белгілі екенін айтты.
«Шыны керек, біздің кәсіподақ туралы сауатымыз төмен. Неге төмен? Өйткені кәсіподақ жұмысымен таныстырып, мұғалімдердің сауатын ашатындай жұмыс жүрмейді. Тек қана жарна ұстайтын ұйым деп танимыз. Мәселен, мектепте құрмет тақтасы бар. Тақтаның аты ғана кәсіподақтыкі. Құрмет тақтасына қай мұғалімнің аты-жөні жазылатынын, не болатынын басшылық шешеді. Ал кәсіподақ көсеудің қызметін атқарады» дейді Аяужан Нұрланқызы.
Шиелі кентіндегі №48 Ә.Мұратбаев атындағы мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Бақытқызы да әріптесінің пікірімен келіседі. Осыған дейін кәсіподақтың тіркеу кітабын не журналын көрмегенін жеткізді. Мектепке жаңадан келген мұғалім автоматты түрде мүшелікке қабылданатынын да растап отыр. Ол да мектептегі бастауыш кәсіподақ ұйымы директорсыз ештеңе жасай алмайтынына күйінеді.
«Кәсіподақ басшысын сайлағанда бірнеше критерийге назар аударған жөн. Мұғалімді ұйым басшысы етудің қажеті жоқ. Кәсіподақ басшысы директорға тәуелді болмауы керек. Мектеп инспекторы сияқты басқа органға қарауы қажет. Жұмысын жақсы білетін, заңнан хабары бар адамды сайлаған дұрыс. Ақыры ай сайын жалақымыздан жарна ұстайды. Ұйым жетекшісіне айлығын жарнадан түскен қаржыдан төлесін. Сонда ол сауатты жұмыс істейді. «Кімнің арбасына мінсең, соның әнін шырқайсың» дейді. Мұғалімдер ақша төлегесін, ол да ұстаз құқығын қорғап, талап етеді» дейді Эльмира Бақытқызы.
«Ұстаз» Алматы қалалық кәсіподақ ұйымы басшысының кеңесшісі Қожахмет Тайболатұлы әркім өз өтініші бойынша ұйымға тіркелетінін айтты. Ал өңірлерде мұндай қателік кетсе, бастауыш кәсіподақтар ұйымының олқылығы екенін атады. Мысалы, Алматы қаласында 8 аудан болса, барлығы топтасып аудандық ұйымға қарайды. Аудандық ұйым білім саласы қызметкерлері жазған өтінішін тексереді. Егер кәсіподаққа мүше болмаса, жұмыс беруші мұғалім жалақысының 1%-ын ұстамайды. Кәсіподақ туралы заңда көрсетілгендей, ұйымның үшжақты келісімшарты бар.
«Кәсіподақ, Атамекен кәсіпкерлер платасы мен қалалық білім басқармасы арасында 3 жылға келісімшарт жасалады. Ал өңірлерде әкімшілікпен жасалатын келісімшарт бар. Бір жағында қалалық әкімшілік, бір жағында кәсіподақ пен Атамекен кәсіпкерер паласымен мөр басып, қол қояды. Сайлауға келсек, басшы 5 жылға сайланады. Егер кәсіподақ мүшелерінің 2/3 пайызы өтініш жасап, жетекшіге көңілі толмағанын айтса қайта сайлау өтеді. Мәселен «Ұстаз» кәсіподағында 45 мың адам болса, соның 30 мыңы басшы жұмысына сын көзбен қараса, қайтадан сайлау өткіземіз» дейді Қожахмет Тайболатұлы
Ал Шиелі 127 мектеп-лицей мұғалімі Майра Сәпекқызы өткен жылы аудандық кәсіподақ ұйымына көмек сұрап барған. Үміт арқалап барған 6 мұғалім еңбек демалысына төлетенетін үстемақыны алмағанына 9 ай өткеніне шағымданған. Ұйым басшысы облысқа аудан ахуалы жақсы екенін мәлімдеп, есеп беріп қойғанын айтқан. Еңбек демалысы ақысы да дұрыс төленгенін алға тартқан. Кәсіподақ басшысынан демеу болмайтынын білген мұғалімдер Еңбекті қорғау басқармасына арызданған. Прокуратура мен басқарма тыңғылықты зерттеу жүргізіп, аудан мұғалімдеріне еңбек демалысына төленбеген үстемақыны өндіріп берген. Әрі Майра Сәпекқызы бастаған ұстаздар қауымы облыстық кәсіподақ төрағасы орынбасарымен жүздескен.
