Елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін қара халық жағымды жаңалықтарға құлақ түріп жүргені рас. Әсіресе, бұқара әлеуметке қызмет көрсететін нысандардың ашылуын асыға күтуде. Осы орайда, республикалық штаб 18 мамырдан бастап ел аумағында жазғы алаңы бар кафелердің қызметі қайта жанданатынын айтқан еді. Алайда тараздық кәсіпкерлерге карантиннен кейін тіршілігін қайта «тірілту» қиынға соғуда.
Олай дейтініміз, карантин шектеулері алынып тасталғаннан кейін Тараз қаласы көшелеріне рейдке шығып, бірқатар дәмханалардың жұмыс барысын барлаған болатынбыз. Алайда орталықтағы «Арал», «Қайнар», «Реал», «Сәлем» сынды мейрамханалардың есігінде әлі қара құлып таңылып тұрғанын көрдік. «Бірлес», «Анел» сынды кафелердің есігі ашық тұрғанымен, тұтынушыларға қызмет көрсетпеуде. Себебі нысан иелері ең алдымен үй болып үйіліп қалған қоқыстан демалыс орындарын тазартуда.
– Кафе жұмысы біраз уақыттан бері тоқтап қалғандықтан, сөрелерді шаң басып, аулалар түрлі қоқыстарға толып қалды. Қазір соны жиыстырып жатырмыз. Одан бөлек, ас мәзірін дайындау үшін аспазшыларымызға хабарласып, қайта шақыртудамыз. Және азық-түлік жеткізіп беретін компаниялармен де келіссөзді қайта бастадық.
Алайда кафедегі даяшылардың дені студенттер болғандықтан, қазір оларды таппай қалдық. Басым бөлігі ауылдарына кетіп қалған. Сондықтан аспазшы, даяшының қажетін айтып, хабарлама ілудеміз.
Карантиннен кейін қиын болғалы тұр. Себебі кафе тұрақты жұмыс істеп тұрғанда қорымыз болатын. Қазір қор қалмады. Сондықтан бәрін қайта басынан бастауға тура келіп тұр, – дейді демалыс орнының меңгерушісі.
«Арал» кафесінің иесі дәмхананы ашатынын, әлде ашпайтынын білмей отырғанын айтады.
– Жергілікті биліктің бізге қойып отырған талабы өте жоғары. Біріншіден, бізге қызметкерлеріміздің дене температурасын тексеріп тұратын тепловизор алу туралы талап қойды. Екіншіден, қызметкерлерімізді үйлерінен алып кетіп, кешке қайта апарып тастауымыз керек. Егер олардың бірі коронавирус инфекциясын жұқтырып алатын болса, оған да біз жауапты боламыз. Бұдан бөлек, келушілердің өздерін бір-бірінен қашық отырғызуымыз керек. Сондай-ақ тұтынушылар мен қызметкерлерге қажетті түрлі санитарлық талаптар да жетіп артылады. Сондықтан қазір біз «бұл тиімді ме, әлде жоқ па?» деп есеп-қисап жүргізудеміз. Бәлкім, алдағы уақытта ашылып қалатын шығармыз. Бірақ ол үшін шығындалу керек болып тұр. Алайда карантиннен кейі н қаржы мәселесі қос бүйірден қысуда, – дейді Ирина.
«Абдукодир» шайханасы болса, қалыпты жұмысын қайта бастап кеткен. Сейсенбіден дәмхана келушілерді қабылдауда. Алайда аc мәзіріндегі тамақтар бағасы айтарлықтай қымбаттаған.
– Әкімдік қойған барлық талапты орындап отырмыз. Қажетті санитарлық құралдардың барлығын алдық. Ас мәзіріміз де, көрсетілетін қызметіміз де сол күйі қалды. Алайда тамақтардың бағасын көтеруімізге тура келді. Себебі карантин кезіндегі шығындардың орнын толтыруымыз қажет.
Қазір кафеге келіп жатқан адамдар аса көп емес. Десе де, 30 адамнан қабылдап, олар орнын босатқаннан кейін басқаларын кіргізуге дайынбыз, – дейді шайхана қожайыны Абдукодир.
Осылайша, Тараздағы кәсіпкерлердің бірі кәсібін қайта жандандыра алмай отырса, енді екіншілері бағаны өсіру арқылы шығынның орнын толтырмақ. Негізі, ел көлемінде 18 мамырдан бастап шаштараз, сұлулық салондары, жазғы бастырмалары бар кафелер жұмысына кіріссе, Жамбыл облысы әкімдігі шектеу шараларын 19 мамырдан бастап алып тастады. Міне, осы сәттен әлеуметтік орындардың бірқатары қызметіне кіріскенімен, бағасы бұлқынып тұр. Екі есе қымбаттаған мейрамхана мәзірінен бөлек, шаштараз, сұлулық салондарының да қызметі 500-1 000 теңге аралығында өскен. Әрине, мұндай сәтте кәсіпкерлерге де өкпе арта алмаспыз. Себебі карантиннен кейін тіршілікті қайта тірілтіп, бизнесті жолға қою қиынның-қиыны болып тұрғаны сөзсіз. Оған қоса, облыс әкімдігі де әлеуметтік қызмет көрсететін нысандар іске қосылған бойда тексерістен-тексеріс жүргізіп, олардың жандарын алуда. Әрине, сақтық шаралары бәріне ортақ екенін түсінеміз. Алайда тіршілік ояну үшін, ең әуелі оған тыныс алуға мүмкіндік беру керек шығар? Әйтпесе, «отырғанын – опақ, тұрғаның – сопақ» қылғаннан Таразда шағын және орта бизнес тұраламаса, өрістемейтіні анық.