Кептелген көлік, ағылған жұрт
Кептелген көлік, ағылған жұрт
5,237
оқылды
Елде төтенше жағдай біт­кенімен, карантин жалға­су­да. Сақтық шараларын сақтай отырып, бірқатар кәсіпкерлік нысанының жұмыс істеуіне рұқсат етілгенімен, әлі де шек­теулер көп. Соның бірі – қала арасындағы блок-бекет­тер. Осы мәселе төңірегінде ел арасында әртүрлі қаңқу сөз айты­лып жүр. «Жаяу жүргіншіні емін-еркін өткізеді де, неге көлікті өт­кізбейді?», «Түсініксіз жағдай, вирусты адам емес, көлік алып өте ме?» немесе «Елдің бәрі кө­ше­ге шығып кетті, көлікке шек­теу қойғаннан не пайда?» деген секілді гу-гу әңгіме. Одан бөлек, «Жақсылап сөйлессең, блок-бе­кет­тен өту оңай» деген сияқты әңгі­менің де желдей есіп тұрғаны жасы­рын емес. Иә, бұл сөздерді жұрт не үшін айтады? Себебі осыдан біршама уақыт бұрын ғана елдегі төтенше жағдайға байланысты барлық аумақта жарияланған карантин кезінде блок-бекеттерден ұшқан құстың да, жүгірген аңның да өтуі қиын болатын. Енді қалай төтенше жағдай алынды, кейбір шектеулерге қарамастан жұрт солай көшеге ағылды. Қалада нөпір жұрт, ағылған көлік. Сон­дық­тан болса керек, адамның еркін өтіп, көлікке шектеу қойыл­ғанына түсіне алмай әлек. Алайда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тіршілігі бір-бірімен біте қайнасып кеткенін ескерсек, күн сайын қаладағы 18 блок-бе­кеттен өтемін деп әрекет жасау­шылардың қарасы да көбейген. Бүгінде блок-бекеттерде ұзын-сонар кезекте, кептелісте тұрып, жүйкесі жұқарған жандардың жоғарыдағы сөздерді айт­па­сына амалы жоқ. Біз осы бақылау-өткізу пункт­терінің бірі – Шымкент қаласынан Төлеби ауданына өтетін үлкен жолдың бойында орналасқан Жыланбұзған бақылау-өткізу пунктінде болып, бүгінгі жағдайды көзбен көріп қайттық.  

9 баланың анасы шу шығарды

Ұшы қиыры жоқ кептеліс сонадайдан көрінді. Алдымен Шымкент қаласынан Төлеби ауданы жағына өтетін бекетке жақындадық. Байқаймыз, бекет­тегі полицейдің қалаға кірмекші болып тұрған жеңіл көліктің жа­нын­да тұрғанына біраз уақыт болды. Қасына жақындағанда рұқсаты жоқ көлік иесінің поли­цей қызметкерімен сөзге келіп жат­қанын естідік. Көліктің арт­қы есігінен шыққан 50 жас шама­сындағы әйел «9 баланың анасымын, мені ешкім тоқтата алмайды. Ленгір қаласындағы перзентханада келінім босанып жатыр. Соған бара жатырмыз» деп айқайлай бастады. Ал жүргізуші «Жұрттың бәрі көлігімен көшеге шығып кетті ғой, бекеттің не ке­­регі бар? Шымкентте еркін жүр­­міз» деп ерегіскен. Полиция қыз­меткері жағдайды түсіндіруде. Осылайша, ең болмаса шетке шығуға да көнбей, 10 минуттай кептеліс туғызған жеңіл көлік соңында тұрған көліктерге кедергі келтіріп, үсті-үсті сигнал басылып, бекет азан-қазан болды да қалды. Осы кезде жол полициясының қыз­меткерлері келіп, көлікті шет­ке алып кетті. Бақылау пунктінде болған 20 минутта 2 көлік рұқсаты бол­май, кері қайтты. Ал жаяу жүр­гіншілер еркін өтіп кетті. Меди­цина қызметкерлері бекеттен өту­­­ші­лердің ыстығын өлшеп жатыр. Айта кетейік, осындағы есі­мін атамауды жөн санаған меди­цина қызметкері Мемлекет басшысы белгілеген медицина қыз­меткерлеріне, оның ішінде же­дел жәрдемде істей­тіндерге бе­рілетін өтемақыға қол жет­кізе алмай жүргенін айтты. Журна­лист екенімізді білген ол тиісті қар­­жыны қашан алатынын сұра­ды. «Бекетте тұрмаған кездері же­дел жәрдеммен науқастарға ал­ғаш­қы көмек көрсетіп, ыстығы көтерілгендерді тиісті орынға алып келіп жүрміз. Бірақ әлі ешқандай өте­мақы берілмей жатыр», – дейді Түр­­кістан облысының жедел жәр­дем қызметкері.    width=  

