Президент айтпай іс ілгерілемей ме?
Aiqyn және Egemen Qazaqstan газеттеріне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдықтан арылуға, сән-салтанатты шараларға бюджет ақшасын босқа шашуды тоқтатуға шақырды. Ізінше, Мемлекет басшысына ел Үкіметі «имидждік іс-шараларға бөлінген шығыстардың 30 миллиард теңгеге қысқартылғаны» жөнінде есеп берді. Қ.Тоқаев бұл істі құптады, әйткенмен одан да зор нәтиже күтетінін аңғартты: «Бұл тек бірінші қадам ғана» деп нықтады ол. Содан соң бұл мәселені бірнеше рет ескерткені бар. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, имидждік шаралар бойынша сатып алулардың ең көп сомасы жергілікті бюджеттерде көзделді. Олар негізінен, қысқартылды. Жалпы сомасы 128,6 млрд теңге тұратын шығыстар жойылды. Соның ішінде министрліктерден – 23 миллиард теңге, өңірлерден – 26,6 миллиард теңге, ал квазисектор компанияларынан 79 миллиард теңге үнемделді.Аноним пікір де аса құнды
«Время» және басқа да басылымдар таяуда елорда әкімдігінің имидждік жобаға 125 миллион теңге бағыттағанын жария етті. Ресми тілде бұл «әлеуметтік желілерде және басқа интернет-платформаларда оң имиджді және беделді тиімді ілгерілету» деп аталыпты. Жұртшылыққа мәлім болған дерекке сәйкес елорда әкімдігінің Dasco DataCom ЖШС-мен бекіткен бірінші шарты «Астана әкімдігінің және құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне қатысты ЭВМ арқылы ақпараттық кеңістікте мониторинг жүргізу» деп аталыпты. Келісімде көрсетілгендей, Dasco DataCom басшысы шахматшы, қарапайым шенеунік болған, бүгінде өз компаниясын құрып, бюджетті игеріп жүрген Дәрмен Сәдуақасов. Бір қарағанда, компанияға тек әкім мен оның қызметкерлері туралы ғаламторда не жазылатынына шолу жасап отыру ғана жүктелгендей көрінуі мүмкін. Әкімдіктің өз жұмысын халық қалай бағалайтынын білгісі келгенінде ешқандай қылмыс жоқ. Бұл, тіпті «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетіндей. Егер олқылық уақытында әшкереленіп жойылып отырса, бұдан елге тек пайда келеді. Бірақ ақпарат құралдары анықтағандай, жергілікті билік туралы интернет материалдарына мониторинг жасау – мәміленің тек бір бөлігі ғана екен. Техникалық сипаттамада жазылғандай, «Тапсырыс берушінің имиджін ілгерілету» бөлімінде тікелей нұсқау беріледі: орындаушы компания қазақстандық және шетелдік ақпараттық-талдау алаңдарында, форум, блог, жаңалықтар таспасында, әлеуметтік желіде орналастырылған теріс жарияланымдарға үн қатып, пікір-комментарий жазады. Ол пікірлер тек оң немесе бейтарап ауанда болуы тиіс. Осы арқылы пікірталас қажетті арнаға түсірілмек. Мұндайды әрине, «ботоферма» деп атайды. «Время» газеті қол жеткізген құжатқа сәйкес, пікір Facebook, VK, Одноклассники, Instagram алаңдарында қалдырылуы тиіс. Олардың саны ай сайын мыңнан кем болмайды. Бұдан бөлек, Dasco DataCom ай сайын осы желілерде оң не бейтарап сипатта мыңнан аса жарияланым орналастырады. 2019 жылғы тамыздан желтоқсан аралығында «әкімдіктің имиджін ілгерілету» ел қазынасы үшін 36 миллион теңгеге түсіпті. 2020 жылдың басында қала әкімдігі Д.Сәдуақасов компаниясына тағы 100 миллион теңгеге жаңа тапсырыс береді. Рас, біраз уақыт өткенде наурызда қосымша келісім бекітіп, тапсырыс сомасын 89 миллионға дейін кеміткен. Алайда мемлекеттің бұдан ештеңе үнемдемегені әшкереленді: аталған ЖШС он миллион теңгеден астам қосылған құн салығын төлеуден босатылыпты, яғни онсыз да пайдаға шықты. Басылымның хабарлауынша, Нұр-Сұлтан әкімдігі Dasco DataCom компаниясымен еш конкурс өткізбей, бір көзден сатып алу жолымен контракт бекітіпті.Әкімдік не дейді?
БАҚ-та таратылған осы деректерге елорда әкімдігі түсініктеме берді: «2020 жылғы 13 ақпанда қалалық Қоғамдық даму істері басқармасы Dasco DataCom ЖШС-мен арада әкімдіктің және құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне қатысты ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізу қызметін көрсету жөнінде шарт бекітті. Аталған қызмет аясында мемлекеттік органның имиджін ілгерілету ісі жүргізілмейді. Ол тек БАҚ-қа мониторинг жүргізуді қарастырады, бұл қоғамдық-саяси ахуалды және халықтың әлеуметтік көңіл күйін ары қарай зерттеу үшін қажет. Соның қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік проблемаларын шешуге байланысты ұсынымдар мен жедел шаралар қабылданады», – делінген хабарламада. Әкімдік отандық және шетелдік медиа кеңістіктегі барлық БАҚ талданатынын айтады. Өз кезегінде сарапшылар бұл үшін ел бюджетінен ондаған миллион аста-төк қаражат жұмсаудың қажеті жоғына, Google, Yahoo, Bing, AltaVista, Yandex секілді кең танымал, тегін іздеу жүйелерінен іздесе, солар бәрін тауып беретініне екпін түсіреді. Қоғамдық даму істері басқармасы өз жауабында ғаламтордан сүзіп алынған арыз-шағымдар негізінде «елорда тұрғындарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, жолға, ПӘК-терге және басқасына қатысты өтініштері құрылымданатынын» жеткізді. «Мониторинг нәтижелері бойынша қорытындылар шығарылып, шара қолданылады», – дейді әкімдік.Сарапшылар неге таңғалды?
Белгілі блогер Ғалым Байтүк Нұр-Сұлтан әкімдігінің пиарына жүздеген миллион ел қаржысы кетіп жатқанына назаланды. «1997 жылы туған Әзиза Әбілбек есімді бойжеткен басқаратын New Vision LTD ЖШС керемет олжаға кенелді: ол «сайттарға ақпараттық қолдау көрсету қызметі» атты лотты ұтып алыпты. Лот сомасы – 267,8 миллион теңге! Бұл Дәрмен Сәдуақасовтың фирмасы жеңіп алғаннан екі еседей көп. Егер Дәрмен шахмат гроссмейстері болса, онда мына бойжеткен – нағыз кемеңгер» деп жазды Facebook парақшасында Ғ.Байтүк. Оның мәліметінше, тендердің техникалық міндетінің бірі – «Нұр-Сұлтан әкімдігінің медиа орталығының жұмысын ұйымдастыру және ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету. Қала әкімдігінің қызметін жергілікті және республикалық деңгейде интернет-ресурстар, блогтар және әлеуметтік желілер арқылы жариялау» аталған. «Яғни, әкімдіктің жаңа пиаршысы анықталды. Масқара, ақпараттық және имидждік қызметке қаншама ел қаржысы шығындалуда десеңізші? Ел бойынша жинаса, жүздеген миллиард шығады. Ол ақшаны адамдардың 4-5 тобы ғана қалтаға басуда. Олардың атына әртүрлі фирма тіркелген, қағаз жүзінде басшы тағайындалған. Бұл фирмалар бір көзден сатып алу тәсілімен барлық тендер-конкурсқа қатысып жатыр. Бүгінде хат қоржыныма күмәнді конкурстар және «блатнойлардың» компанияларына қатысты ақпарат тасқындап түсуде. Бұлар қаптаған имидждік және ақпараттық бағытты астына басты. Техникалық тапсырма да солардың ыңғайына қарай жазылады. Қарапайым бизнесмен мұндай көп миллиондық тендерді жеңіп ала алмайды» деген пікірде Ғалым Байтүк. Белгілі экономист Александр Юрин мемлекеттің игі имидждік шараларын шенеуніктердің өз мақсатына жұмсауынан сақтану керек деген ойда. «Мемлекет болғасын, имидждік іс-шаралар, форумдар, халықаралық спорт жарыстарын, көрмелерді өткізбей тұра алмайды. Шетелде Қазақстанды дәріптейтін жарияланымдардың орындылығы бар. Халықты ақпараттандыруды мемлекеттік БАҚ жүргізе алады. Ал ел ішіндегі басқа имидждік шараларға сақ болған жөн. Орталық және жергілікті билік өкілдері халықтың мұң-мұқтажына құлақ қойса, мәселесін сергелдеңге салмай дер кезінде шешсе, жұрттың өзі оның беделін көкке көтеріп әкетеді. Тіпті, шетелден келген қонағына мақтайды. Алайда бізде миллиардтар босқа шашылуда, ондай жобалардың мердігері болу бақытын иеленетін бизнес құрылымдар артында шенеуніктер мен квазисектор компанияларының топ-менеджерлері тұруы ықтимал», – дейді сарапшы. Бұл жайт анықталса, дау-жанжалға соқтырып, билік имиджін тіптен бүлдіруі мүмкін. Жалғыз әкімдер ғана емес, министрлер де имидждік шаралардан аяқ тартпай отыр. Мысалы, дәрігерлерді сақтандыру төлемақысымен және үстемеақымен толыққанды қамтуға ақша таппаған Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 жайлаған шақта әлеуметтік желілерге арналған 5 қысқа «вирустық ролик» түсіру үшін агенттікке 21 миллион төлемекші болды. Қоғам сынына ұшырағаннан кейін ол райынан қайтқан сыңай танытты: мемсатып алу порталындағы жанжалды конкурс туралы хабарламасын жойды. Әйткенмен, бейнероликтер түсіріліп жатыр.Айхан ШӘРІП