Осы күні еліміздің қалаларында жаңбыр суының кәріз жүйесі, яғни суағар мәселесі жолға қойылмай отыр. Елордамызда көктем келе қар суы еріп, жаңбыр жауса, су кешіп кететініміз жасырын емес. Дамыған елдерде адам бойлап жүре алатын жерасты суағарлары жасалған. Ал бізде мұндай жүйені жасауға не кедергі?
Жолды жаңартқанда жанына арық қазуды ұмытып кететін сыңайлымыз. Көктем мен күзде су кешіп зәрезап болған жұрттың айтар уәжі осы сарында. Жыл басында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Үкімет отырысында республика бойынша 600-ден астам елді мекенде жаңбыр суының қаупі бар екенін айтты. Сол кезде вице-премьер Нұр-Сұлтан қаласында кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін Тұран, Б.Момышұлы даңғылдарында көшені су басуы мүмкін деп жорамалдаған. Ю.Ильиннің айтқаны дөп келді. Бірақ «жауаптылар біле тұра неге алдын алмады?» деген сұрақ мазалайды.
Гидрологиялық зерттеулерде биыл еліміздің кей аймақтарында қар 2019 жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп жауғаны айтылған. Осылайша, елорда тұрғындары көктемде су кешіп кетті. Негізі, жауын суын тартып алатын арықтар бас қаламызда соңғы рет 40 жыл бұрын қазылған. 2018 жылы бұл мәселені Сенат отырысында депутат Еділ Мамытбеков көтерген болатын. Сол кезде елордада жаңбыр суын тазартатын 13 құрылғы мен 3 су жинайтын тоған, 18 мың құдық пен 400 шақырым кәріз жүйесі бары айтылды. Халық қалаулысы мұның бәрі көше суын тазарту үшін аздық ететінін жеткізіп, жаңа кәріз жүйесін құру жайлы әңгіме қозғаған еді. 2017 жылы сол кездегі елорда әкімі Әсет Исекешевтің тұсында Есіл өзенінің жағалауында нөсер суын жинап, тазартатын кәріз нысаны салынған еді. Нысан тәулігіне 19 590 текше метр (4 мың бассейн суы) суды сүзгілей алады. Бірақ бұл да мәселені шешпеді. Былтыр жыл басында әкім болып тұрған шақта Бақыт Сұлтанов та осы түйткілді айтып, жауаптыларды сынаған. Ендігі әкім Алтай Көлгіновтің тұсында да халық нөсер суын тағы кешті.
Осы кезде жаңбырдан кейінгі көше суын тазартумен 100-ден астам техника айналысып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 3 370 текше метр су сорылып, 18 мың текше метр су тазарту құрылғысынан өткенін мәлімдеп отыр. Аңғарсақ, тағы да себебімен емес, салдарымен күресіп отырмыз. Қашан алдын алатын күн туады? Осы сұрақты қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына жолдаған едік.
– Биыл жазда Б.Момышұлы даңғылындағы су басу мәселесі шешіледі. Жауын-шашын канализациясы салынып жатыр. Кәріздің ұзындығы 500 метр (Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін, Б.Момышұлы даңғылымен өтеді). Құрылыс жазда бітеді. Одан бөлек, Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев пен Республика даңғылын жаңбыр суынан қорғау үшін су тазарту құрылғылары орнатылатын болады. Тазарту құрылғылары жер астында, үстіне абаттандыру мен шағын сәулет нысандары бой көтереді. Жалпы құрылысты 2021 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр, – деген жауап алдық.
Қала бойынша су жиналып қала беретін 32 орын бар екен. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов нөсер суының кәріз жүйесін толық шешу үшін кемі 2-3 жыл керегін айтқан болатын. Тек нөсер суын тазартуға байланысты жобаның өзіне 3 млрд теңге қарастырылған. Бұл бір ғана елордадағы жаңбыр суының мәселесі. Мұндай мәселелер өзге де қалаларда қайталануы мүмкін. Айталық, Алматы мен Шымкенттегі арықтардың жағдайы қалай, қала құрылысы қарқынды жүріп жатқан шаһарларда осы мәселе ескеріліп жатыр ма, қысқасы біраз сауал бар. Мәселен, қазір Қызылорда қаласында Сырдарияның жағалауында тұтастай шағын аудандар салынып жатыр. Онда нөсер суының кәріз жүйесі жолға қойылған ба?
– Қызылорда қаласында нөсер көп жауып, көшені су алып кететін жағдайлар кездесе қоймайды. Бірақ сақтық шараларын ұмытқан жоқпыз. Қаладағы кез келген көшенің екі бетінде де суағар арықтар бар. Былтыр С.Торайғыров пен Қорқыт ата секілді үлкен көшелердің бойына кәріз жүйесін орнаттық. Сол жағалауда жаңадан салынып жатқан қала 15 шағынауданнан тұрады. Мұнда да барлық көшеде арықтар қазылған. Арықтағы су кәріз жүйесі қаладан сыртқа төгіледі. Сондықтан бұл тұрғыда алаңдайтын мәселе жоқ, – деді Қызылорда қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Қаюпов.
Былтыр көктемде Ақтау қаласында жаңбыр жылдағыдан көп жауды. Сол кезде кейбір көпқабатты үйлердің кіреберісін су басып, тұрғындар біраз әбігерге түсіп, жергілікті әкімдікке өкпесін жеткізіп жатқанын көзбен көрдік. «Қала жолдары» ЖШС қызметкерлері күндіз-түні су сорғылап жатқанымен, жағдай оңала қоймады. Былайша айтсақ, қолда бар техника да қауқарсыздық танытты. Жауыннан кейін су кешіп жүрген тек елорда жұртшылығы емес екенін сонда аңғардық. Мұның өзі суғар мәселесінің өзекті екенін көрсетеді. Әрі бұл тек қалалардың емес, ауылдар мен шағын елді мекендердің де мәселесі. Бір сөзбен айтқанда, суағар мәселесіне кешенді көзқарас жоқ бізде. Ал дамыған елдер нөсер суын қалай пайдаланады?
Австрияның Вена қаласы нөсер суын тиімді пайдалану бойынша әлемде алғашқылардың бірі екен. Елде жаңбыр суы тазартылып, оның 50 пайызы тұрмыстық қажеттілікке, қалған 50 пайызы кәсіпорындарға жіберіледі. Ал Германияда жаңбыр суын канализацияға емес, жасыл желек пен егінді алқаптарға жинауға мүмкіндік жасалған. Осылайша, олар біз айтатын «табиғи зардапты» пайдаға айналдырып отыр.
Түйін:
Нөсер суын канализация арқылы айдауға қарағанда, біз айтып өткен Австрия мен Германия тәжірибесі еліміз үшін қолайлы болар еді. Оның үстіне, Қазақстан соңғы кезде ауыл шаруашылығына баса назар аударып отыр. Бұл мәселеде қарекетсіз қалсақ, көктемде толарсақтан су кешкен қала жұртының наразылығы таусылмасы анық.
Мадияр ТӨЛЕУ