Халықаралық деңгейдегі орын
Былтыр Қазақстан университеттері алғаш рет Times Higher Education және Quacquarelli Symonds рейтингтеріне енді. Мәселен, Quacquarelli Symonds-тың топ басында АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария ЖОО-лары тұр. Ал отандық оқу орындарынан осы рейтингке екі ғана университет іліккен. Атап айтсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті АҚШ-тың «Дартмут колледжі» университетімен және Австралияның Ньюкасл университетімен бірге 207-орында. Осы рейтингтің Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдері бойынша бөлімінде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті 18-орында. Аталған орында Литваның Вильнюс университеті бар. Бұл рейтингтің басында Ресей, Эстония, Чехия және Польша елдерінің жоғары оқу орындары тұр. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік білім беру QS WUR6 рейтингінде университеттер арасында өткен ТОП-400 жоғары оқу орындары тобына кіреді. Өткен жылы білім ордасы алғаш рет Times Higher Education Young University Rankings жас университеттер рейтингісінің 251-300 тобы аралығындағы межеден көрінген. Round University ranking зерттеуі бойынша биыл да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. 15 мамырда еліміздегі Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің өз зерттеулерін жария етті. Оның қорытындысы бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көш басында екен. Ал осы рейтингте 2-орынға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университеті мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жайғасқан. Біздің пайымымызша, аталған оқу орындарының көрсеткіші негізінен талапкерлер мен студенттер арасында сұранысқа ие болуымен ерекшеленген. Қазіргі таңда өз мамандығымен жұмыс істемейтін қазақстандықтардың саны артқан. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратынша, бұл – ел азаматтарының 60 пайызы. Біз жеке кәсіпкер Ербол Есмағамбетті сөзге тартқан едік. Оның сөзінше, жұмыс берушілердің ұсынысына сай мамандар бола бермейді, әсіресе ауыл шаруашылғы саласында. «Мәселен, мен жүз шақты мал асыраймын. Негізінен сүтті сиырлар. Басты талап сапалы өнім дейтін болсақ, малдың түрлі аурудан аман болуына мән беруім қажет. Қазір серіктестікте зейнет жасына келген жалғыз мал дәрігері бар. Кәсібім кеңейіп келеді. Екінші маман қажет, еңбекақысы да жақсы. Бітірген мамандар бар, алайда бізге келгісі келмейді», – деді кәсіпкер. Біздің ойымызша, рейтинг нәтижесінде мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу де ескерілуі тиіс секілді.Бәсекеге қабілеттілікті бағалау
Ұлттық рейтинг нәтижелерінің жоғары оқу орындарына қатысты мықты және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен тәуекелдерін зерделеу үшін пайдалануға болады. Егер ол шынайы болған жағдайда. Университеттердің қабілеттілігі сол оқу орнының өзі берген ақпараттарына негізделіп жасалатындығын ескерсек, әділ, талапқа сай рейтинг жүргізілді деп айту қиын. Елімізде жоғары оқу орындарының қарым-қабілетін анықтауда жаңаша бағамдау қажет екенін көрсетеді. Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бар. Енді аталған бағдарлама негізінде ЖОО қаншалықты бәсекеге қабілетті екені үш негізде айқындалмақ. «Халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті», «Ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті» және «Өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті» деген атаумен сараланады. Екіншіден, білім сапасын арттыруда шет елдік тәжірибе алмасудың орны бөлек. Алдағы уақытта үздік университеттерге шетелден оқытушылар мен студенттер тарту жұмысы жалғасады, яғни жоғары білім берудің көрсеткіші жоғары оқу орындарының интернационалдануына қарай анықталмақ. Өйткені бұл ең алдымен рейтинг қуу үшін емес, жоғары білім беру жүйесін дамытуда, білім сапасын арттыру үшін аса қажет. Қорыта айтқанда, еліміздегі жоғары оқу орындары жайлы сырттай берілген цифрлар мен зерттеулер білім көрсеткішін белгілі бір дәрежеде анықтайтын болар. Бастысы, профессор-оқытушы құрамының ғылыми-педагогикалық потенциалы жоғары болуында және қазіргі заманға сай шығармашылыққа бейім мамандарды даярлау екенін ұмытпағанымыз абзал. Жанар ТАЛАСПАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Академиялық сұрақтар бойынша проректорының міндетін атқарушы: – Түлектерді даярлау сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жұмыс істеп келеміз. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жыл сайын өткізілетін Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттігі жоғары оқу орындарының бас рейтингісіне қатысады. Аталған рейтинг қорытындысы бойынша біздің университет Қазақстанның ең үздік 10 ЖОО қатарына енді. Былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының білім беру бағдарламаларының рейтингіне 36 білім беру бағдарламасы қатысып, оның 9-ы жүлделі болды. 2018 жылдан бастап Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі Қазақстан жоғары оқу орындарының бас рейтингісінің қорытындысын шығара бастады. Қозыбаев атындағы СҚМУ Топ-20-ға кіреді. Ал ҚМК Emerging Europeand Central Asia рейтингісі бойынша биыл 350-орындамыз. Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау басты міндет, ал алған мамандыққа сәйкес түлектерді жұмысқа орналастыру – университеттің негізгі бағыттарының бірі. Бітірушілердің дені мамандық бойынша жұмысқа тұрады. Университет өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, «Жұмыспен қамту орталығымен» байланыста, жұмыс таба алмағандары аталған орталықтарға жүгіне алады. Студенттер мен түлектер жұмысқа орналасу мәселелері бойынша бос жұмыс орындары туралы қажетті ақпарат ала алады. Аслан ӘЛІМБАЕВ, Еуразия гуманитарлық институтының оқытушысы: – Тәуелсіз аккредиттеу ұйымдары арқылы жүргізілетін рейтинг талаптарын орындау үшін оқытушылардың жұмысын қағазбастылыққа, сападан гөрі санға әкеп соғып жатқаны рас. Том-том есептер негізінде рейтинг жасау сапалы ма? «Есепте көрсетілген ақпарат шынайы ма?» деген сауал туындайды. Аталған мәселе оқытушылардың кәсіби қызметіне кері әсерін тигізетін тұстары да бар. Күнделікті дәрісіне, ғылыми жұмысына бөлу керек уақытын кафедраның ғылыми жұмыстарын, тәрбие жұмыстарын, түлектердің жұмыспен қамтылуы, оқытушылардың біліктілігін арттыруы секілді түрлі ақпаратты жүйелеумен бірталай уақытын сарп етеді. Артық есеп пен қағазбастылықтан құтылу үшін рейтинг жасайтын ұйымдар білім ордаларының тек ресми сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларында көрсетілген ақпарат негізінде жасаса деген ұсыныс. Бұл білім ордаларының тыныс-тіршілігін, жетістіктерін, білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби шеберлігін көрсетеді деп ойлаймын.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