«Алдына барғанымызда облыстық кәсіподақ төрағасы орынбасары жыл сайын жаңа жыл қарсаңында мұғалімдерге сыйақы берілетінін айтты. Естіген құлақ сенер-сенбесін білмеді. 34 жыл еңбек өтілім бойынша, кәсіподақ жаңа жыл мерекесіне орай 1 рет қана балама сыйлық берген. Ал менің 5 балам бар. Қалған 33 жыл ішінде бірде-бір рет сыйақа алмадым. Сонда жаңа жылда ұстаздарға сый жасауға бөлінген қаражат қайда? Қала берді мұғалімдер денсаулығына байланысты мұң-мұқтажын айтып кәсіподаққа жүгінгенінде ешқандай көмек бермейді. Еңбек демалысы кезінде сауықтыру орындарына бөлінген жолдамаларды да өздері белгілейді. Қалаған жерімізге баруға мүмкіндік жоқ. Оның үстіне жолдама ақысының 50 %-ын кәсіподақ, қалғанын өзіміз төлейміз. Тегін жолдама жайында естіген жоқпын» дейді Майра Сәпекқызы.
Мұнда да Қожахмет Тайболатұлының пікірін сұрадық. Ол сауықтыру орындарына тегін жолдама берілмейтінін атап өтті. Ал білім саласы қызметкері қай сауықтыру орнына барамын десе де, өз еркінде екен.
Тарих пәнінің мұғалімі Сұлтан Сүлеев Facebook парақшасында кәсіподақ жұмысы туралы бірнеше рет жазба жариялаған. Жазбаларының бірінде кәсіподақтың түр-түрі барын жазып, Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына шүйліге бермеуін сұраған. Өйткені әлеуметтік желіде министрлікке кәсіподақтың жайын тексеріңіз деп сұрау салып жүргендер көп. Сұлтан Сүлеев жазбасында аудандық кәсіподақ жауап беруі тиіс өтінішті неге республикалық кәсіподақ қарауы қажетін нұсқаған. Дұрыс-ақ. Дегенмен жоғарыдағы Майра сәпекқызы сияқты ұстаздар ауданнан керек жауабын алмағасын облысқа шағымданады. Облыс жауап бермесе, республикалық ұйымға үндеу тастауы заңды емес пе?
Белсенді ұстаздар Мейіржан Темірбек пен Айман Сағидулла да осы мәселені жиі көтеріп жүр. Facebook-те министрліктен кәсіподақпен шартты қайта қарау туралы жазбасына пікір қалдырғанның дені мұғалімдер. Мәселен, Ғабит Жүсіпәлиев атты мұғалім кәсіподақ барын білсе де, міндетін білмейтінін ашық жазған. Ол наурыз айында айлықтың есебін берсін деп кәсіподаққа арыз жазған, нәтижесінде «бәлеқор» деген атақ алған екен. Мектептегі есепшіге Еңбек кодексі 113-бап туралы айтса да, жауап бермеген.
Ал Ерлан Өмірсеріков Салалық білім кәсіподағы білім саласы қызметкерлерінің құқын қорғауда үлкен жұмыс істеп жатқан кәсіподақтың бірі екенін жазған. Ауыл, аудан көлеміндегі кемшілік бастауыш ұйымдардың жұмыс барысында жіберіп отырған қателігі екенін көрсеткен. Оның айтуынша, әр кәсіподақ мүшесімен түсіндірме жұмысын жүргізіп,етене жақын болу – бастауыш ұйым басшысының міндеті.
Cалалық білім және ғылым кәсіподағының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – кәсіподақ мүшелері педагогтардың еңбек құқықтары мен кәсіби мүддесін қорғау. Мәселен, 2019 жылы Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызметтері білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасын орындау бойынша 4057 қоғамдық бақылау жүргізіп, 3807 түрлі еңбек заңнамасын бұзу дерегін анықтаған. Оның 1117-і айлық ақының дұрыс төленбеуі бойынша, 760-ы жұмыс уақыты мен демалу режимінің бұзылуына, 1328-і - еңбек қатынастарын рәсімдеуге және 632-і басқа да құқық бұзушылыққа қатысты. Салалық кәсіподақтың араласуымен 2019 жылы ұстаздарға 2 млрд 67 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Төтенше жағдай режимінде Салалық кәсіподақ аптасына жеті күн ішінде, демалыссыз, қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет желісі арқылы кеңес берген. Салалық кәсіподаққа 2020 жылдың 25 наурыз - 10 мамыр аралығында 2300-ден астам өтініш-сауал түсіп, олардың бәріне жан-жақты жауап қайтарған. Кәсіподақ барлығы 378 жазбаша өтініш қараған.