Бюджет ашық болса, жемқорлық азаяр еді
Бюджет ашық болса, жемқорлық азаяр еді
239
оқылды
– Шолпан Әбдірахманқызы, қоғамдық ұйымдар бюджет ашық болуы керек деген мәселені тұрақты көтеріп келеді. Жуырда ғана «Сандж» зерттеу орталығы Бюджет ашықтығы индексін жариялады. Аталған индекстегі көрсеткішке сүйеніп, еліміздегі бюджет ашықтығына қандай баға бересіз? – Сіз айтқан рейтингте Қа­зақ­станның бюджет ашықты­ғы көрсеткіші жақсарып, 58 балл жинады. Бұған дейін жасалған рейтингте 53 балл алған бола­тын. Біз жаңа индекстің қоры­тындысын екі жыл күттік. Ал индекс көрсеткішінің біз үшін жақсаруы үлкен жұмыстың, әсіресе Қаржы министрлігінің қажырлы еңбегінің нәтижесі деп санаймын. Бюджет ашықтығын көп адам бағаламайды, түсінбейді, мұны мұнайдың бағасы немесе Ұлттық қорда қанша ақша қалғаны туралы ақпарат сияқты нақты өмірге ешқандай қатысы жоқ деп санайды. Егер біз күн сәулесі дезинфекциялаудағы ең жақсы құрал десек, бюджеттің ашық, мөлдір болуы да жемқор­лықтың алдын алудағы ең тиімді тәсіл. Шынында, бюджеттің ашық­тығы бюджетте қанша ақша бар және ол қандай мақсатта жұмсалды дегенге тікелей байла­нысты. Соңғы он жыл ішінде бюджеттің ашықтығы индексі 20 тармаққа өсті, бұл ашық­тықты жақсарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын көрсетеді. Бұл орайда Қазақстанның позициясы Моңғолия, Түркия және Тәжікстаннан жоғары, ал Ресей, Грузия және Қырғыз Республикасынан төмен. Бір айта кетерлігі, халықаралық дең­гейде республикалық бюд­жет­тің ғана ашықтығы баға­ла­нады. Ал жергілікті бюджет бөлек бағаланады, ал оның ашықтығы өте нашар. – Неге олай? Жергілікті әкім­дер бюджеттің ашық болуына мүдделі емес пе әлде бюджет ашық­тығын қамтамасыз етуге білі­мі жетпей ме? – Жуырда ғана жергілікті бюджеттердің ашықтығы тура­лы зерттеу қорытындысы жа­рия­ланды және Қазақстан үшін орташа балл 33-ті құрады. Ашықтықтың ең жоғары дең­гейі дәстүрлі түрде Шығыс Қазақстан облысында – 63 балл, ең төменгісі Жамбыл және Түркістан облыстарында. Жергілікті бюджет ашықтығы­ның төмен болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, жергі­лікті бюджеттер дербес және әкімдіктер олардың қаншалықты ашық болатынын өздері шешеді. Екіншіден, жергілікті бюджеттің ашықтығына ортақ талап жоқ, сондықтан аймақтарда әр­түрлі тәжірибе қалыптасып отыр. Үшіншіден, әрине өңір басшы­лығы тарапынан бюджетті ашық етуге қызығушылық жоқ, оған салмақты себеп көріп тұрған жоқ. Мысалы, Қаржы министрлігі үшін мұндай ынталандырушы құралы халықаралық ашықтық рейтингісі және бұл көрсеткіш Қаржы министрлігінің страте­гия­лық жоспарына да енгізілген. Ал әкімдіктерде мұндай сырт­қы ынталандыру болма­ған­дықтан, жергілікті әкімдер басы артық жұмыс үшін бас қатырғысы келмейді. Иә, соны­мен қатар бюджет ашықтықты қамтамасыз ету үшін әкімдер тарапынан тәжірибе немесе әлеуеттің (біліктік) жетіспеуі де белгілі бір деңгейде әсер етеді. – Мүмкін жергілікті бюджет­тің ашықтығын жақсарту үшін әкімдер рейтингін жасайтын инс­титуттар әр әкімнің өңір бюд­же­тін қаншалықты ашық еткенін ескеруі керек шығар, қалай ой­лай­сыз? – Бұл – жақсы ұсыныс. Бюджеттің ашықтығы аймақ­тың инвестициялық тартым­ды­лығына тікелей әсер етеді. Ал әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі – аймаққа инвестиция тарту және экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Егер біз бюджеттің ашықтығы ин­дек­сін әкімдер рейтингін жасауда ескерер болсақ, онда бюджет ашықтығын арттыруға бұл жақсы мотивация болар еді. Бірақ мұнда бюджет мөл­дір­лігінің экономика үшін артық­шылықтарын ұғыну емес, рейтинг қуып кету қаупі туындауы мүмкін. Бірақ екінші жағынан, кейде техникалық мәж­бүрлі заттар кейінірек аза­маттық бюджет сияқты жақсы тәжірибеге айналған мы­сал­­дар бар. Сондай-ақ бюд­жет­­тің ашықтығы мәслихат де­пу­тат­тарының рейтингіне де әсер етуі керек. Бірақ қазіргі уақытта ешкім мәслихат депу­тат­­тарын бағаламайды, ал бұл олар­дың қызметіндегі үлкен бағыттың бірі.  

