Егістік көлемі миллион гектарға жуықтады
Егістік көлемі миллион гектарға жуықтады
747
оқылды
Еліміздегі аграрлы аймақтардың бірі әрі бірегейі Алматы облысында ауыл шаруашылығына аса зор мән беріледі. Төрт түлігі мыңғырған, өсімдік шаруашылығы өркен жайған өңірде егістік көлемі де жыл сайын артпаса, кемімейді. Өйткені Жетісу жерінің «Жерұйық» деп аталатыны бекер емес, түгін тарсаң, майы шығатын құнарлы аймақта аграөнеркәсіптің адымы алға жылжыған жылдармен бірге ашылып келеді. Соған сай облыс экономикасының дамуында агроөнеркәсіп кешені маңызды рөл атқара бастады. Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының хабарлауынша, өңір үшін тиімділігін дәлелдеген дақылдарды дамытуға үнемі көңіл бөлінеді. Мысалы, өткен жылы қант қызылшасы 14 мың гектарға егілсе, биыл 16 100 гектарға се­біліпті. Сонымен бірге «дала аруы» атанған жүгері жайқалатын алқаптар аумағы да барынша кеңейтілуде. Былтыр облыста 81 728 гектарға дәндік жүгері егілсе, биыл оның көлемі 83 496 гектар болыпты. Алматы қаласы мен облысында Нарынқол мен Кегеннің, Қоғалының картобын білмейтін жан жоқ десек, артық айтқандық бола қой­мас. Күзде жиі өткізілетін ауыл шаруа­шылығы өнімдері жәрмеңкелері кезінде осы үш аймақтың картобын таңдай­тындар баршылық. Соған сай кейінгі жылдары осы салаға да баса көңіл бө­лінуде. Биыл 39 948 гектарға отырғызыл­ған картоптан күзде мол өнім болады деген үміт зор. Қайта ашылып, өз алды­на дербестік алған Ра­йымбек ауданында картопты терең­дете өңдейтін кәсіпорын ашу қолға алын­ғаны, заманауи қой­малар салын­ғаны да аталған бағыттың бағын аша түсті. Биыл дала жұмыстарына 33,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Төтенше жағдайға қарамастан, дизельдік отынмен, қо­салқы бөлшектермен қамтамасыз етуде іркіліс болған жоқ. Көктемгі егіс жұ­мыстарын несиелеуде белсенділік танытқан «Аграрлық несие корпора­ция­сы» акционерлік қоғамы жыл басы­нан бері диқандарға 767,7 млн теңге сомасында несие берді. «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ арқылы өңірдегі ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілеріне жоғары өнімді қант қызылшасының тұқымы сатып алынды. Осылардың арқасында көктемгі дала жұмыстары ойдағыдай аяқталып, шаруалар жерге сіңірген тұқымды күтіп-баптауға кірісті. Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенге 13,9 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде ауыл шаруашылығына 7,9 млрд теңге және азық-түлік өнді­рі­сіне 6 млрд теңге құйылыпты. Осын­дай қолдаулар арқасында болар, биыл­ғы қаңтар-наурыз айларында 41,2 млн АҚШ долларының ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 35,5%-ға артқан. Соның ішінде агро­өнер­кәсіптік кешендегі қайта өң­делген өнімнің экспорты 27,6%-ға кө­бейгені көңіл тоғайтады. Қазіргі кезде өңірде 400-ден астам кәсіпорын ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу бағы­тында жұмыс істейді және ондағылар 2020 жылдың 4 айында 89,3 млрд теңге­нің азық-түлік өнімдерін өндірген.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы