Баға жетпес бір құндылық
Баға жетпес бір құндылық
1,018
оқылды

Өмірде бірқатар құндылықтар бар. Қоғам үшін ең басты құндылықтың бірі – сенім. Кез келген іске, тірлікке, қарым-қатынасқа, шаруаға, әрекетке сенім керек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құратынын жариялады.

Бұл – азаматтық қоғамды дамыту жолында жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы – ата-бабамыздан келе жатқан «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген даналығына толық сай келеді.

Ел жаңару кезеңіне бет алды. Қазақстанда жоғары биліктің ауысуы еліміздің барлық заңына сәйкес жүргізілді. Бұл Қазақстан­ның ішкі тұрақтылығын қамтама­сыз ететін негізгі фактор екені анық. Елімізде президент сайлауы өтті. Екінші президент сайланды. Халықтың басым бөлігі өз дауыс­тарын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріп, сенім мандатын қолына ұс­татты. Қашанда парасатты шешім қа­былдайтын халқымыз Қазақстан­­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың страте­гиялық саясатына қолдау білдірді. Тұрақтылық пен тыныштықты таңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. Ұлықтау рәсімінде жаңа басшы билік пен қоғамның алдында тұрған ең негізгі мақсаттар мен міндеттерді санамалап айтып берді. Енді қол қусырып отыра беруге болмайды. Сайлауалды тұғырнамада межелен­ген нәрселердің бәрін жүзеге асыру қажет. Халықтың әл-ауқатын жақ­сартып, саяси және экономикалық жүйенің тиімділігін арттыру керек боп тұр.

Президент уақыт тынысын тап басып отыр. Өз Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Расында, ел болған соң түрлі пікір болады. Көзқарас та сан алуан. Бірақ бәрімізді біріктіретін нәрсе – Тәуелсіздік, Қазақ елінің мемлекеттілігі.

Осы ретте біртұтас ел болу деген ұғымды бойымызға сіңіру керек-ақ. Әркім білген жағына тарта берсе, береке болмайды. Айтарың, ұсынарың, жеткізерің бар ма? Ұлттық қоғамдық кеңеске ұсын. Ұсынысыңды нақты дерек-дәлелмен дәйекте. Бәрі – ашық. Бағыт – айқын.

Мемлекет басшысының ұсы­нысы қоғам мүшелері арасынан қолдау тауып жатыр. Кеше Демо­кратиялық күштердің «Қазақ­стан–2050» жалпыұлттық коали­циясы президент сайлауының нәтижелерін қолдады. Мил­лион­даған қазақстандықтардың пікірі мен көзқарасын білдіретін демо­кра­тиялық күштердің жалпыұлт­тық коалициясы осындай маңызды кезеңде Елбасы саясатының сабақ­тастығын қамтамасыз етіп, Прези­дентіміздің ел-жұрттың алдына қойып отырған мақсаттарына жету үшін өз үлесін қосатыны даусыз.

Ендігі таңда елдің сеніміне көп нәрсе байланысты. Сенімсіздік синдромын түп-тамырымен жою­дың, жаңа қалыпта өмір сүрудің алғашқы нышандары айқындалды. Әділдік қағидаты осындайда жұ­мыс істеуі тиіс. Қоғамның тазаруы да сенімге тіреледі. Сенімге селкеу түспеуі керек.