Шымкенттегі «сыра королі», атышулы Төлешовтің ісі 5 жылдан бері серияға бөлініп жалғасып келеді. Өздеріңізге белгілі, «билікті күшпен басып алуға тырысты, бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыс жасауға қатысы бар, заңсыз өткізілген митингілерді қаржыландырды» деген айыппен сотты болған кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы 21 жылға сотталып, мүлкі тәркіленген болатын.
Алайда содан бері Шымкент қаласында жыл сайын Төлешовке қатысты түрлі сот отырысы өтіп тұрады. Тіпті, жыл басында оның жұбайлары мен қыздары өздерінің отбасына тиесілі болған мекемеден қордаланып қалған жалақыларын ала алмай отырғаны туралы сотқа талап-арыз берген болатын.
Енді, міне жуырда жазасын өтеп жатқан Т.Төлешов «Дархан Group» ЖШС-індегі жалпы жиналыс шешімдерін жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады. Себебі аталған серіктестікте «сыра королінің» де үлесі болған. Ал серіктестікте өткен жалпы жиналыста «Шымкент сыра зауыты» ЖШС-нің 256 млн теңге көлеміндегі қарызын кешірген. Сонымен қатар жиында серіктестік меншігіндегі «Арман» балабақшасы мен Сарыағаш ауданындағы жер учаскесі де үшінші тарап меншігіне өтіп кеткен. Ал экс-олигарх осынша дүние-мүлік пен қомақты қаржыға қатысты өзінің қатысуынсыз шешім шыққанына наразы.
«Аталған дүние-мүлік «Дархан Group» ЖШС-нің меншігінде болған. Ал серіктестікте Т.Төлешовтың да үлесі бар. Төлешов 2016-2017 жылы серіктестікте өткен жалпы жиналыс шешімімен келіспейтінін айтып, талап-арыз берді. Сот отырысында талап-арызды қанағаттандырудан бас тарттық. Біз мәселенің түпкі жағына қарамадық. Тек талап-арызда көрсетілген шешімді жарамсыз деп таптық. Себебі «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңға сәйкес талап қоюшы жалпы отырыстың шешіміне алты ай ішінде шағым жасау мерзімін өткізіп алған», – дейді мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Мәлік Майсақанов.
4,5 айға созылған сот отырысы елдегі карантин талаптары аясында бейнеконференцбайланыс бойынша өтті. Айта кетейік, бұдан бөлек сот 2016 жылы Төлешовтің өзі екінші серіктесі Досанбаевқа, яғни «Дархан Групп» ЖШС екінші акционеріне сенімхат бергенін анықтаған. Демек, осы сенімхат негізінде Досанбаев жалпы жиналыс өткізіп, хаттамаларға қол қоюға құқылы болып келеді.
Алайда аудандық соттың судьясы әзірге бұл шешімнің заңды күшіне енбегенін ескертеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы