Азаматтық қоғамда әр адам өз көзқарасын білдіру үшін бейбіт митингке шығып, түрлі шерулерді ұйымдастыруға құқылы. Мұндай пікірді заң ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің құқықтық пәндер кафедрасының доценті Гүлбақша Мұсабаева білдірді.
Г.Мұсабаева заң жобасы өркениетті құқықтық мәдениетті қалыптастыратын заңнама болатындығына сенімі мол екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы ақпан айынан бері қызу талқыланып келеді. Солтүстік Қазақстан облысында да үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар жиналып, бұл құжат жайында өз ойларын айтып, ұсыныстарын білдірді.
«Жиын барысында отыздан астам ұсыныс айтылды. Бүгінде сол ұсыныстарымыз назарға алынғанына қуанып отырмыз. Соның бірі –журналистерге қатысты. Бұған дейін заң жобасында «Журналист» деген 8-10 тармақтан тұратын бөлек бап болды. Онда митинг кезінде БАҚ өкілдерінің әрекетін қадағалайтын, салдарынан олардың жұмысын шектеуі мүмкін бірнеше талаптар қарастырылды. Қазіргі заң жобасына ол бап «Журналист қызметі» деп өзгертіліп, тармақтар саны журналистің нақты құқығы мен міндетін көрсететін екі тармаққа дейін қысқартылды. БАҚ өкілі енді бейбіт шеру барысында қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті емес. Менің пікірімше, мұндай ережелер заңда қаралмауы тиіс, заңға тәуелді бөлек акт болуы қажет», - дейді Гүлбақша Мұсабаева.
Ғалымның пікірінше, заң жобасының көптің талқысына түсуі, Парламенттің қоғам өкілдерінің айтқан толықтыруларын ескеріп, оны енгізуі либералды жұмыс үлгісінің қалыптаса бастағанын аңғартады.
«Заң жобасында бейбіт пикет, митинг және жиындарды өткізу үшін хабарландыру тәртібі енгізілмек. Егер де жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналысты өткізу туралы жауап бермесе, бұл үнсіз келісім болып есептеледі. Десек те мұндай жиындарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органның келісімін алу керек. Сондай-ақ жекелеген қатысушылардың заңсыз әрекеті үшін бейбіт жиналысты тоқтатудың қажеті жоқтығы да айтылды, ол да ескерілді», - дейді Гүлбақша Мұсабаева.
Бейбіт жиналыстарды өткізу арқылы азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша көзқарастарын білдіре алады. Гүлбақша Мұсабаеваның пікірінше, бұл заңды экономикалық дағдарыс жағдайында талқылап, қабылдау дұрыс шешім болмақ.