Кеңескенге не кінә?
Кеңескенге не кінә?
399
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Жаңа орган билік пен қоғам арасында диалог орнату үшін құрылады. Қазір әлеуметтік желіде «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі немен айналысады, оның құрамына кімдер кіреді, кеңес не шешеді?» деген мәселелер қызу талқыланып жатыр.

Мемлекет басшысының Жар­лығына сәйкес, Президент әкім­шілігі бір айлық мерзімде саяси пар­тиялар, үкіметтік емес ұйымдар көшбасшыларымен, азаматтық сек­тор өкілдерімен кеңесті қалып­тастыру және оның жұмыс тәртібі мәселелері бойынша консульта­циялар өткізуге, өткізілген консуль­та­циялар қорытындылары бойын­ша Қазақстан Республикасы Прези­­дентінің қарауына кеңестің құрамы мен кеңес туралы ережені енгізуі тиіс. Кеңеске жастарды қоса алған­да барлық қоғам өкілі кіреді деген болжам бар. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 2019 жылдың тамызында өтеді деп жоспарланып отыр.

Елде көп болып талқылайтын мәселелер бар ма? Бар. Мұны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Алаңға шыққан азаматтардың да айтары бар. «Көптеген қазақстан­дық материалдық жағдайы нашар­лаған соң, наразылық білдіріп кө­шеге шықты» деді жақында Мем­лекет басшысы. «Негізінен бұл – әлеуметтік сипаттағы талаптар. Бұл мәселелердің бар екенін жоққа шығармаймын. Жалпы айтқанда, олар адамдардың кедейленуінен туындап отыр. Олар Үкіметтен көкейкесті әлеуметтік-экономи­калық проблемаларды шешуді сұрайды», – деді Тоқаев Euronews арнасына берген сұхбатында.

Президент «Билік пен қоғамның диалогы Қазақстанның дамуы және оның қуатын арттыру туралы сан алуан пікірді негізге алуы тиіс», – деді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көзқара­сын ескеруге шақырып, жастар туралы пікір білдірді. «Бұл – ұлт бірлігі мен ел тұрақтылығын күшей­тудің басты жолы. Біздің жастары­мыз білімді, ұшқыр ойлы, Отанына адал! Олар өз армандарына қол жеткізуі үшін барлық мүмкіндік жасалады», – деп жазды Twitter-дегі парақшасында.

Euronews-ке берген эксклюзив сұхбатында Қазақстанда тұрғын­дарға шеруге шығуға рұқсат беретін заң қабылданатынын айтты. Қазақстан Президенті елде саяси өзгеріске қалай қол жеткізуге бо­латынын Еуроодақ мүшелерімен кеңескенін мәлім етті. «Саяси мақсатым – жастарды билікке тарту, мемлекеттік маңызды мәсе­лелерді шешуге көмектесу. Шеру жасаған қозғалыстардың өкілдерін келіссөз жүргізуге дөңгелек үстелге шақырамыз, мәселелер көшеде тәртіпсіздік пен аласапыран атмос­ферада емес, осылай шешіледі», – деді. «Жаңа заң қабылданады, енді демонстрацияға шығып, пікірін білдіргісі келген халық тиісті ор­ган­ға жүгінеді, оларға пікірін білдіру үшін арнайы жер беріледі», – деді Президент.

Біз кейде бір іс басталмай жа­тып, қолды бір сілтейміз. Істің ақырын күтпей, байбалам жасай саламыз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген халық даналы­ғына бір мезет құлақ асқан да дұрыс секілді.