Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында тұратын кәсіпкер Әзбек Мұхитов рамазан айында ауылдастарының қарызын кешірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өзінің айтуынша, ауыл тұрғыны шешенстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік желідегі челленджін көргеннен кейін осындай сауапты қадамға барған екен. Кәсіпкердің челленджді жалғастырып, ауылдастарының берешегін кешіргені әлеуметтік желіде кеңінен таралып кетті.
«Барыс» деп аталатын азық-түлік дүкенін 2011 жылы ашып едім. Ауыл тұрғындарының тауарды жаздырып алатыны бар. Олардың үш жылдан бергі қарызы 63 685 теңгеге жетіпті. Ішінде жоқ-жітік жандар да, берешегін қайтарамын деп жүргендер де бар. Тізімге қараған жоқпын, дәптердің сол беттерін жыртып тастап, бәрін кешіруді жөн көрдім. Ең бастысы, бір-бірімізге деген мейірімділіктен айнымайық, кешірімшіл болайық. Оразамыз қабыл болсын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Әзбек Мұхитов.
https://www.youtube.com/watch?v=Dlh-MX2syBI&feature=emb_logo