Бюджет процесіне қоғамның қатысуы өте нашар
– Мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлау, бекіту және орындау, сондай-ақ бюджет туралы есеп беруіне азаматтық қоғам тарапынан бақылау қай деңгейде? Біз әдетте меморгандарды бюджетті ашық етпеді деп сынаймыз. Ал бюджет ашықтығын талап ете алмайтын қоғамды неге сынамаймыз? – Бүгінгі таңда расында, бюджет ашықтығы индексінің жалпы жақсарғанына қарамастан, қоғамның қатысуына қатысты мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, бюджет процесіне қоғамның қатысуы өте нашар деңгейде. бұл тарау бюджет ашықтығы индексінде 100-ден 17 балды ғана алған. Қоғамдық кеңестерге, ашық бюджет порталының барына қарамастан, мемлекеттік органдар бұл мәселе бойынша жағдайды жақсарту үшін маңызды қадам жасамай отыр. Әрине, халықтың өзі де белсенді емес деген балама пікір бар, бірақ халықтың бюджет процесіне қатысу мәдениетін мемлекеттік органдар қалыптастырады және оны насихат пен популизм қуып, жалған кеңестер құрып жасаудың қажеті жоқ. Халықтың осал тобының ұсыныс-пікіріне құлақ түруі керек. Жергілікті деңгейде, сонымен қатар ашықтықтың ең төмен көрсеткіштері бюджетті жоспарлау және құру кезеңіне тән. Мемлекеттік органдар бюджетті қабылдағанға дейін оны халықпен талқылауға тиісті күш жұмсамайды. Сондықтан да бізде бюджет қаражатын мақсатсыз немесе дұрыс пайдаланбау проблемалары туындап жатады. Меніңше, бюджеттің маңызды бағыттарын халықпен талқылағанда демократия емес, онсыз да шектеулі ресурстарды ұтымды пайдалану туралы сөз болуы керек. – Билік пен халық арасындағы бюджетті талқылау алаңын құру үшін халықтың қаржылық сауаты болуы керек. Бізде халықтың қаржылық сауаты қай деңгейде? Халықтың қаржылық сауатын арттыру жұмысына көңіліңіз тола ма? – Бұл өте жақсы сұрақ. Өйткені халық бюджет процесі техникалық тұрғыдан өте күрделі болғандықтан, бюджетті бекіткенге дейін қандай сатылардан өтетіні туралы заңдар мен процедураларды, бюджеттік күнтізбені білуі керек. Бұл азаматтардың бюджетке сапалы қатысуын қамтамасыз етудің қиын себептерінің бірі. Бірақ бұл халықты бюджетті талқылауға тартудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, әсіресе халықтың әлсіз тобының проблемасын шешуге қатысты шығындар бюджетке енгізілмей қалмауы үшін бюджетке халықтың барлық тобын тарту қажет және бұл өте маңызды. Азаматтарды бюджетке қатысуға үйрету және оларға бюджет туралы ақпарат беріп отыру өте өзекті. Бұл мақсатта бүгіндері азаматтық бюджет жарияланып келеді. Азаматтық бюджет министрліктер мен әкімдіктердің сайтында орналастырылған. Бірақ азаматтар бұл туралы білмеуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде халықтың қаржылық сауатын көтеруге үкіметтік емес ұйымдар көмек бере алады. Олар халық пен билік арасында көпір болып, азаматтарды бюджет процесіне уақытында, дұрыс қатысуды және қоғамдық сұранымдар жасауды үйрете алады. Екінші жағынан, бізде мәслихат депутаттарының белсенділігі өте төмен. Бүкіл әлемде депутаттар сайлаушылардың дауысы үшін күресіп, халықпен кездесуде белсенділігімен танылып, телеарналарда бюджет туралы пікірталастар ұйымдастырады. Ал бізде мұндай пікірталастардың ауылы әлі алыс. Менің ойымша, тіпті тұрғындардың бәрі бірдей өз депутаттарын біле де бермейді. Ал шын мәнінде, бюджет ашықтығын қамтамасыз етуге бірден-бір ықпал ететін институт осы мәслихаттар. – Бюджет туралы ақпараттардың ашық болмауына осы ақпаратты құпия және қол жетпейтін ақпарат етуге мүмкіндік беріп қойған Үкімет қаулысы кедергі болып отырған жоқ па? Азаматтық қоғам тарапынан аталған қаулының күшін жою туралы ұсыныс жасалды ма? – Бюджет туралы ақпараттарды құпия және шектеулі ақпарат деп жіктеуге мүмкіндік беретін үкімет қаулысы (Қазақстан Үкіметінің №1196Қ – 31.12.2015ж.) бар. Бұл ақылға қонымсыз және ол тыңдаушы, ашық және есеп беруші мемлекет құруды бағыт еткен мемлекеттің бүгінгі ұстанымына мүлдем сәйкес келмейді. Сонымен бірге, бізде Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң бар, аталған заң бюджет туралы ақпаратты құпия ретінде жіктеуге тыйым салады. Өйткені ол жеке адамның қаржысы емес, халықтың қаржысы, сондықтан бюджет қаржысы туралы ақпарат міндетті түрде жариялы болуы керек. Қоғамдық ұйымдар бірнеше жылдан бері үкіметтің осы қаулысын қайта қарауды және қаулыдағы осы норманы алып тастауды ұсынып келеді. Өйткені бұл мемлекеттік органдардың бюджеттегі ақпараттың қайсысын қолжетімді немесе қолжетімді емес екенін шешуіне мүмкіндік беріп қояды. Ал бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекеліне жағдай жасайды.Ұлттық қордағы ақша қанша жылға жетеді?
