Шымкент қаласында соңғы бір апта көлемінде коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Осыған дейін күніне шамамен 5-6 адам болса, 18-25 мамыр аралығында күніне орташа есеппен 40-60-тан тіркеліп жатыр. Мәселен, күні кеше тағы 69 жайт тіркелді. Демек, вирус жұқтыру бойынша Алматы қаласынан кейінгі орында келе жатыр.
Аптаның алғашқы күнінде қала әкімі М.Әйтенов бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға орай біраз шектеулердің қайта болатыны туралы мәлімдеді. Бас санитар дәрігердің қаулысымен карантиндік шектеулер 8 маусымға дейін ұзартылмақ. «Бір ғана мемлекеттік ұйымдардың күшімен вирусты еңсере алмаймыз. Қарапайым санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыз қажет. Елімізде төтенше жағдай тоқтатылғаны, карантиндік шектеулер алынады деген сөз емес. Соңғы күндері тұрғындардың карантинге салғырт қарауынан вирустың таралуы күрт артты», – деді қала басшысы.
Шымкент қаласында COVID-19 вирусының 22-сі сырттан келгендер болса, 359-ы науқастармен қатынаста болғандар. Ал 225-і жергілікті жерден шыққан. Жалпы, қалада 260 карантиндік ошақ тіркелген. Бүгінде оның 132-і бақылауда.
Соңғы күндері шаһардағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеулерді жеңілдету уақытша тоқтатылып отыр. Қалада санитарлық тексеру жұмыстары күшейтіліп, жүргізілген мониторинг қорытындысымен 127 әкімшілік шара көрсетілген. 18 мамырда шектеулер алынуы тиіс қоғамдық тамақтандыру орындары, діни нысандар, балабақшалар, фитнес орталықтар, білім үйірмелері бүгінгі таңдағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты ашылмай отыр.
Естеріңізде болса, еліміздің үшінші мегаполисінде 200 орындық жұқпалы ауруларға арналған госпиталь салынып жатқанын айтқан едік. Аталған госпиталь жуырда, яғни 1 маусымда пайдалануға берілмек. Шымкентте қала әкімдігі резервінен коронавирусқа қарсы шараларға 1,2 млрд теңге қаржы бағытталған. Оның 501 млн теңгесі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген. Одан бөлек, 5,8 млрд теңгеге қалада жаңадан 200 орындық жұқпалы ауруларға арналған госпиталь құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар қауіптілігі жоғары ұйымдарда қызмет ететін медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау шаралары да жүргізілуде.
Мәселен, 1, 2, 3-ші тәуекел топтағы 2 764 медицина қызметкеріне наурыз-сәуір айларында 799 млн теңге жалақыларына үстемеақы төленсе, демеушілер есебінен 752 қызметкерге 42 млн теңгеге қаржылай көмек көрсетілген. Ал науқастармен жақын байланыста болған медицина қызметкерлерін оқшаулау мақсатында 6 қонақүй және жұмысына тасымалдауға 120 автобус ұйымдастырылған.
Үшінші мегаполисте елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, 2 миллионнан астам көп қолданылатын маска, 88 тонна дезинфекциялық заттар, 166 мыңнан астам спрей шығарылған. Бұдан бөлек, жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирус жұқтырған науқастарға арналған төсек-орындар 300-ден 450-ге ұлғайып, 320 төсек-орны бар провизорлық стационар мен 1 416 карантиндік орындар ашылған. Қала әкімі COVID-19 жұқтырған азаматтарды уақытылы анықтау мақсатында лабораториялық тесттен өткізу шаралары күшейтілгенін атап өтті. Қаладағы Ұлттық зерттеу орталығының филиалынан бөлек, қосымша 3 лабораториялық зерттеу орындары ашылған.
Жалпы, бүгінде қалада індетпен күресу мақсатында 30 мыңнан астам медицина мамандары мен полиция және әскери қызметкерлер еңбек етуде. Әлемді жайлаған індет талайларды ірі бизнес өкілдерінің өзін тәлтіректетіп жіберді. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікпен күн көретіндерге қиын. Осыған орай, Шымкент қаласында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2020 жылғы бюджеттен 19,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. Аталған қаржының 4,2 млрд теңгесі ауылшаруашылық субсидияларына және 5,2 млрд теңгесі пайыздық мөлшерлемелерді ішінара субсидиялауға, ал 823 млн теңге кредиттерді ішінара кепілдендіруге бағытталып отыр. Сонымен қатар инновациялық жобаларға грант беруге 205 млн теңге, жеңілдетілген несие бөлуге 816 млн теңге, кәсіпкерлік қызметті қолдауға 40 млн теңге бөлініп отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы