Қолдау ма, қорлау ма?
Ел үшін басын бәйгеге тіккен, өмірі мен денсаулығына қауіп төнгеніне қарамай адал қызмет еткен дәрігерлер қандай құрметке де лайық! Олар тәуекелге бел буа отырып, ертең үрейлі дертке ұшыраса мемлекеттен қамқорлық көретініне толық сенімді болуы тиіс. Шенеуніктер пандемия басталғалы бұл сөзді сан қайталады. Бірақ өмір үнемі сөз бен істің арасы қабыса бермейтінін аңғартты. Биылғы 30 наурызда ел Үкіметі Қазақстанда коронавирусқа душар болған ақ халаттыларға 2 миллион теңгеден сақтандыру төлемі төленетінін хабарлады. Яғни, бір ғана шарт бар: төлем тек COVID-19 жұқтырса ғана төленеді. Алайда қорғаныш заттарының жетіспеуі және басқа да қателіктер кесірінен коронавирус инфекциясына (КВИ) шалдыққан сала мамандары қатарының күрт өсуі шенеуніктерді ойға қалдырғанға ұқсайды. Мысалы, сәуір айының соңына қарай SARS-CoV-2 вирусын жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 700-ден асты. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі саланың қанша өкілі індеттің құрсауына түскені жөнінде статистиканы хабарлауды қойды. Сонымен бірге осы жағдайда берілуі тиіс сақтандыру төлемін төлеудің шарттары да көбейе бастады. Енді ауруханада емес, үйіне қайтар жолда, отбасында, не басқа жерде вирусқа кезігіп, коронавируспен ауырып қалған медицина өкілдеріне сақтандыру төленбейтіні мәлімделіп отыр. Бұл жерде дәрігер, мейірбике, санитардың өзге азаматтар қатарлы үйінде оқшаулана алмайтыны есепке алынбады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында осы дертпен сырқаттанып жатқан ақ халаттылардың тек 30%-ы ғана «жұмысында инфекция жұқтырған» деп танылыпты! Оның қалай іріктелгені белгісіз. Өйткені COVID-19 жыланның шағып алуы емес қой, оның белгілері сол мезетінде бой көрсетпейді, қанында вирус барлығы тек бірнеше күн өткесін тест-жүйеде көрініс береді. Ал алғашқы нышандары мүлдем кеш пайда болуы ықтимал, тіпті симптомсыз сырқаттар да анықталуда. Қалай болғанда, елордалық Денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрды. Ол медицина қызметкерлерінің нақты қайсысы жұмысында коронавирус жұқтырғанын «әшкерелеумен» айналысады. Бұған астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың сөзі дәлел. Ол: – COVID-19 жұқтырған медицина қызметкерлері республикалық және қалалық медицина ұйымдарында жұмыс істейді. Біз олардың шамамен 30%-ын ғана коронавирусты қызметтік борышын орындау кезінде жұқтырған деп санаймыз. Денсаулық сақтау басқармасында арнайы комиссия құрылды, ол осы мәселені зерттейді. Біз тексереміз, талдаймыз, табамыз! – деген болатын. Дәлелдей алғандардың барлығы – зертхана арқылы расталған коронавирус науқастарын емдеумен айналысқан аурухана жұмыскерлері. Әйткенмен, қарапайым емхана қызметкерлеріне де қауіп-қатер төнеді. Олар қабылдауына жазылып, алдына келіп отырған сырқаттың бойында КВИ барын білмейді: емханаға барар алдында ешкімнен де тест тапсыру талап етілмейді. Демек, кейін сол адамдардың бірінен үрейлі вирус табылуы, ал онымен байланыста болған емхана дәрігері мен мейірбике бұдан хабарсыз қалуы ықтимал. Елорданың бас дәрігері Сәуле Қисықова әріптестеріне сенімсіздік білдірді. Оның байламынша, сала қызметкерлерінің үлкен бөлігі өзге қазақстандықтар секілді «көршісінен немесе отбасының өзге мүшелерінен вирус жұқтыруы мүмкін».Маман тағдырын бір сөз шешеді
Жалпы, жариялана сала елді қуантқан жап-жақсы бастаманы ізінше кесірлі талаптар қосып бүлдіру шенеуніктердің дәстүріне айналған секілді. Осындай жағдай 42 500 теңге төлеміне қатысты орын алғаны мәлім. Әлеуметтік төлем төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырылған барлық азаматқа төленуге тиіс болатын. Міндетті орындау барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оны беру шартын әлденеше рет өзгертіп, елді адастырды. Сорақысы сол, 16 сәуірге дейін өтініш бергендерге 2 айға төленеді деп мәлімдегенімен, осы талапқа сәйкес келетін көп адамға әртүрлі сылтау тауып, екінші төлемін төлемей қойыпты. Осылайша, ведомство жүздеген мың адамның босқа наразылығын туғызды. Дәрігерлерге арналған сақтандыру төлеміне қатысты да осындай жағдай қалыптасып отырғанға ұқсайды. Мұны дәрігерлердің Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа жолдаған шағым хаттарынан аңғаруға болады. Мәселен, Жадыра Іскендірқызы қалалық емханада педиатр-дәрігер болып істейтінін айтады. Ол елге еңбек ету кезінде COVID-19 індетіне шалдыққан дәрігердің бірі. Сондықтан комиссия оған қатысты эпидемиологиялық тергеу жүргізіпті. Дәрігер биылғы сәуір басында өз қарауына бекітілген Қ.