– Жуырда өткен онлайн конференцияда квазимемлекеттік сектордың қаржылық есебінің жариялануына қатысты ұсыныс жасадыңыз. Бұған не себеп болды? – Иә, квазимемлекеттік сектордың қаржылық есептілігі тез арада жүктеліп, талдап, бағалауға мүмкіндік беретіндей түрде болуы керек деген ұсыныс жасадым. Бүгінгі таңда квазимемлекеттік секторды бақылау үшін Есеп комитеті мен тексеру комитеттерінің рөлі күшейтілді. Бірақ квазимемлекеттік сектор – бұл мыңдаған заңды тұлғалардан тұратын алып сала. Есеп комитеті де, тексеру комитеті де квазисектордағы компаниялардың қаржылық жағдайын бір жылда тексеріп үлгермейді, жоспардағы компанияларды ғана тексереді. Егер қандай да бір салмақты себеп болып жатса, кей компанияны кезектен тыс тексеруі мүмкін. Ал осы саладағы компаниялардың барлығын жыл сайын тексеру физикалық тұрғыда мүмкін де емес. Ал аталған сектор қаржылық есептерін Мемлекеттік мүлік комитетінің веб-сайтына pdf нұсқада орналастырады. Бұл мониторинг пен бағалау міндетін ауырлатып отыр. Сондықтан квазимемлекеттік сектордың қаржылық есебі барлық адамның жүктеп алуына мүмкіндік беретін форматта орналастырылуы керек. Сонда оны кез келген адам ашып көріп, танысып, өзіне қажетті ақпаратты ала алады.Қаржы министрлігіне норвегиялық сайттың үлгісі бойынша жеке веб-сайт құру арқылы Ұлттық қордың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсындым. Біздің Ұлттық қорымыз 2001 жылы құрылды. Ол әлі күнге дейін шот түрінде жұмыс істеп келеді. Себебі Ұлттық қор заңды тұлға болып саналмайды, сондықтан веб-сайты да жоқ. Ал оның мардымсыз есептерін Қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің веб-сайтынан ғана таба аласыз. Ашықтық – бұл мақсат қою мен сенім арту.
– Биылғы дағдарыс қоғам назарын Ұлттық қорға аударды деуге болады. Қарапайым халық қаржылық қиындықтан алып шығатын қорымыз барын біле бастады. Бірақ мынадай түсініксіз жағдай бар: Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында (Қазақстан Президентінің № 385 Жарлығы – 08.12.2016) қор қаржысын екінші деңгейлі банктерді қорландыруға тыйым салынған. Ал біздің елде бұған дейінгі дағдарыстарда екінші деңгейлі банктерді сауықтыру үшін Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінгені белгілі. Бұл қалай болғаны? – Екінші деңгейлі банктерді қаржыландыруға былтыр тыйым салынды. Оған дейін банктерді сауықтыру үшін деп Ұлттық қордан ақша бөлу жағдайлары болды. Бұған заңнамадағы алшақтық, дағдарысқа қарсы бағыттарды қаржыландыруды айналып өтуге мүмкіндік беретін тетіктер себеп болды, ал банктерге көмек беру дағдарысты еңсеруге бағытталған іс-шаралар ретінде танылған еді. Өз басым бұл тыйымға толықтай келісемін. Өйткені екінші деңгейлі банктер еркін нарықтың қатысушылары болғандықтан, жеке мәселелерін өздері шешуі керек және Ұлттық банк сияқты реттеуші салымшылар зардап шекпеуі үшін банктердің дағдарыс жағдайын қадағалап, алдын алуы керек. – Қаржы сарапшылары жиі мысалға келтіретін Норвегияның зейнетақы жинақтау қоры әлем бойынша ірі мемлекеттік қор саналады. Мұнайдан түскен табысты жинақтаудың үздік үлгісі саналатын осы қор биылғы дағдарыста алғаш рет активтерін сатуға шығарды. Бізге қарағанда халқы аз, ақшасы көп Норвегия жинаған 9 триллион доллардың көбесін сөге бастады. Осындайда «біздің Ұлттық қорда қалған 57 млрд доллар дағдарыста жыртығымызға жамау бола ала ма?» деген сұрақ туындайды… – Норвегиялық әл-ауқат қоры әлемдегі барлық акциялардың шамамен 1,5 пайызын иеленеді, орташа кірісі қордағы ақшаның 6,1%-ын құрайды. Осы жылдың бірінші тоқсанында кірістілік алғаш рет 15 пайызға минус көрсетті. Қордағы ақшаны әр норвегиялық үшін бөлсе, шамамен 190 000 доллардан