Емхана салған тиімді ме?
Академик Төрегелді Шармановтың ойынша, ауруханаларды дамыту – мемлекет үшін де, адамдар үшін де қиын болмақ. Ол «Караван» газетіне берген пікірінде: «Қазір денсаулықтың жайын емес, аурудың санын ойлап отырған секілдіміз. Біз керісінше аурудың алдын алуды, яғни алғашқы медициналық-санитарлық көмек беруді ойлауымыз керек. Бізге нақты осы саланы дамыту қажет. Егер ауруханаларды шексіз сала беретін болсақ, онда бүкіл елді ауруға айналдыратын боламыз. Оның үстіне, емдеу бағасын да қымбаттатып жібереміз. Мәселен, АҚШ – медицинасы дамыған мемлекеттің бірі. Әрі медицинасы да қымбат. Онда ақысыз емдеу жоқ. Төлем кез келген жағдайда халықтың мойнына түседі. Ал мұндай көп ақшаны халықтың қалтасы көтере бермейді» деген пікірді айтады. Рас, емдеу арқылы денсаулықты қайтара алмайтынымыз анық. Мәселен, адамның бір мүшесін алып тастасақ, ол сау адам болып шыға ма? «Оның өмірін жақсартуға болады. Сол үшін аурудың алдын алғанымыз дұрыс. Оны емсіз жаза алмайтын жағдайда ғана дәрігерге жүгінген жөн. Денсаулықты сақтау қажет. Ол үшін бізге білімді, салауатты өмір салтын насихаттаған дұрыс секілді. Сондықтан бар күш-жігерді қазақ халқының денсаулығын нығайтуға бағыттау керек. Денсаулық сақтау министрлігінің атауы да сол емес пе?». Бұл – академиктің ойы. Емдеу дегеніміздің өзі – медицина ұғымын білдіреді. «Денсаулық сақтау мен медицинаны шатастыруға болмайды», – дейді академик. Ал «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, дәрігер Бақыт Түменова «аурухана сала берген тиімді емес» деген ойды айтады. «Бір қарағанда, 8 мың төсектен асатын және халықаралық стандартқа сай дамыған жоғары технологиялық ауруханалар желісін құру қызықты идея болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, бұл денсаулығымыздың емес, ауруымыздың бейнесін көрсетпей ме? Сонда біздің медициналық қызметіміз науқастар санының тұрақты өсуін күтетіндей соншалықты нашар жұмыс істей ме?» деген сауалды төтесінен қойды. Б.Түменованың айтуынша, «1978 жылы Алматыда халықаралық медициналық қоғамдастық қабылдаған Медициналық-санитарлық алғашқы көмек туралы декларацияда алғашқы медициналық көмек – адам денсаулығына, ал стационарлық қызмет – ауруларға жауапты екені анық айтылған. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек арқылы медициналық қызметтің 80-90 пайызын алуға болады. Яғни, науқастың 10-15 пайызы ғана ауруханаға жатқызылуы тиіс еді».Арбаны ат алдына қоюға болмайды
– Егер біз кез келген елдің медициналық көмегін пирамида түрінде алар болсақ, онда МСАК негізі – салауатты өмір салтын насихаттау, аурудың алдын алу, ерте диагноз қою. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негізі неғұрлым мықты болса, бүкіл пирамида соғұрлым тұрақты болады. Егер сіз іргетасын дұрыс қаламасаңыз, бірінші кезекте пирамиданың жоғары жағында орналасқан технологиялық медициналық көмекті көрсетер болсаңыз, онда ол ғимарат құлап қалады. Сондықтан медициналық бюджеттің негізгі бөлігі алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалуы керек, – дейді Бақыт Түменова. ХХ ғасырда адамдар негізінен жұқпалы аурулардан көп өлді. Оларды екпе егу арқылы құтқарып қалуға болар еді. Өкінішке қарай, өткен ғасыр басында адамдарды жұқпалы аурулардан сақтап қалатын вакцина болған жоқ. Ал ХХІ ғасырда жұқпалы емес аурулардан болатын өлім көрсеткіші жоғары. Мәселен, елімізде жүрек-қан тамырлары аурулары, онкология, қант диабеті, созылмалы обструктивті өкпе аурулары көбейіп кеткен. Бұл – өлімнің 82-84 пайызын құрайды. «Елдегі ағайын білім мен медицина деңгейіне көңілі көншімейді. Біз керісінше сол ауылдық жердегі шағын отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың желісін құрғанымыз дұрыс. Бұл заманауи технологиялармен жабдықталған медициналық орталықтарға арналған ғимараттар және медицина қызметкерлеріне арналған жалдамалы тұрғын үй болуы керек. Осылайша, біз медициналық кадрлардың тұрақтылығы туралы мәселені шешер едік. Бұл үлкен қалаларға да жарамды типтік жобалар болуы мүмкін. Мәселен, Алматыда бірнеше жылдан кейін біртіндеп, үлкен емханаларды отбасылық шағын дәрігерлік амбулаторияларға бөлуге болады. Одан бөлек, медицина қызметкерлеріне жалдамалы баспаналар салуға мүмкіндік туар еді. Әрі медицина қызметкерлері баспанаға қол жеткізер еді», – дейді Б.Түменова. «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті 16 аурухана салғаннан гөрі еліміздегі бар аурухана мен емханаларды қайта жөндеуден өткізген тиімді деп санайды. Оларды заманауи диагностикалық жабдықтармен жабдықтау қиын емес екенін айтады. «Тағы да біз арбаны аттың алдына қойғымыз келеді. Көпбалалы ананың қыста жылы киімі жоқ бес баласын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ол мұндай жағдайда өзіне несиеге қымбат тон сатып алар ма еді? Міне, осы орталықтар желісінің құрылысы да сол «қымбат тон» секілді. Бұл ақшаны медициналық көмектің сапасын жақсартуға және медициналық қызметкерлер жалақысын өсіруге жұмсаған әлдеқайда тиімді болар еді», – дейді қор басшысы. P.S. Қымбат ауруханалар желісін салған тиімді ме, керісінше өзімізде бар аурухана мен емханаларды қайта жөндеуден өткізген ыңғайлы ма? Қайсысына көбірек қаражат кетеді? Осыған бір сәт ойланған дұрыс секілді. Ең тиімдісі – ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу. Бізге керегі аурухананың көптігі емес, білікті дәрігер, қажетті диагностикалық аппараттың болғаны маңызды. Сонда ғана өлім-жітім азайып, аурудың алдын алар едік.Гүл БЕКЗАТ