Этнография әлемі ұлт болмысын айшықтайды
Этнография әлемі ұлт болмысын айшықтайды
329
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы руханиятымызға тың серпіліс әкелді. Тарихымызды түгендеуге даңғыл жол ашылып, ұрпаққа аманаттауға міндет жүктелді. Ұлтымыздың бай тарихын нақты деректермен жазып, көрсетуде жәдігерлердің болуы тарихтың ақиқатын айқындап, ұрпаққа бұлтартпас дәлелдермен жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жауапкершілік еліміздегі тарихи-өлкетану музейлерінен зерделенген жұмыстардың нәтижесін талап етеді.

Қазақтың қасиетті жерінде ғасырлар бойы қалыптасқан сан қырлы, рухани бай мәдениетінен бізге жеткен көне тарих жәдігерлерін жинақтау, жан-жақты зерттеу, олар­дың ішінен інжу-маржандай ең асыл­дарын сұрыптап ала білу, халық даналығы тудырған асыл қазынаны, егемен еліміздің игілігіне айналды­ру – музей қызметкерлерінің мін­деті.

Ұлттық мәдениетіміздің бір тар­мағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өне­гелі көне бұйымдары кейінгі ұр­пақ­қа танытар тарихи-мәдени жәді­герлер екені бәрімізге аян. Қазіргі кезде халықтың ұлттық санасы оя­нып, тарихи-мәдени мұралардың бай дүниесіне ұмтылысы күннен күнге дамып келеді. Осы орайда Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұжымы өткенге құрмет­пен қарап, бүгінгісін қадірлеп, ке­лешектің қамын ойлауды, көпшілік халықтың санасын қайта жаңғыр­туда біраз жұмыстар атқарып келеді.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында халық арасында кездесетін көзі жойылып бара жатқан ерекше ұлттық құндылықтар, көне жәді­герлерді жинау және музей қорын тарихи-мәдени құнды бұйымдармен толықтыру мақсатында өткен жыл­дың желтоқсан айында музейдің этно-экспедициялық тобы Қызыл­қоға және Жылыой аудандарына іссапармен болып қайтты. Бұл жо­лы іссапар аясында музей қызмет­керлері этнографиялық жәдігер­лерге молынан қол жеткізді.

Этнографиялық жәдігерлер қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін кешенді көрсетуге мүмкіндік береді және олардың көпшілігі сирек кездесетін тарихи-мәдени құнды­лық болып есептеледі.


Экспедиция мүшелері ел арасын­дағы қолөнер шеберлері мен ісмер­лердің қолынан шыққан туынды­лар – зергерлік, ағаш, тоқыма секілді этнографиялық жәдігерлерді іздеуді Қызылқоға ауданынан бастаған болатын.

Осы сапарда экспедиция мү­шелері 1992 жылы Жамбыл ауылдық округіне Маңғыстау облысынан осы ауылға келін болып түскен Гүлмира Бадановаға анасының өз қолымен тоқып сыйлаған қызыл, сары, қара түсті жіптермен терілген төртгүл өрнекті терме алашасы мен ХХ ғасырдағы мақпалдан тігілген зерлі бешпенті мен сары зерлі матамен ою-өрнек салынып, етегі тізеден сәл жоғары келген, астарлы, жағасы тік, ұзын жеңді көйлектің сыртынан киетін жеңіл сырткиімді жәдігер ретінде қабылдап алды.

Ләйла Долдашеваның келін болып түскенде сыйға берген анасының өз қолымен басқан түрлі түсті боялармен өрнектелген 2х4 өлшемді ақ текеметі де музей қоры­на алынды.

Қоныстану ауылының тұрғыны Мариям Жұмабекова 1992 жылы қызыл жіптермен «Орынша», «Смағұл», «Роза», «Ахмет 1972» деген жазулары бар, қысқа етіп теру әдісімен тоқып, бір-біріне жалғап тіккен қима алашасын және Дархан Искақов Даман ауылы маңында Әмір деген қыстақта мал баққан 1937 жылы дүниеге келген әжесі Дамет Сарсенқызының 1960 жылы күнделікті тұрмыста пайдаланған жастық ағашын тапсырды. Адам жатқанда немесе отырған кезде сүйеніп отыруға қолайлы болу үшін қолданылатын үй жиһазы ақ, қызыл, көк түсті ою-өрнектермен боялған. Бүгінде жастық ағаштың түрі өзге тұрмақ қазақтардың өз­дерін таңғалдырып келеді. Себебі, ата-бабаларымыз адам денсаулы­ғына пайдалы етіп жасаған жастық ағаш заманында көптеген аурулар­дың, әсіресе, бүгінгі бел ауру, омыртқа ауруларының алдын алуда пайдалы болғанын айтуымыз керек.