келеді екен. Норвегиялық қордың моделі – ақшаны тек кірістен жұмсау және негізгі активтерге қол тигізбеу, алайда пандемияның жаһандық дағдарысына байланысты активтердің бір бөлігін сатайын деп жатыр. Бұл ақпараттың бәрін біз норвегиялық қор қызметінің жоғары деңгейдегі ашықтығының арқасында біліп отырмыз. Норвегиядағы қор туралы ақпарат https://www.nbim.no сайтында қолжетімді. Әлемнің кез келген адамы ашып оқи алады. Қаржы министрлігіне норвегиялық сайттың үлгісі бойынша жеке веб-сайт құру арқылы Ұлттық қордың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсындым. Біздің Ұлттық қорымыз 2001 жылы құрылды. Ол әлі күнге дейін шот түрінде жұмыс істеп келеді. Себебі Ұлттық қор заңды тұлға болып саналмайды, сондықтан веб-сайты да жоқ. Ал оның мардымсыз есептерін Қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің веб-сайтынан ғана таба аласыз. Ашықтық – бұл мақсат қою мен сенім арту. Карантин кезінде, қорқыныш пен күмән туындағанда адамдар өз үкіметіне, әкіміне сенім артады. Дағдарыс сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызудың тәсілі емес деп мемлекетке сенгісі келеді. Осы сенімді күшейту үшін Ұлттық қор ашық болуы керек. Ұлттық қор ашық болған сайын, ондағы қаражат та көп болар еді. Өйткені сарапшылар тәуекелдерді немесе қолайсыз инвестицияларды және қор инвестициялары кірісінің төмендігінің себептерін байқар еді. Норвегиялық үлгідегі сайт бізге сол үшін керек. Жекелеген сарапшылардың пікірінше, егер мұндай дағдарыс пен мұнай бағасының төмендеуі жалғасар болса, онда Ұлттық қордың қаражаты 6 жылға жетуі мүмкін. Сондықтан біз бюджет ашықтығын қамтамасыз етуді талап ете беруіміз керек. – Сіз басқаратын Zertteu Research Institute карантин енгізілгелі бері мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бюджет қаржысының жұмсалуына бақылау жасап келеді. Бақылау қандай нәтиже берді? – Карантин жарияланған сәттен бастап біз әлеуметтік желілердегі парақшамызда Корона-Сатыпалу айдарын жүргізіп, коронавируспен күресу мақсатында өткізілетін мемлекеттік сатып алуларды жариялау туралы шешім қабылдадық. Өйткені бұл сатып алулар мәмілелерді тез және тікелей бәсекесіз арнайы режимде жүзеге асырады. Мұндай жағдай әдетте сыбайлас жемқорлық қаупін тудырады. Мәселен, гүл сатумен айналысатын компания маскаларды жеткізу бойынша тендерді жеңіп алды. Сондай-ақ бағасы нарықтық бағадан асып кететін қорғаныш костюмдер мен тепловизор жеткізу бойынша тендер ұтып алғандар болды. Біз осындай сатып алулар туралы жариялағаннан кейін 150 млн теңгенің үш келісімшарты тоқтатылды. Ал Түркістан облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы мемлекеттік сатып алу порталын бақылау арқылы бюджетте 221 миллион теңге үнемделгенін мәлімдеді. Сондықтан коронавируспен күреске бөлінетін барлық қаржының ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. 12 мамырда Қазақстанның жетекші 30 үкіметтік емес ұйымымен бірге барлық шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін елдің жоғары басшылығы мен барлық деңгейдегі әкімдеріне үндеу жолдадық. Ол үндеуде Мемлекеттік комиссия бөлген қаражат туралы барлық ақпаратты жинау және жариялау, бөлінген қаржыдан ақша алушылардың барлығын көрсете отырып, коронавируспен күреске бөлінген қаражаттың негізділігі туралы есепті жариялау талап етілген. Аталған есепті Парламентте талқылап, ол материалдарды мемлекеттік органдардың сайттарында жариялау, сонымен бірге тәуелсіз және азаматтық қоғам ұйымдарының орталық және жергілікті деңгейде бюджеттік шығындар мен қабылданған шешімдерді бақылауға қатысуын қамтамасыз ету де сұралды. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