Ұрланған көлік қайда кетті?
Ұрланған көлік қайда кетті?
Masked Man Breaking Into Car With Crowbar
281
оқылды
Ұрлықты бизнес көзіне айналдырғандар бар. Мысалы, Қа­зақстанда 1993 жылдан бері ұрланған 75 мың көліктің тек 14,5 мыңы ғана табылған. Трансұлттық топтар автокө­лік­­­ті ұрлап, кейін оны заңдастырумен айналысатыны да ай­­тылуда. Енді бұл мәселені Еуразиялық экономикалық одақ бірігіп шешпек. Өйткені Одақ құрамындағы елдердің бә­рінде көлік ұрлығы азаймай тұр. Алдағы уақытта ЕАЭО елдері ұрланған автокөліктердің бірыңғай базасын жасайды. 20 мамырда Мәжіліс «2005 жыл­ғы 25 қарашадағы ТМД-ға қа­­тысушы мемлекеттердің авто­кө­ліктерді ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қам­та­ма­сыз етудегі ынтымақтастығы тура­лы келісімге өзгерістер енгізу ту­ралы хаттаманы ратифи­ка­ция­лау туралы» заң жобасын қарады. Бұған дейін Еуразиялық эконо­ми­калық одақ елдері айдап әке­тілген автокөліктердің бірыңғай базасын құру туралы заң жобасын мақұл­даған болатын. Оның негізгі мақ­саты – ұрланған автокөлік иеле­рінің құқығын қорғау. Құ­жат­қа Қазақстан, Ресей, Тәжік­стан, Бе­ларусь, Қырғызстан және Мол­дова ішкі істер министрлері қол қойды. – Трансұлттық топтар авто­көлікті ұрлап, кейін оны заңдас­тырумен айналысады. Қымбат көліктердің көбі шетелде ізім-ғайым жоғалады. 1993 жылдан бері елімізде 75 мыңнан астам ұр­ланған және айдап әкетілген көліктің тек 14,5 мыңы табыл­ған, – деді Мәжіліс депутаты Ва­силий Олейник. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, соңғы 5 жылда автокөлікті ұрлау және айдап әкету фактісінің саны 30 пайызға азайған. – Бума-бума қағазды тасудың не қажеті бар? Бір ғана куәлік же­теді. Алайда Қазақстан аумағынан сыртқа шыққан кезде, барлық құ­қық белгілеуші құжатты өзімен бірге алып жүру міндетті. Соны­мен қатар полицейлер пайда­ланатын планшет көшеде тұрған бейнекамералармен интегра­ция­ланатын болады. Мұндай жүйе полиция қызметкерлеріне жүргі­зушілердің тәртіп бұзушы­лық­тарына жедел әрекет етуге мүм­кіндік береді, – дейді министр. Министр ЕАЭО елдері ара­сында айдап әкетілген көліктердің бірыңғай базасы құрылып жат­қанын атап өтті. – Ішкі істер министрліктері арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнатылған, біз бірлесіп жедел шаралар өткіземіз. Ұрлан­ған автокөлік табылған кезде, біздің басты мақсатымыз көліктің ұрланған елдің аумағында заң­дастырылуына жол бермеу. Біз қазір айдап әкетілген автокө­лік­тердің бірыңғай базасын құрып жатырмыз. Әзірге бес мемле­кет – ЕАЭО қатысушылары арасында. Осылайша, қандай автокөлік ұр­ланғанын онлайн режимде көріп, сол елдің аумағында тиісті ша­ралар қабылдаймыз, – деді  Е.Тұрғымбаев. Министрдің айтуынша, ұр­ланған көліктердің ел аумағына қайтарылмауы сұрау салу нор­масының жүзеге аспауынан бо­лып отыр. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа норма енгізілген. Енді ереже бойынша сұрақ-жауапқа бір ай ғана уақыт беріледі. Сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз болуы қажет. Хатта­мада жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен авто­кө­ліктер туралы мәлімет беру, кеден орындарымен ақпарат алмасу және 1 жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерде анықталса, сол мемлекеттің меншігінде қалдыру мәселелері қарасты­ры­лады. Заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдады.  

ТМД-дағы жағдай

Алматыда полиция ұрланған көлікті иесіне қайтарды. – Автотұрақта көлігімнің орнын сипап қалғанда қатты қа­паландым. Мен оны несиеге ал­ған­мын. Соны әлі төлеп жатыр­мыз. Полицейлер шұғыл әрекет етіп, бір тәулік ішінде машинамды тауып берді. Мен осы полиция қызметкерлерін қылмыскерді ізін суытпай ұстағаны үшін мара­пат­тауды ұсынамын, – деген болатын Татьяна Будаева көлігі табылған уақытта қуанышын жасыра ал­май. Дегенмен мұндай қуанышты жағдайлар күнде бола бермейді. Олай болса, қай елде қандай, көлік түрі ұрланады немесе қыл­мыс­керге қандай жаза қолда­нылады? Соған шолу жасап кө­релік. Ресейде Toyota көлігі ұры­лардың көз құрты. Одан кейін Hundai болса, үштікті KIA аяқтай­ды. 2019 жылы 20 мың көлік ұрлығы тір­келген екен. Беларусь елінде кө­лік ұрлығы көп емес. Негізі, Volkswagen, Audi, Ford және Opel кө­лік­тері жоғалады екен. Бұл елде жоғалған көліктерді иесіне тауып беру жақсы жолға қойылған. Мысалы, қолды болған 144 Volkswagen көлігінің тек жетеуі ғана табылмаған. Ал «жиендік» жасал­ған Peugeot, ГАЗ, Nissan, KIA кө­ліктерінің барлығы табы­лып, иелеріне қайтарылған. Әзер­бай­жанда Mersedesті ұрлау алдың­ғы орында. Өзбекстанда көлік ұрлы­ғымен ұсталғандар 15 жылға сот­талады. Сонымен бірге оларда кө­лік ұрлығы мемлекеттік құпия болып саналады. Арменияда ұрланған көліктердің басым бөлігі ресейлік Ladaға тиесілі. Тек қана 2016 жылы 14 000 Lada маркалы көліктерге іздеу жарияланған. Тәжікстан болса өз елінде ұрлан­ғандарға емес, сырттан келген қымбат көліктерге тексерісті көп жүргізеді. Із кесушілер 200 элита­лық көлікті тапқан. Оның 90-ы Германиядан айдалып келген ұрланған көлік болып шыққан. Ал Түркіменстанда көлік ұрлаушылар қатаң жазаланатын болғандықтан, елде бұл қылмыс тіркелмейді десек те болады. Иә, бұл трансұлттық қылмыс­ты түп тамырымен жойып жібер­месе де, бірігіп істелер ілкімді жұ­мыс нәтижесін беріп, көлік ұрлығы азаяр деген сенім бар.  

 width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