Бюджет процесіне қоғамның қатысуы өте нашар

– Мемлекеттік органдардың бюд­жетті жоспарлау, бекіту және орындау, сондай-ақ бюд­жет туралы есеп беруіне аза­мат­­тық қоғам тарапынан бақы­лау қай деңгейде? Біз әдетте мемор­ган­дарды бюджетті ашық етпеді деп сынаймыз. Ал бюджет ашық­ты­ғын талап ете алмайтын қоғамды неге сынамаймыз? – Бүгінгі таңда расында, бюджет ашықтығы индексінің жалпы жақсарғанына қара­мастан, қоғамның қатысуына қатысты мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, бюджет процесіне қоғамның қатысуы өте нашар деңгейде. бұл тарау бюджет ашықтығы индексінде 100-ден 17 балды ғана алған. Қоғамдық кеңестерге, ашық бюджет порталының барына қарамастан, мемлекеттік органдар бұл мәселе бойынша жағдайды жақсарту үшін маңыз­ды қадам жасамай отыр. Әрине, халықтың өзі де белсенді емес деген балама пікір бар, бірақ халықтың бюджет процесіне қатысу мәдениетін мемлекеттік органдар қалыптастырады және оны насихат пен популизм қуып, жалған кеңестер құрып жасаудың қажеті жоқ. Халықтың осал тобының ұсыныс-пікіріне құлақ түруі керек.    width= Жергілікті деңгейде, соны­мен қатар ашықтықтың ең төмен көрсеткіштері бюджетті жоспарлау және құру кезеңіне тән. Мемлекеттік органдар бюд­жетті қабылдағанға дейін оны халықпен талқылауға тиісті күш жұмсамайды. Сондықтан да бізде бюджет қаражатын мақ­сатсыз немесе дұрыс пайда­ланбау проблемалары туындап жатады. Меніңше, бюджеттің маңызды бағыттарын халықпен талқылағанда демократия емес, онсыз да шектеулі ресурстарды ұтымды пайдалану туралы сөз болуы керек. – Билік пен халық арасындағы бюджетті талқылау алаңын құру үшін халықтың қаржылық сауаты болуы керек. Бізде халықтың қаржылық сауаты қай деңгейде? Халықтың қаржылық сауатын арттыру жұмысына көңіліңіз тола ма? – Бұл өте жақсы сұрақ. Өйт­кені халық бюджет процесі техникалық тұрғыдан өте күр­делі болғандықтан, бюджетті бекіткенге дейін қандай саты­лардан өтетіні туралы заңдар мен процедураларды, бюджеттік күнтізбені білуі керек. Бұл аза­мат­тардың бюджетке сапалы қатысуын қамтамасыз етудің қиын себептерінің бірі. Бірақ бұл халықты бюджетті талқы­лауға тартудың қажеті жоқ деген­ді білдірмейді. Керісінше, әсіресе халықтың әлсіз тобының проблемасын шешуге қатысты шығындар бюджетке енгізілмей қалмауы үшін бюджетке халық­тың барлық тобын тарту қажет және бұл өте маңызды. Азаматтарды бюджетке қа­тысуға үйрету және оларға бюд­жет туралы ақпарат беріп отыру өте өзекті. Бұл мақсатта бүгіндері азаматтық бюджет жарияланып келеді. Азаматтық бюджет министрліктер мен әкім­діктердің сайтында орна­лас­тырылған. Бірақ азаматтар бұл туралы білмеуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде халықтың қаржылық сауатын көтеруге үкіметтік емес ұйымдар көмек бере алады. Олар халық пен билік арасында көпір болып, аза­маттарды бюджет процесіне уақытында, дұрыс қатысуды және қоғамдық сұранымдар жасауды үйрете алады. Екінші жағынан, бізде мәс­лихат депутаттарының