Рысқұлбеков, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин көшелеріндегі үйлерді аралап, қызуы жоғарылаған, тамағы ауырып, жөтелген балаларды тексереді. Дәл осы учаскеде кейін КВИ жұқтырып, ауруханаға жатқызылғандар болды. 11 сәуір күні кешке дәрігердің бойынан да індет нышандары пайда болады, әлсіздік туындап, иіс пен дәм сезуден қалған. Емханада COVID-19 анықтау үшін сынама алыпты. Ертесіне кешқұрым тестілеудің оң нәтиже көрсеткені хабарланады. Екі сағаттан соң жедел жәрдем жетіп келіп, ауруханаға алып кеткен. «Ауруханадан 4 мамырда жазылып шыққаннан кейін Үкіметтің 2020 жылғы 1 мамырдағы №35 қаулысына сәйкес тиісті анкета толтыруым қажет. Бірақ сол күні кешке менің атымнан толтырылған дайын сауалнаманы және түсініктемені алдым. Оған еш келісім бермеген едім. Сөйтсем, ондағы сұрақтарға эпидемиолог-дәрігер өз емханамның бас дәрігерімен бірге жауап бере салыпты. Сауалнамаға қате ақпарат түсірілген. Үкімет қаулысына сәйкес, жұмыс барысында инфекция жұқтыруым себепті мемлекеттің өтемақысынан үміттене аламын. Алайда мені құлағдар етпей толтырылған анкетада коронавирусты жұмыстан тыс уақытта жұқтырды деп көрсетіліпті», – дейді Жадыра Ергеш. Ол министр Елжан Біртановқа жүгініп, бұзылған құқығын қалпына келтіруді сұрады.Емхана мамандары қағажу қалды
Жасыратыны жоқ, пандемиямен күреске бар күші мен қуатын жұмсаған дәрігерлер, мейірбикелер мен санитарлардың көбі бүгінде алданған күй кешуде. Мысалы, Тараз қаласында орналасқан Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар блогының бірнеше маманы, жансақтау және интенсивті терапия бөлімінің мейірбикелері мен санитарлары жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Онда олар тиесілі үстемеақы жұқпалы аурулар блогындағы барлық дәрігерге емес, тек расталған КВИ дерті бар сырқаттарды емдеуге бекітілген медқызметкерлерге ғана төленгеніне наразы. Ұқсас даулы жағдайлар өзге өңірлерде де тіркелді. Шымкентте өткен аптада стерильдеу орталығының мамандары өздеріне тиесілі үстемеақыны басшылардың толық төлемей отырғанына қарсылық білдірді. Жедел жәрдем қызметкерлері де осы кепті бастан кешіп жатқанын жеткізді. Шымкентте шу шығысымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қос мекемеде тексеру жүргізілді. «Тексеру қорытындысында стерильдеу орталығының қызметкерлеріне үстемеақы төлеу барысында өрескел бұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды. Осыған байланысты орталықтың бас дәрігері қызметінен босатылды. Ал медициналық қызметкерлердің жалақысы қайта есептеліп, қосымша төлемақылары төленді», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр. Ол Шымкенттің жедел жәрдем орталығында қызметкерлерге бірдей қосымша қаржы төленбегенін растады: «Осыны ескере отырып, біз арнайы төлемдер көлемін жоғарылаттық. Жүргізушілерге төленетін сома 125 мың теңгеге дейін, дәрігерлер мен фельдшерлерге 250 мың теңгеге дейін өсірілді. Кіші медициналық персоналға демеушілер көмегімен 40 мың теңгеден қосымша қаржы төлеп бердік. Жедел жәрдем стансасының басшылығына шара қолдану мәселесі қаралуда» деп түсініктеме берді Е.Садыр. Сарапшылар емханалардағы медицина мамандарына үстемеақы төленбеуін әділетсіздік санайды. Бөле-жармай сырқаттардың бәрін қабылдайтын емхана дәрігерлері мен мейірбикелері әлеуметтік қорғалусыз қалды. Олардың шағымына өз блогы арқылы жауап берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов емханада сыйақы беріп, қошемет көрсету жұмыс берушінің өз ісі және соның ішкі актілерімен реттеледі деп сырғытты. Яғни, емхана басшылығы үнемделген бюджеттік және бюджеттен тыс қаражаттар есебінен үстемеақы бере алады. Бермесе де өз еркі. Тек басшылыққа ғана сыйақы жазып, бағыныштыларын қағажу қалдырған ұйымдар бар.Айхан ШӘРІП