Төлешовтің көздегені не?
Төлешовтің көздегені не?
Шымкенттегі «сыра королі», атышулы Төлешовтің ісі 5 жылдан бері серияға бөлініп жалғасып келеді. Өздеріңізге белгілі, «билікті күшпен басып алуға тырысты, бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыс жасауға қатысы бар, заңсыз өткізілген митингілерді қаржылан­дырды» деген айыппен сотты болған кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы 21 жылға сотталып, мүлкі тәркіленген болатын. Алайда содан бері Шымкент қала­сында жыл сайын Төлешовке қатысты түрлі сот отырысы өтіп тұрады. Тіпті, жыл басында оның жұбайлары мен қыздары өздерінің отбасына тиесілі болған мекемеден қордаланып қалған жалақыларын ала алмай отырғаны ту­ралы сотқа талап-арыз берген болатын. Енді, міне жуырда жазасын өтеп жатқан Т.Төлешов «Дархан Group» ЖШС-індегі жалпы жиналыс шешім­дерін жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады. Себебі аталған серік­тестікте «сыра королінің» де үлесі бол­ған. Ал серіктестікте өткен жалпы жиналыста «Шымкент сыра зауыты» ЖШС-нің 256 млн теңге көлеміндегі қарызын кешірген. Сонымен қатар жиында серіктестік меншігіндегі «Ар­ман» балабақшасы мен Сарыағаш ауданындағы жер учаскесі де үшінші тарап меншігіне өтіп кеткен. Ал экс-оли­гарх осынша дүние-мүлік пен қомақ­ты қар­жыға қатысты өзінің қатысуынсыз шешім шыққанына наразы. «Аталған дүние-мүлік «Дархан Group» ЖШС-нің меншігінде болған. Ал серіктестікте Т.Төлешовтың да үлесі бар. Төлешов 2016-2017 жылы серіктес­тікте өткен жалпы жиналыс шешімі­мен ке­ліспейтінін айтып, талап-арыз берді. Сот отырысында талап-арызды қанағат­тан­дырудан бас тарттық. Біз мәселенің түпкі жағына қарамадық. Тек талап-арызда көрсетілген шешімді жарамсыз деп таптық. Себебі «Жа­уапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер ту­ралы» заңға сәйкес та­лап қоюшы жал­пы отырыстың шешіміне алты ай ішін­де шағым жасау мерзімін өткізіп ал­ған», – дейді маманданды­рылған ауданаралық экономикалық сот­тың судьясы Мәлік Майсақанов. 4,5 айға созылған сот отырысы елдегі карантин талаптары аясында бейне­конференцбайланыс бойынша өтті. Айта кетейік, бұдан бөлек сот 2016 жылы Төлешовтің өзі екінші серіктесі До­санбаевқа, яғни «Дархан Групп» ЖШС екінші акционеріне сенімхат бергенін анықтаған. Демек, осы сенімхат негі­зінде Досанбаев жалпы жиналыс өткізіп, хаттамаларға қол қоюға құқылы болып келеді. Алайда аудандық соттың судьясы әзірге бұл шешімнің заңды күшіне енбегенін ескертеді.  

Назгүл НАЗАРБЕК,  Шымкент қаласы