белсен­ділігі өте төмен. Бүкіл әлемде депутаттар сайлаушылардың дауысы үшін күресіп, халықпен кездесуде белсенділігімен таны­лып, телеарналарда бюд­жет туралы пікірталастар ұйым­дастырады. Ал бізде мұндай пі­кірталастардың ауылы әлі алыс. Менің ойымша, тіпті тұр­ғын­дардың бәрі бірдей өз депутаттарын біле де бермейді. Ал шын мәнінде, бюджет ашық­тығын қамтамасыз етуге бірден-бір ықпал ететін институт осы мәслихаттар. – Бюджет туралы ақпарат­тар­дың ашық болмауына осы ақпа­ратты құпия және қол жет­пейтін ақпарат етуге мүмкіндік беріп қойған Үкімет қаулысы кедергі болып отырған жоқ па? Аза­маттық қоғам тарапынан атал­ған қаулының күшін жою ту­ралы ұсыныс жасалды ма? – Бюджет туралы ақпарат­тарды құпия және шектеулі ақпарат деп жіктеуге мүмкіндік беретін үкімет қаулысы (Қазақ­стан Үкіметінің №1196Қ – 31.12.2015ж.) бар. Бұл ақыл­ға қонымсыз және ол тың­даушы, ашық және есеп беру­ші мем­лекет құруды бағыт еткен мем­­­лекеттің бүгінгі ұста­ны­мы­на мүлдем сәйкес кел­мей­ді. Сонымен бірге, бізде Ақ­па­рат­қа қол жеткізу туралы заң бар, аталған заң бюджет ту­ралы ақпаратты құпия ретінде жіктеуге тыйым салады. Өйткені ол жеке адамның қаржысы емес, халықтың қаржысы, сондықтан бюджет қаржысы туралы ақпа­рат міндетті түрде жариялы болуы керек. Қоғамдық ұйымдар бірнеше жылдан бері үкіметтің осы қаулысын қайта қарауды және қаулыдағы осы норманы алып тастауды ұсынып келеді. Өйткені бұл мемлекеттік органдардың бюджеттегі ақпараттың қай­сы­сын қолжетімді немесе қолжетімді емес екенін шешуіне мүмкіндік беріп қояды. Ал бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекеліне жағдай жасайды.  

Ұлттық қордағы ақша қанша жылға жетеді?

– Жуырда өткен онлайн конфе­ренцияда квазимемлекеттік сектордың қаржылық есебінің жариялануына қатысты ұсыныс жасадыңыз. Бұған не себеп болды? – Иә, квазимемлекеттік сек­тор­дың қаржылық есептілігі тез арада жүктеліп, талдап, баға­лауға мүмкіндік беретіндей түрде болуы керек деген ұсы­ныс жасадым. Бүгінгі таңда квази­мемлекеттік секторды бақылау үшін Есеп комитеті мен тексеру комитеттерінің рөлі күшейтілді. Бірақ квази­мем­лекеттік сектор – бұл мыңдаған заңды тұлғалардан тұратын алып сала. Есеп комитеті де, тексеру комитеті де квазисектордағы компаниялардың қаржылық жағдайын бір жылда тексеріп үлгер­мейді, жоспардағы компа­нияларды ғана тексереді. Егер қандай да бір салмақты себеп болып жатса, кей компанияны кезектен тыс тексеруі мүм­кін. Ал осы саладағы компа­ния­лардың барлығын жыл сайын тексеру физикалық тұр­ғы­да мүмкін де емес. Ал атал­ған сектор қаржылық есеп­­терін Мемлекеттік мүлік ко­­ми­тетінің веб-сайтына pdf нұсқада орналастырады. Бұл мониторинг пен бағалау мін­­де­тін ауырлатып отыр. Сон­дық­тан квазимемлекеттік сек­тордың қаржылық есебі бар­лық адамның жүктеп алуына мүм­кіндік беретін форматта орналастырылуы керек. Сонда оны кез келген адам ашып көріп, танысып, өзіне қажетті ақпаратты ала алады.  

