Талдықорғанда апаттық газ қызметкерлерінің жалақы алмағанына жарты жылға жуықтаған
Талдықорғанда апаттық газ қызметкерлерінің жалақы алмағанына жарты жылға жуықтаған
256
оқылды
Талдықорғанда апаттық газ қызметіндегі жұмысшылар жарты жылға жуық уақыттан бері айлығын ала алмай отыр. Олар соңғы рет маңдай терімен тапқан еңбекақысын өткен жылдың 27 желтоқсанында алған.
«Мен бұл жерде слесарь болып істеймін. Айлығым 60 мың теңге ғана. Ал көлік жүргізушілердің жалақысы - 70 мың. Біздікінен 10 мың теңге ғана артық. Онсыз да аз жалақы аламыз, соның өзін бермей жатыр. Ал біз - бір-бір үйдің асыраушысымыз. Бала-шағамыз, несиеміз бар. Жағдайымыз күннен-күнге қиындап барады. Бір ай жалақы алмағанның өзі қиын. Ал біз қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, енді міне маусым айы басталды. Жалақымызды алмадық», - дейді апаттық газ қызметінің жұмысшысы Айдын Мұқанов.
Ал осы мекемеде контроллер болып істейтін Жұлдыз Қанатбаева да жалақы алмаған соң қатты қиналып жатқанын айтады.
«Менің жалақым - 38 мың теңге. Екі балам бар. Бүгін онлайн өткен соңғы қоңырауға да қатыстыра алмадым. Себебі, ұялы телефонды интернетке қосатын ақшамыз жоқ. Баламның алдында да, мұғалімнің алдында да ұятты болдым. Тамақтың өзін қарызға алып, қиналып жатырмыз», - дейді ол.
Ал Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Шаяхметов жалақысыз отырған мамандардың жағдайымен жақсы таныс екенін жеткізді.
«Бұл кісілердің, яғни 27 адамның алдындағы жалақы берешегі 13 млн теңгеге жетті. Мемлекеттік сатып алуға байланысты жалақы мәселесінде қиындық болып жатыр», - дейді Нұрлан Шаяхметов.
Әкімдік өкілі де жалақысыз отырған мамандардың мәселесі қалай шешілетінін білмейді. Себебі, тендерді басқа компания жеңіп алса, онда Талдықорған апаттық газ қызметінде жағдай тіптен қиындап, мамандар жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Себебі, мемлекеттік сатып алу конкурсында кім жеңетіні белгісіз. Ал Талдықорған апаттық газ қызметіндегілер үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқанын айтады.
«Енді мемлекеттік сатып алуда мүмкіндік берілмейтін болса, онда Талдықорған апаттық газ қызметін жабуға тура келеді. Ал жалақы қарызын өтеп беруге тырысамыз», - деді Нұрлан Шаяхметов.