Мұхит асқан жетімдер
Мұхит асқан жетімдер
473
оқылды
Оның есімі – Теодор. АҚШ-та тұрады. 2001 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген Марат Оразғалиев бір жасында тағдырдың тартуымен мұхит асып кеткен екен. Қазір жасы жиыр­маға келді. Өзінің түп-тамырын іздеген Теодор мессенд­жер арқылы ағасын тауыпты. «АҚШ-тағы асырап алған ата-анам өте жақсы адамдар, олар менің туыстарымды 2008 жылдан бастап іздеп, менің қазақ екенімді үнемі еске салып отырды. Қа­зақ­стан деген мемлекеттің Өскемен дейтін қаласында туыс­тарым бар екенін ұмыттырған жоқ», – дейді Теодор. Ол осыдан бір ай бұрын Өске­менде тұратын Рүстем дейтін аға­сы мен апайы бар екенін біліпті. Теодор ағасымен де, апайымен де байланысқа шығып, интернет ау­дармамен сөйлесіпті. «Қазір үздік­сіз байланыстамыз. Суреттерін көрдім. Биыл туған жерімді, туған қаламды, туыс­тарымды көрсем деген арманым бар. Қазір жатсам да, тұрсам да ойлайтыным – Өскемен қаласы. Ертіс өзенін көргім келеді. Қазақ жері қандай, халқы қандай екен, руымды білгім келеді», – дейді Теодор. Ол АҚШ-тың Флорида штатындағы Пен­сакола қала­сында тұрады екен, колледжде оқиды. Карантин бітсе, елге келу ойында бар. Ағасы екеуі Өс­ке­мендегі балалар үйінде болып­ты. Рүстемді 5-сыныпта оқып жүр­­генінде асырап алған екен. «Туған бауырым бар екенін, оны Аме­рикаға алып кеткенін алғаш рет 7-8 сынып оқып жүр­ген­де білдім. Бірақ мұхит асып кеткен бауыр­ды табу мүмкін емес, бос қиял сияқ­ты болып көрінетін. Облыстық білім басқармасынан хабарласып: «Сіздің туған бауы­рыңыз табыл­ды» деген кезде ішім­ді алай-дүлей сезім биледі», – дейді Рүстем БАҚ-қа берген сұхба­тында. Тағдыр екіге бөлген ағайын­ды жігіттерді қайта та­быс­тыр­ды. Табыстырмаған, іздеусіз-сұрау­­сыз, мұхит асып кеткен ба­ла­­лар қаншама?! Олардың тағ­дыры не болып жатыр?  

Шетелге кетті сан бала...

Бір кездері ұлттық арнада «Шетелдегі қазақ балалары» атты арнайы бағдарлама түсірілді. Бағ­дарламаны түсірген – журналист Жанар Байсемізова. Бұл жобамен журналист әлемнің 12 елін аралап шық­қан екен. Жанар Байсемізо­ва­­ның «Дүниежүзінің 30 елінде қазақстандық жетім балалар өмір сүреді. Білім және ғылым ми­нистрлігі Балалардың құқын қорғау комитетінің мәліметінше, 8 806 баланы шетелдік азаматтар асырап алған. Олардың қаншасы қай елде тұратыны туралы толық­қанды ақпарат бар. Сегіз мыңнан астам ұл мен қыздың жеті мыңға жуығы АҚШ-қа берілген. Алайда іссапар барысында ресми мәлімет­тің шынайылыққа жанаса бер­мей­тінін байқадым. Кей мем­лекет­тердегі Қазақстан елшілігі­нің консулдық бөлімінде тіркел­ген балалар саны мен комитет берген деректер үйлесе бермейді. Кейбір мемлекеттердегі қазақ­стандық балалар мүлдем із-түзсіз кеткен. «Шетелдегі қазақ бала­лары» бағ­дарламасында бұл та­қырып кө­теріл­геннен кейін құ­зырлы орган­дар ол балаларды іздеп, нақты мекенжайын анық­тады. Қазақ балалары, тіпті Оңтүстік Африка Республи­ка­сына, Австралия, Мальтаға да өткен» дегені бар еді. Одан бері де бірнеше жыл өтті. Қазір бала асырап алудың заң­дылығы өзгерген. Оның да белгі­ленген талаптары бар. Мәселен, осы уақытқа дейін қасақана қыл­мыс жасағаны үшін сотталған, сотталған мерзімін өтемеген аза­маттарға, азаматтығы жоқ адам­дарға, тіркелген некеде тұрмаған еркек жынысты азаматтарға, ҚР заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қам­тамасыз ететін табысы жоқ аза­маттарға, наркологиялық немесе пси­хо­неврологиялық диспан­сер­де тұратын адамдарға, заңды неке­леспеген азаматтарға бала асырап алуға рұқсат берілмейді. Бұрын­ғыдай оңды-солды балалар да шетел асып кетіп жатқан жоқ. Деген­мен қаракөздерімізді өз елімізде асырап алуға көбірек мүмкіндік берсек, Теодор секілді өрімдей жастар елді аңсап, туған жерін сағынып, шетте қалмас еді.  

Бала қиянат көрмеуі керек

«Шанс»  орталығының жетекшісі Ольга Рыльға қоңырау шалғанымызда «Баланың толыққанды отбасында өскені дұрыс. Бірақ бала қандай отбасына тап келеді? Кейбір туған ата-ананың өзі балаға зәбір көрсетіп жатыр. Кей отбасы асырап алған баласын туғанынан артық көруі мүмкін. Сол себепті бұл адамның санасына байланысты. Әрине, жақсы отбасына тап келсе, жақсы. Қатыгез, қиындық көрсететін ата-аналар да бар. Ондай адамдар балаға қамқорлық таныта ала ма?», – дейді.    width= Ал әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова: «Жетім баланың балалар үйінен гөрі отбасында өскені оның өмірден өз орнын табуына, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруіне пайдасы көп. Бала отбасы мүшелерінің функциясын көріп өседі. Әке мен ананың, аға мен інінің, әпке мен қарындастың қандай екенін сезінеді. 2000 жылдармен салыстырғанда қазір жетім баланың, жетімдер үйінің саны азайып келеді. Оның орнын «Ана мен бала» орта­лықтары басуда. Енді бізге әлеуметтік үйлердің екінші жетімдер үйіне айналып кетпеуін қадағалау қажет», – дейді. Бала асырап алушылар үшін кездесетін кедергілер де аз емес. Көпшілік көбіне «қа­ғаз­бастылықтан» қажиды. Кезекте тұру, құжаттар жинау, тағы да басқа заңдылықтан шаршайды да, бала асырап алудан бас тартады. «ТМД мемлекеттеріне тән нерсе, бала асырап алуда өз елдерінің азаматтары емес, өзге елдің азаматтарына жеңілдіктер көп секілді. Мәселен, қазақстандықтардың бала асырап алуда кездесетін қиындығы өте көп. Керісінше, шетелдік агенттіктер бұл функ­цияны жылдам атқарады. Сол үшін бала асырап алушы да осындай агенттіктерге сүйенеді. Жалпы, бала құқығы туралы Гаага конвенциясына  қол қойған мемлекеттердің барлығы да бала асырап алуға келісімін бе­реді. Бұл посткеңестік ТМД мемлекеттеріне де қатысты. Олардың қатарында Ресей, Қа­зақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы да бар. Ресей мен Қазақстан, Украина мен қырғыз елінде шетелге бала асырап алу тә­жірибесі кең таралған. Ол шетелдік агенттік­тердің де белсенділігінен шығар. Кез келген конвенцияға қол қойылғанда ол кез келген мемлекеттің балаларын шетелге жіберуге жол ашпайды. Барлығында бірінші басым­дық елдегі азаматтарға берілуі тиіс. Яғни, бала мүмкіндігінше елде қалуы керек. Алай­да біздің елде бала асырап алу мәдениеті ашық емес. Бұл  механизм дұрыс жолға қойылмаған. Қазақстандықтар бала асырап алуда көбіне дені сау баланы іздейді. Немесе ауру баланы асырап алып, кейін оны қайтарып жатады. Бұл баланың психикасына әсер етеді. Тіпті, бала асырап алудың өзі қиын. Сондықтан біз баланың елде қалуына жағдай жасауымыз керек. Негізі, біздегі жетімнің көпшілігі – әлеуметтік жетімдер. Арасында тастанды балалар бар. Біздің мақсат – ол балалардың жетімдер үйіне түспеуіне жағдай жасаған жөн. Мейлінше, ол балаларды отбасына асырауға берсе, дұрыс болар еді», – дейді әлеуметтанушы.  

Қазақ баласын қазақ асырап жүр ме?

Қиын-қыстау кезеңде, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жетімдерге барынша қамқорлық танытып, бауырына басқандар көп болды. Бұған соғыс жылда­рында БКП(б) Орталық комитетінің «Жетім балаларды асырап алу жөнінде» шыққан жасырын қаулысы сеп болған секілді. Мә­селен, тарихи деректерде Ворошиловтың Фрунзенің ұлы мен қызын бауырына басқа­нын, Петр деген жетім баланы асырап алға­ны туралы жазылады. Шаяхметов те ұл баланы асырап, азамат етіп өсірген екен. Ал қазақ дәстүрінде біреудің нәрестесін бауырға салу, яғни асырап алу  – ежелден бар нәрсе. Бала асырап алу көбіне өз кіндігінен ұрпақ болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылған. Қазақ салтына орай бала асырап алушы той жасап, ер бала болса – асықты жілік, қыз бала болса – тоқпақ жілік ұстау ғұрпын істеген. Бұл оның көпшілік алдындағы анты, уәдесі іспетті дүние. Ресей баланы асырап алған отбасына қамқорлық көрсетіп, арнайы жәрдемақы төлейді. Мұндай қамқорлық көрсету – Солтүстік ирландиялықтарға да тән. Олар әр отбасына баланы бағып-қаққаны үшін аптасына 200 АҚШ долларын төлейтін көрінеді. Сонда айына 800 доллар шығады деген сөз. Израиль «Еврей тек еврейдің бала­сын асырап алады» деген қағиданы ұстанады. Ал қазақ баласын қазақ асырап алып жатыр ма? Керісінше, біздің елде асырап алған баланы қайтарып беретін де жағдайлар кездеседі. Барлық қиындыққа қарамастан, асырап алған баланы жетімдер үйіне қайта өткізу – одан өткен қиын іс. Мұндай жағ­дайда бала психологиялық күйзеліске түседі. Оған себеп – ата-аналардың ынтасы жете бермейді. Сондықтан қиындықтан қашып, баланы қайта өткізе салуды тиімді көреді. Бірақ ол баланың ертеңі қалай болатынын олар ойланбайтын секілді.  
P.S. Шетелдегі балалардың бәрі Теодор секілді елді аңсап, туған жерін сағынып жүр ме? Теодордың асырап алған ата-анасы оған туған жері туралы ашық айтып отырды. Ол сол себепті Өскеменде қалған бауырын оп-оңай тауып алды. Ал өзге балалар ше? Олар «жетім қозы  тасбауыр, түңілер де отығар» деп, үмітті үзе салды ма екен, кім білсін?!
 

 width=Гүлзина БЕКТАС