Қаржы министрлігіне норве­гиялық сайттың үлгісі бойынша жеке веб-сайт құру арқылы Ұлт­тық қордың ашықтығын қам­та­масыз етуді ұсындым. Біздің Ұлттық қорымыз 2001 жылы құрыл­ды. Ол әлі күнге дейін шот түрінде жұмыс істеп келеді. Себебі Ұлттық қор заңды тұлға болып саналмайды, сондықтан веб-сайты да жоқ. Ал оның мар­дымсыз есептерін Қаржы ми­нистрлігі мен Ұлттық банк­тің веб-сайтынан ғана таба ала­сыз. Ашықтық – бұл мақсат қою мен сенім арту.

  – Биылғы дағдарыс қо­ғам назарын Ұлттық қорға аударды деуге болады. Қара­пайым халық қаржылық қиын­дықтан алып шығатын қоры­мыз барын біле бастады. Бірақ мынадай түсініксіз жағдай бар: Ұлттық қордың қара­жа­тын қалыптастыру және пайда­лану тұжырымдамасында (Қазақстан Президентінің № 385 Жарлығы – 08.12.2016) қор қаржысын екінші деңгейлі банк­терді қорландыруға тыйым салын­ған. Ал біздің елде бұған дейінгі дағдарыстарда екінші деңгейлі банктерді сауықтыру үшін Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінгені белгілі. Бұл қалай болғаны? – Екінші деңгейлі банк­терді қаржыландыруға былтыр тыйым салынды. Оған дейін банктерді сауықтыру үшін деп Ұлттық қордан ақша бөлу жағдайлары болды. Бұған заңнамадағы алшақтық, дағ­да­рысқа қарсы бағыттарды қаржыландыруды айналып өтуге мүмкіндік беретін тетіктер себеп болды, ал банктерге көмек беру дағдарысты еңсеруге бағытталған іс-шаралар ретінде танылған еді. Өз басым бұл тыйымға толықтай келісемін. Өйткені екінші деңгейлі банктер еркін нарықтың қаты­су­шылары болғандықтан, жеке мәселелерін өздері шешуі керек және Ұлттық банк сияқты рет­теуші салымшылар зардап шекпеуі үшін банктердің дағдарыс жағдайын қадағалап, алдын алуы керек.  – Қаржы сарапшылары жиі мысалға келтіретін Норвегияның зейнетақы жинақтау қоры әлем бойынша ірі мемлекеттік қор саналады. Мұнайдан түскен та­бысты жинақтаудың үздік үлгісі саналатын осы қор биылғы дағдарыста алғаш рет активтерін сатуға шығарды. Бізге қарағанда халқы аз, ақшасы көп Норвегия жинаған 9 триллион доллардың көбесін сөге бастады. Осындайда «біздің Ұлттық қорда қалған 57 млрд доллар дағдарыста жыр­ты­ғымызға жамау бола ала ма?» деген сұрақ туындайды… – Норвегиялық әл-ауқат қоры әлемдегі барлық ак­ция­лардың шамамен 1,5 пайы­зын иеленеді, орташа кірісі қордағы ақшаның 6,1%-ын құрайды. Осы жылдың бірін­ші тоқсанында кірістілік алғаш рет 15 пайызға минус көр­сетті. Қордағы ақшаны әр нор­вегиялық үшін бөлсе, ша­мамен 190 000 доллардан ке­ле­ді екен. Норвегиялық қор­дың моделі – ақшаны тек кі­ріс­тен жұмсау және негізгі ак­тив­терге қол тигізбеу, алайда пан­демияның жаһандық дағ­да­рысына байланысты актив­тердің бір бөлігін сатайын деп жатыр. Бұл ақпараттың бәрін біз нор­вегиялық қор қыз­метінің жоғары деңгейдегі ашықтығының арқасында біліп отырмыз. Норве­гиядағы қор туралы ақпарат https://www.nbim.no сайтында қол­жетімді. Әлемнің кез келген адамы ашып оқи алады. Қаржы министрлігіне норве­гиялық сайттың үлгісі бойынша жеке веб-сайт құру арқылы Ұлт­тық қордың ашықтығын қам­та­масыз етуді ұсындым. Біздің Ұлттық қорымыз 2001 жылы