Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романында «Ел – сүңгі мұз: ақырын ұстасаң түсіп кетеді, қатты ұстасаң сынып кетеді» деген сөз бар. Коронавирусқа қарсы карантин режимін де соған ұқсатар едік. Ауруды ауыздықтау үшін жүріс-тұрысты шектеп, жұмысты доғара тұруың керек, ал экономиканы есеңгіретпеу үшін қысымды босатуың керек. Екі оттың ортасы деген – осы.
Күні кеше елордада санитарлық нормаларды бұзған бірқатар нысан қайта жабылды. Оның ішінде құрылыс компаниялары, мейрамханалар, дәмханалар, азық-түлік сатпайтын дүкендер бар. Әкімдіктің мобильді тобы полицейлермен және эпидемиологтармен бірлесіп рейд жүргізеді. Карантин талаптарын қамтамасыз етпейінше нысандар ашылмайды. Тіпті, тұрғындар автобуспен қатынау тәртібін сақтамаса, қоғамдық көлік қозғалысы да тоқтауы ғажап емес. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қауіпті инфекцияға немқұрайлы қарауға болмайтынын тағы ескертті.
– Адамдар босаңсымауы, бетперде тағу режимін қатаң сақтауы керек. Егер санитарлық норма сақталмаса, қала қатаң карантин ережелеріне қайта оралады. Қалыпты өмірге тезірек оралу өзімізге байланысты, – дейді дәрігер.
Алматыда 46 нысанның жұмысына рұқсат берілмеді. Мегаполистің бас санитары Жандарбек Бекшин қаладағы әрбір ведомство, кәсіпорын мен мекемеде карантин талаптарының сақталуына жан-жақты тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Өткен сенбі, жексенбі күндері 269 нысанның тәртібі қаралған. Оның 222-сінің «дайындығы толық» деп бағаланған. Қалған 46 нысан карантин жағдайында жұмыс істеуге дайын болмаған.
Ал астананы жаяу аралаған Алтай Көлгінов көшедегі халықтың көптігіне реніш білдірді.
– Кейбіреуі маскасыз жүр. Төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин режимінен әлі бас тартқан жоқпыз. Вирус әлі де бар. Егер тәртіпке бағынбай, босаңсып кетсек, карантинге қайтып оралуымыз әбден мүмкін, – деді елорда әкімі де қаперге салып.
Рас, әбден мүмкін. Күні бұрын қуанып, бөрікті аспанға ататын жөніміз жоқ. Мысалы, карантин режимін жеңілдеткен Германия мен Оңтүстік Кореяда індет жаңа қарқынмен өршіп кетті. Сеул билігі карантиннен кейін ашылған түнгі клубтарды жауып тастады. Себебі коронавирусқа шалдыққан ер адам көңіл көтеру орнына барып, инфекцияны басқаларға жұқтырған. Ғимаратта болған 2 мыңдай адамның бәрі оқшауланды. Оны былай қойғанда, COVID-19 дертін толық жеңгендер сапында саналатын Сингапур мен Қытай да қатаң шараларды қолға алды. Қытайдың солтүстік-шығысында 100 миллионнан аса адам карантинге жатқызылған. Bloomberg мәліметіне сүйенсек, Цзилин провинциясында ауру жұқтырған 34 адам тіркеліпті.
Жалпы, осы уақытқа дейін дүниежүзінде 5 миллионға жуық адамнан коронавирус анықталса, 320 мыңнан астам адам көз жұмған. Онымен күресу үшін қатаң карантин режимі қажет. Ал карантин әлем экономикасын көпке дейін оңалмастай ойсыратып жіберді. Өйткені адамдар жіпсіз байланып үйде отырады, ақшаны аз табады және аз жұмсайды, тұтыну төмендейді. Содан барып шаруашылық шайқалады. Бұл қысылтаяң қия беткейден «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» өтетін жол қайсы? Өркениет өріндегі мемлекеттер қай бағытты таңдаған? Батыс Еуропа мен АҚШ таразы басын тең ұстайтын орта жолға түскен сыңайлы. Рационалды сценарий бойынша елде коронавирус тарала бастағанда 30-45 күнге карантин шаралары енгізіледі, вирус бәсеңдегенде халық қайтадан жұмысына оралып, бұрынғыша өмір сүре бастайды. Ондайда вирус қайта тарайтыны анық. Сол кезде тағы 30-45 күнге тағы карантин басталады. Осындай ауысыммен вакцина табылғанға дейін ғұмыр кешеді. Неге? Өйткені халықты қапаста қамап ұстау мүмкін емес. Одан тұрғындардың әл-ауқаты әлсірейді. Қайбір күні Илон Маск ашуға мініп, Калифорния штатының карантин режиміне қарамастан, Тесла көлігін құрастыратын зауытының жұмысын іске қосты. Артынша оны Дональд Трамп жақтап, екеуі бір-біріне рақмет айтып үлгерді. Яғни, азуын айға білеген державалардың өзі көмекке зәру жандардың бәрін бірдей асырай алмай отыр. АҚШ билігі пандемиядан зардап шеккендерді қолдауға 4 триллион долларға жуық қаржы бөлген.
Әрине, азаматтардың бетпе-бет жүздесуіне барынша тыйым салынса, халық күндіз-түні сыртқа шықпаса, індетті түбегейлі жоюға болады. Бірақ олай істесе, адамзат бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген дағдарысқа ұшырайды. Оның үстіне, кейбір адамдар әлі күнге шейін жауапкершілік сезінбейді. Тіпті, арамызда коронавирустың бар екеніне сенбейтін білгіштер де кездеседі. Өзіміз куәміз, Қазақстанда 11 мамырдан бастап ТЖ режимі тоқтаған соң ел-жұрт еркінсіп кетті. Вирус туралы жаңалықтарға еті үйренгені сонша, ауру жұқтырғандар саны 6 мыңнан асып бара жатса да, өзіне қатысы жоқтай, ештеңе өзгермегендей жүре береді. Жауапкершілік сезінетіндердің өзі қарым-қатынас жасамай тұрмайды. Дүкенге бару, шұғыл шаруамен көшеге шығу секілді өмірлік мәні бар күйбең тіршіліктен тыйылу өте қиын. Сондықтан бізге де экономиканы құлдыратпай, адам өлімін барынша азайту арқылы пандемияны жеңуден басқа амал жоқ.