Музей қорына жәдігер тапсыру­шы Миялы аулының тұрғыны Райымбек Еламановтың айтуынша, арғы атасы бай, ауқатты отбасынан шыққан. ХІХ ғасырдағы арғы ата­ларынан қалған қылыш қынымен отбасылық көне мұра болып келген. Құнды мұраны күні бүгінге дейін отбасында сақталған. Басы біржүзді, қайқы келген кесу-шабу-түйреу арқылы зақым салатын қару түрінің сабы ағаштан жасалып, өзі ақ түсті металдан құйылған. Қыны ағаштан жасалып, сырты қайыспен қапталған.


Райымбектің анасы Күләш Әбдіғалиева нағашы әжесінен қалған мұра жүзікті табыс етті. Жан-жағында ұсақ өрнектері бар, батыс аймақтың зергерлік өнерінің сырын бүккен осы бұйымдар енді музей қо­рында болып, жұртшы­лыққа та­ныс­тырылып, ұлтымыздың зер­герлік шеберлігін паш етіп тұра­тын болады.

Аудандарға іссапар кезіне Атырау облыстық тарихи өлкетану музейі­нің ғылыми қор бөлімінің сектор меңгерушісі Болған Сүйеуғалиева, қор бөлімінің есепке алу маманы Кәмшат Елеуовалар мүшелігінде болған экспедиция құрамының қанжығасы ұлттық құндылықтармен толықты.

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Светлана Нұрпейісованың айтуын­ша, экспедицияның Жылыой ауданына сапарлары да сәтті болып, этнографиялық жәдігерлер қатары толыға түскен.

Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Әсемгүл Тұрлашева енесі Шашты Тұрлашеваның өз қолымен тоқып, ұрпақтарына мұра етіп қалдырған үш алашасын, жылыойлық Қай­шыбай ұстаға соқтырған алюмин қасықтарын музей қорына табыс­тауға шешім қабылдапты.

Осы ауданның тұрғыны Биғайша Дарменованың келіні Нұрзия Аманқосова енесінің үй жиһазда­ры – кебеже, жастықағаш, асадал, сандықтарын, енесінің қолынан шыққан оюлы ақ және түркімен текеметтерін, кішкентай шай сан­дықшасы және арнайы тапсы­рыспен қолдан соққан қырықтық секілді көзінің қарашығындай сақтап келген дүниелерін музейге табыс етіп қуантты.

Сайып келгенде осы қазақтың тұрмыстық салтында қолданылып келген бұл дүниелер баба тарихынан сыр шертіп, әр жәдігердің қолдану туралы деректерін ұрпаққа жет­кізуде үлесі зор.


– Бұл жолы да экспедиция мүшелерінің олжасы көп болды. Құлсары қаласының тұрғыны Жанна Рахмат ХІХ ғасырдағы күміс алқа тапсырды. Алқа бір-біріне шынжырлар арқылы бекітілген бір үлкендеу, екі сопақша және бір түйме тәрізді алақаннан тұратын мойын әшекейі. Сопақша алақаны­ның бетіне қызыл шыныдан көз орнатылып үсті сіркеленіп өрнек­телген. 1931 жылы туған енесі Ата­ғалиева Злыханың тұтынған әшекей бұйымы атасының шешесінен 
1880 жылдары отбасылық мұра етіп қалдырылған құндылықты сақтап келген. Сондай-ақ 1926 жылы қайын атасы Хамза Атағалиевтың 13 жасында мектепке ұстаған қоңыр түсті былғарыдан тігілген, аузы бір-біріне киіле, үш жерден бекітілетін қол сөмкесі мен 1950 жылы енесінің тоқыған киіз үйдің керегесі мен уығының біріккен тұсынан сыртын орай тартылатын жалпақ басқұрын және отбасының күнделікті тұр­мыста пайдаланған бір жақ басы біріктіріле бекітілген үш таяқшадан тұратын тұрмыстық құрал мосын музей қорына алып келдік, – дейді экспедиция олжасымен бөліскен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейініңбөлім меңгерушісі Светлана Нұрпейісова.

Айтарлығы облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандарының өңірдегі аудандар мен ауылдардағы экспедициялық сапарлары баба­лардың этнографиялық қолөнер бұйымдарын ұрпақтан – ұрпаққа мұра етіп, мәдениеті мен өнерін дәріптеген халықтың бар асылын жинақтайтын музейдің қорын осындай құнды жәдігерлермен толықтырып келді.

Өткен ғасырлардан жеткен мұра жәдігерлер байырғы ата-бабала­рымыздың түрлі тарихи кезең­дердегі тұңғиық өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, діні мен ділі, көркемдік талғамы туралы сыр шертерін ескерсек, осылардың барлығын облыс халқы мен қонақтары тарихи-өлкетану музейіне келіп тамашалай алады.

Атырау облысы