Қазақстанда жаңа автокөлікке деген қызығушылық әлі де жоғары. Биылғы алғашқы алты айда елде 105,8 мыңнан астам жеңіл және коммерциялық көлік сатылды. Бұл – былтырғы жылдың рекордтық көрсеткішіне өте жақын нәтиже. Енді автокомпаниялар сатылым көлемінен гөрі сатып алушының сенімі үшін бәсекеге түсіп жатыр.
Көлік көбейді, енді сапа сыналады
141
оқылды

Тек маусым айының өзінде ресми дилерлер 21,8 мыңнан астам жаңа көлік өткізген. Яғни бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 12,5 пайызға көп. Бұл сатып алушылардың енді бағаға ғана емес, сапа мен технологияға да мән бере бастағанын көрсетеді. 

«Қазақстанның автокөлік нарығы әлеуетін әлі де арттырып келеді. Жалпы сатылым көлемі айтарлықтай өзгермегенімен, нарықтың ішінде маңызды өзгерістер жүріп жатыр. Бәсекелестік күшейіп келеді, ал сатып алушылар бағаға ғана емес, техно­логияға, қауіпсіздікке және сервистің сапасына да көбірек мән бере бастады. Бүгінде нарықтың көлемінен бұрын компаниялардың клиент сұранысына қаншалықты тез бейімделе алатыны маңызды болып отыр», – дейді «Қазақстанның Автокөлік одағының» президенті Анар Мақашева.

Бұл үрдіс автонарықтың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Сондықтан өндірушілер енді баға ғана емес, сервис пен қосымша қызмет арқылы да бәсекелесуге мәжбүр.

Сұраныстың сақталуы өндіріс көлеміне де әсер етті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан кәсіпорындары 96 089 автокөлік пен түрлі техника шығарған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,4 пайызға көп. Ал өндірілген өнімнің жалпы құны 1,15 триллион теңгеге жетті.

Жарты жылдың ішінде 88,8 мың жеңіл автомобиль, 3,4 мың жүк көлігі, 1,4 мыңнан астам автобус, сондай-ақ арнайы техника мен тіркемелер өндірілді. Бұл – өндіріс көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанының көрінісі.

«2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы отандық автокөлік өндірісінің тұрақты дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жаңа өндіріс алаңдарының іске қосылуы, модель­дер қатарының көбеюі және жергілікті құрам үлесінің артуы саланың дамуына серпін беріп отыр. Қазақстандық зауыттар ішкі нарықтағы орнын нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де біртіндеп күшейтіп келеді», – дейді Анар Мақашева.

Бүгінде автокөлік жасау Қазақстандағы бүкіл машина жасау саласының 41,4 пайызын құрайды. Яғни елде өндірілетін машина жасау өнімдерінің әрбір екіншісіне жуығы автокөлік өндірісіне тиесілі.

Көш бастап тұрған қай көлік?

Қазақстандағы автонарықтағы бәсеке бұрынғыдан да қыза түсті. Биылғы жарты­жылдықтың қорытындысы бойынша ең көп өндірілген бренд – Hyundai. Қазақ­стандық зауыттарда осы марканың 19,5 мың көлігі шығарылды. Екінші орында – Chevrolet (17,9 мың), үшінші орында – Kia (11,7 мың автомобиль).

Сонымен қатар қытайлық брендтердің ықпалы айқын сезіле бастады. Changan, Chery, Haval, Jetour және Geely секілді маркалар алғашқы ондыққа еніп, нарықтағы үлесін жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Бұл сатып алушылар үшін таңдау аясын кеңейтсе, өндірушілер үшін баға, сапа және технология бойынша бәсекені күшейте түседі.

Өндіріс көлемі бойынша да көшбасшылар анық қалыптасты. Қостанайдағы Allur зауы­ты алты айда 34,5 мыңнан астам көлік шы­ғарып, жалпы өндірістің үштен бірінен астамын қамтамасыз етті. Одан кейін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, Hyundai Trans Kazakhstan және Kia Qazaqstan орналасқан.

Сарапшылардың айтуынша, қазір автонарықтағы басты өзгеріс – сатылған көліктің саны ғана емес, тұтынушының талғамы мен өндірістің сапалық деңгейінің өзгеруі. Демек, алдағы жылдары Қазақстан­дағы автокөлік нарығында жеңімпазды ең арзан баға емес, ең тиімді ұсыныс анықтайтын кезең басталып келеді.

Көлік құрастырудан толық өндіріске дейін

Қазақстандағы автопромның бүгінгі жетістігі тек шығарылған көліктің санымен өлшенбейді. Сарапшылар енді саланың жаңа кезеңіне – жергілікті өндірісті терең­детуге назар аударып отыр. Себебі автомо­бильдің негізгі бөлшектері ел ішінде өндірілген сайын импортқа тәуелділік азайып, қосалқы бөлшек­тердің қолжетімділігі артады, ал сервистік қызмет көрсету жүйесі де күшейе түседі.

Қазір бұл бағытта нақты қадамдар жаса­лып жатыр. Қостанай облысында жылына 60 мың автокомпонент жиынтығын шығара­тын жаңа локализация орталығы салынуда. Алматыда мультимедиа жүйелері, орындық­тар, ауа баптау жүйелері, сөндіргіш­тер, электр сымдары мен басқа да бөлшектерді өндіретін компоненттік кластер қалыптасып келеді. Сонымен қатар автобустар өндірісінде де жергілікті құрам үлесі біртіндеп өсіп жатыр. Мәселен, QazTehna зауыты қазақ­стандық болаттан штамптау өндірісін іске қосып, аккумуляторлар мен шиналарды жергіліктендіру жұмыстарын бастап кеткен.

«Автопромның келесі даму кезеңі өнді­рілген көліктің санымен емес, оның ішінде Қазақстанда жасалған бөлшектердің үлесімен бағаланатын болады. Бүгінде кәсіпорындар орындықтардан бастап мультимедиа жүйелеріне дейін ондаған компонентті өздері шығаруға кірісті. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, жеткізу тізбегін тұрақты етеді. Сонымен қатар жергілікті жеткізу­шілердің көбеюі жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің өндіріс саласына келуіне мүмкіндік береді. Локали­зация деңгейі артқан сайын қазақстандық автозауыттардың бәсекеге қабілеттілігі де күшейе түседі. Ұзақ мерзімде бұл ішкі нарықтың ғана емес, экспорттық бағыттың да дамуына негіз қалайды», – деп есептейді Ranking.kz сарапшылары.

Ертеңгі автонарық қандай болады?

Әлемдік автонарық электр көліктері, цифрлық технологиялар және жүргізушісіз жүйелер дәуіріне қадам басып жатыр. Қазақстандағы кәсіпорындар да бұл өзгеріс­терден шет қалып отырған жоқ. Зауыттарда интеллектуалды бейнебақылау, сапаны автоматты тексеру, цифрлық өндіріс модель­дері сияқты шешімдер енгізілуде. Сонымен қатар жаңа жүк көліктері мен электр техни­касын шығару жобалары қолға алынып, жоғары жылдамдықты қуаттау инфрақұры­лымын дамыту жұмыстары басталды.

Бұл өзгерістің барлығы қарапайым жүргізуші үшін де маңызды. Себебі техно­логиялық өндіріс дамыған сайын жаңа модельдер тезірек қолжетімді болады, сервистің сапасы артады, ал қосалқы бөлшектерді күту уақыты қысқарады.

Кәмила ДҮЙСЕН