құрыл­ды. Ол әлі күнге дейін шот түрінде жұмыс істеп келеді. Себебі Ұлттық қор заңды тұлға болып саналмайды, сондықтан веб-сайты да жоқ. Ал оның мар­дымсыз есептерін Қаржы ми­нистрлігі мен Ұлттық банк­тің веб-сайтынан ғана таба ала­сыз. Ашықтық – бұл мақсат қою мен сенім арту. Карантин кезін­де, қорқыныш пен күмән туындағанда адамдар өз үкіметіне, әкіміне сенім артады. Дағдарыс сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызудың тәсілі емес деп мем­ле­кетке сенгісі келеді. Осы сенім­ді күшейту үшін Ұлттық қор ашық болуы керек. Ұлттық қор ашық болған сайын, ондағы қаражат та көп болар еді. Өйткені сарапшылар тәуекелдерді немесе қолайсыз инвестицияларды және қор инвестициялары кірісінің төмендігінің себептерін байқар еді. Норвегиялық үлгідегі сайт бізге сол үшін керек. Жекелеген сарапшылардың пікірінше, егер мұндай дағдарыс пен мұнай бағасының төмендеуі жалғасар болса, онда Ұлттық қордың қаражаты 6 жылға жетуі мүмкін. Сондықтан біз бюджет ашықтығын қамтамасыз етуді талап ете беруіміз керек. – Сіз басқаратын Zertteu Research Institute карантин ен­гі­зіл­гелі бері мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бюджет қаржы­сы­ның жұмсалуына бақылау жасап келеді. Бақылау қандай нәтиже берді? – Карантин жарияланған сәт­тен бастап біз әлеуметтік же­­лі­лердегі парақшамызда К­о­рона-Сатыпалу айдарын жүр­гі­зіп, коронавируспен күресу мақсатында өткізілетін мемле­кет­тік сатып алуларды жариялау туралы шешім қабылдадық. Өйткені бұл сатып алулар мәмі­лелерді тез және тікелей бәсе­кесіз арнайы режимде жүзеге асы­­рады. Мұндай жағдай әдет­те сыбайлас жемқорлық қау­пін тудырады. Мәселен, гүл сату­мен айналысатын компания мас­ка­ларды жеткізу бойынша тен­д­ерді жеңіп алды. Сондай-ақ баға­сы нарықтық бағадан асып кете­тін қорғаныш костюмдер мен теп­ло­визор жеткізу бойынша тендер ұтып алғандар болды. Біз осындай сатып алулар туралы жариялағаннан кейін 150 млн теңгенің үш келісімшарты тоқтатылды. Ал Түркістан облы­сындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы мемлекеттік са­тып алу порталын бақылау арқы­лы бюджетте 221 миллион теңге үнемделгенін мәлімдеді. Сон­дықтан коронавируспен күреске бөлінетін барлық қаржы­ның ашық­тығын қамтамасыз ету ма­ңызды. 12 мамырда Қазақстанның жетекші 30 үкіметтік емес ұйымымен бірге барлық шығын­дардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін елдің жоғары басшылығы мен барлық деңгейдегі әкімдеріне үндеу жолдадық. Ол үндеуде Мем­лекеттік комиссия бөлген қаражат туралы барлық ақпаратты жинау және жариялау, бөлінген қаржыдан ақша алушылардың барлығын көрсете отырып, коро­на­вируспен күреске бөлінген қара­жаттың негізділігі туралы есепті жариялау талап етілген. Атал­ған есепті Парламентте тал­­қы­лап, ол материалдарды мем­ле­кеттік органдардың сайтта­рында жариялау, сонымен бірге тәуелсіз және азаматтық қоғам ұйымдарының орталық және жергілікті деңгейде бюджеттік шығындар мен қабылданған шешімдерді бақылауға қатысуын қамтамасыз ету де сұралды. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