Кейде Қазақстанның сыртқа шығаратын қандай өнімі бар деген сауал кеуделегенде ойланып қалатын едік. Біздің елдің экспортқа шығаратын өнімдері көбейді. Биыл еліміздің «Оптоград» дейтін сауда компаниясы Біріккен Араб Әмірлігіне қой етін жеткізді. Әлемдік нарық есігіне бұрын сығалап қарайтын болсақ, бұл заман еркін сауда жасай бастадық.
Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының бірлескен күш-жігерінің арқасында Парсы шығанағы елдерінің барлық аумағында қызмет көрсететін БАӘ-дегі LuLu гипермаркеттерінің ірі көтерме-бөлшек сауда желісінің сөрелеріне қазақстандық қой етін екі рет жеткізуді жүзеге асырыпты.
Шетелде сауда жасау оңай емес. «Әр елдің аты – қасқа, заңы басқа» дегендей, өнім жеткізудің және өткізудің өз тәртібі бар. Араб Әмірліктерінің де сырттан келетін тауарларға талабы күшті. Көптеген әмірлік кәсіпкері алдын ала төлемсіз жұмыс істейді. Ал біз алдын ала төлем жасалмаса, қорқасоқтап, тәуекелге бара бермейміз.
Сәуір айының соңында қазақстандық дипломаттардың қолдауымен Әбу-Дабиде қазақстандық бизнесмендердің Сауда миссиясы ұйымдастырылған екен. Сыртқы сауда палатасы кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, елшілік қажетті және беделі жоғары іскер топтарды шақырады. Соның арқасында бірқатар қазақстандық өнімдерді жеткізуге жол ашылады.
Қазақстандық экспортты ілгерілетуге жәрдемдесу – Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының маңызды басымдықтарының бірі болды. Тәп-тәуір нәтиже берді. Соның арқасында Қазақстан өнімдерін шетелдік нарыққа шығару жолға қойыла бастады. Бұл ретте Біріккен Араб Әмірліктеріндегі біздің елшілік эмираттық нарықтың ерекшеліктері мен реттеу шарттарын мұқият зерделеп, азық-түлік өнімдерін жеткізу шараларын қарастырған. Қазақстандық тауарларды экспорттаушыларға нақты қолдау көрсетіліп, және дипломатиялық көмек көрсетілген. Бұл – жақсы. Олқы тұсымыз қандай?
«Жұмыс жоқ» деп екі қолды қусырып жатқанға ешкім игілікті әкеп бермейді. Урбанизация салдарынан біздің қазақ мал бағудан да қалып барады. Бір кезде қой басын 50 миллионға жеткіземіз деп қиқулап едік, қазір барына шүкір етіп отырмыз.
Ежелден мал шаруашылығына икемі мол халқымыздың қой өсіруге жаппай бағыт алатын кезі келді. «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп бекер айтылмаған. Есептейік: Қазақстандағы қой мен ешкінің саны он сегіз миллион қазақтың әрқайсысының жетектеп жүруіне де жетпейді. Ішкі нарықта қой еті қымбаттады. Мұның бір себебі – етті шетелге экспорттауға тікелей қатысты. Демек, алдағы уақытта ішкі нарықта қой етіне деген сұраныс жоғарылайды. Сол себептен қой баққан шаруалардың айы оңынан туғалы тұр.