Дағдарысқа қарсы шаралар жобасы бекітілді
Дағдарысқа қарсы шаралар жобасы бекітілді
142
оқылды
Шымкент қаласының әкімі, Nur Otan партиясы фи­лиа­лының төрағасы Мұрат Әйтенов шағын және орта бизнес субъектілерін дағдарыс жағдайында қолдау мәселелері бойынша жиын өткізді. Мәжіліске аудан әкімдері, тиісті салалық басқармалар мен Шымкент қаласының Кәсіпкер­лер палатасы және Shymkent ӘКК қатысты. Онда төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақ­сатында дағдарысқа қарсы ша­ралар жобасын қалалық Кәсіп­керлік және индустриалды-ин­новациялық даму басқар­масының басшысы Б.Дүйсебеков таныс­тырды. – Жобада дағдарыс нәти­жесінде неғұрлым зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерін анық­тап, олардың қызметін қалпына келтіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін мемлекеттік бағ­дарламалар шеңберінде жеңіл­детілген не­сиелер беру, кәсіп­керлердің қол­даныстағы не­сиелерін қайта қаржыландыру қарастырылған. Сондай-ақ отандық тауар өндіру­шілерді ынталандыру, жұмыс орындарын сақтау және құру, кадрларды даярлау және қайта даярлау, микроқаржы ұйымы мен «Бизнес үшін үкімет» орталығын құру және кәсіпкерлік субъек­тілерін сервистік қолдау, дағ­дарыстан өту жөніндегі мемле­кеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық қамту сынды іс-шаралар да қамтылған, – деді басқарма басшысы. Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі мен Шымкент қаласында енгізілген карантиннің нәтижесінде қиын жағдайға түскен кәсіпкерлерді қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шараларды құптайтынын айтқан қала бас­шысы аталған шаралар жұмыс орын­дарын сақтау мен жаңа жұ­мыс орындарын құруға, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін өткізуін қамтамасыз етуге ба­ғытталуы қажет екеніне де тоқ­талды. Жобада әзірленген тиісті жұмыстарды жүзеге асыру мақ­сатында бірқатар нақты тап­сырмалар жүктелді. Шымкент қаласында заңға сәйкес әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бір­лескен микроқаржы ұйымын құ­рып, оның жарғылық капи­талын қалыптастыруға тиісті қа­ражат бөлу көзделіп отыр. Соны­мен бірге жергілікті кәсіп­керлерді өңірлік бағдарлама ая­сында пайыздық мөлшерлемесі төмен несиемен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлуді қарастыру мәсе­лесі де тал­қыланды.  

Әбілмансұр ЖАСАН