Бала көтерген, дорба арқалаған ана да кетіп барады

 Одан соң ауданнан Шымкент қаласына қарай өтетін бақылау пунктіне аялдадық. Мұнда да сол тиісті жұмыстарын атқаруға 3 поли­цей, 2 медицина қызметкері жұмыл­дырылған. Кіретінді де, шыға­тынды да тексеруде. Тәулігіне 3 ауысыммен жұмыс істейтін полиция қызметкерлері таңғы 8.00-ден 16.00-ге дейін тұрады. Одан ары басқа қызметкерлер ауы­сады. Бұл жұмыстарға учас­ке­лік полицейлер, көші-қон және криминалдық полиция қыз­­мет­кер­лері тартылыпты. «24 сағат бойы осы көрініс. Адам да, кө­лік те көп. Базаға электронды түр­де тіркелген, тіркелмегенін қыз­меттік планшет арқылы көлік нөмірін жазып бірден анықтаймыз. Рұқсаты жоқтарды қайтарамыз. Әрине, арасында жақыны қайтыс болғандар немесе осы аймақта тұратындар, дүкенге шыққандар кездеседі. Сонымен бірге қаулыға сай медицина қызметкерлері мен әскерилерге, төтеншеліктерге рұқ­сат бар. Оларға түсіністікпен қарай­мыз», – дейді полиция қыз­меткері. Ал 2 айдан бері бақылау-өткізу бекетінде ауысыммен жұмыс істеп жүрген Шымкент қаласындағы №7 емхананың медбикесі Май­ра Мүтәлиева жұмысының таңғы 7-де басталатынын, түскі 14.00-де ауысымды өткізетінін жет­кізді. Төтенше жағдай режимі ресми түрде аяқталған соң көлік ағынының, өтетін адамның да кө­бе­йіп кеткенін айтады. Мәсе­лен, кешегі осындай бір ауы­сым­да 1 300 жаяу жүргінші, 67 жүк көлігі мен 708 жеңіл көлік өткен. «Күн ысығалы бері ыстығы көтерілгендер көп кездеседі. Ол азаматтарды осындағы жедел жәрдем көлігінде салқын жерде мұқият жан-жақты тексеріп, дерт­тің белгілері болмаса, ысты­ғын түсіріп, қайтарып жібереміз», – дейді медбике. Осы кезде полицейдің сүзгі­сі­нен өте алмаған «Ауди» маркалы көлігі шетке шықты. Жүргізушіні әңгімеге тартқанымызда 2 сағат бұрын ғана осы бекеттен өткенін, жұмыстан анықтамасы бар екенін айтты. Алайда қазір полицей он­лайн тіркеуде жоқ екенін айтып, өткізбей қойыпты. Тағы бір бекет­тен өте алмай қалған «Опель» мар­ка­лы көлігінің жүргізушісі 1 ай бұрын жұмыстың анықтамасымен өтке­нін, қазір онлайн базада жоқ еке­нін айтты. «Көлікте заттар бар. Қазір тиісті адамдар келіп алып кетеді. Өткізбесе, амал жоқ, тәр­тіпке бағынамыз», – дейді Асқар есімді жүргізуші. Бекетте отырған 1 сағатқа жуық уақытта ұзын-сонар көлік­тің қарасы бір сәтке азайған жоқ. Есе­бі жоқ жеңіл көліктен бө­лек, құрылыс материалдарын тие­ген жүк көліктері, азық-түлік ма­­ши­налары мен әскерилерді таси­тын көліктер де көптеп өтіп жатыр. Жаяу жүргіншілердің арасында жасы да, жасамысы да, бала көтерген, арба сүйреген ана да, күннің ыстығында азық-түлік салынған дорбасын мықшыңдап көтере алмай бара жатқан жандар да бар. Әйтеуір, тіршілік үшін ағылған халық. Күннің ыстығында 1 ша­қы­рым қашықтықты артқа тас­тап, шетелге шекарадан өткен­дей жаяу қиналып-ақ барады. Одан арғы бетке өткеннен ке­йін де таксилер жол ақысын қымбаттатып жібер­ген. Әрине, тәр­тіптің аты – тәртіп. Елі­міз­­дегі коронавирус жұқ­ты­ру дере­гінің бәсеңдемеуіне бай­ла­нысты белгіленген шектеу ша­­­раларын орындау міндет. Де­­ген­­мен шындығында кейбір жүр­­­гін­шілердің тексерілусіз-ақ өтіп жатқанын көріп, карантин кезін­дегі талаптардың бір-біріне сәйкес келмейтінін байқайсыз. Мәселен, 3 адамнан артық топта­сып жүруге болмайды деген талап бар. Ал осы тәртіпті орындап, не болмаса талап етіп жатқан пен­дені көрмейсіз. Базарда да, қо­ғамдық көліктерде де сығы­лы­сып жатқан адамдар. Айтпақшы, бірін айтып, біріне кетеміз, бақылау бекетіндегі тір­лігімізді бітірген соң қалаға қа­рай өткен көлікті тоқтатып мінген­біз. Жүргізуші көңілді. «Рұқ­­сат қағазым да, тіпті көлігім­нің құ­жат­тары да сай емес, бекетке жа­қын­дағаннан Құранның «Аятул курсил» сүресін қайта-қайта оқи бердім. Алланың құдіреті шексіз ғой. Байқаусыз өтіп кеттім», – дейді жайбарақат. Өмірде түрлі адам бар ғой. Яғни, Құран сүре­ле­рімен өтуге болады дейтін түсінік те бар екен. Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі елімізде төтенше жағдай режимі рес­ми түрде аяқталған соң блок-бекеттерде тәртіп бұзған көлік­тер­ге айыппұл салыну жағ­дайы тоқтағанын айтады. Қазіргі таңда тек түсіндіру жұмыс­тары, ескерту ша­ралары ғана қолданылып жат­қан көрінеді.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы