Алматыда қызмет көрсету саласы көп зардап шекті
Алматыда қызмет көрсету саласы көп зардап шекті
239
оқылды
Төтенше жағдай кезінде Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына оңтүстік астана бизнесінен 40 мыңнан астам өтініш келіп түсті. «Алматы қаласы бойынша төтенше жағдай және күшейтілген карантин уақытындағы басты екі жағымсыз әлеуметтік-экономикалық жағдай – қозғалысқа қойылатын шектеулер мен өндірістік қызметті шектеу. Осы орайда, қозғалыс шектеуі өндіріс тізбегін бұзды», - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директоры Нариман Әбілшайықов. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы сенім телефондарында жауап беріп, барлық қоңыраулар мен бизнестің жазбаша өтініштерін назардан тыс қалдырмады. «Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының жедел желісіне 16 наурыздан бастап 11 мамырға дейін 42 618 өтініш келіп түсті. Оның 35 201-і Сall-center арқылы, 5 344-і штаб мүшелерінің мобильдік нөмірлері арқылы, 1 789-ы электрондық және қағаз түріндегі өтініштер және қалған  284-і әлеуметтік желілердегі сауалдар», - деп атап өтті Палата директоры. Өтініштердін талдау жұмыстары көрсеткендей, Кәсіпкерлер тарапынан қандай басты сұрақтар болды: -  46% қаланың қозғалысы мен infoalmaty.kz сайтының жұмысына қатысты; - 18% табысы жоғалған азаматтар үшін әлеуметтік төлем (42,500 теңге) алуға қатысты; - 14% қала шегінен тыс жерлерге шығу және басқа өңірлерден кіруге қатысты; - 7% карантиннің күшейтілген режимін кезең-кезеңмен жеңілдетуге және ұйымдарды жұмысқа енгізу тәртібіне қатысты; - 5% жалдау төлемдері бойынша кейінге қалдыруға немесе демалысқа қатысты; - 3% форс-мажор жағдайлары туралы (форс-мажор) анықтама алу. «Алматыда көбінесе қызмет көрсету саласы зардап шекті. Мемлекеттік сектордан және денсаулық сақтаудан басқа, қаланың қызмет көрсету секторында барлық жұмыс күші шамамен 74% құрайды. «Қызмет көрсету секторының ауқымды бөлігі шығынға ұшырағанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері көрсетеді, онда 15 сәуірдегі жағдай бойынша әлеуметтік төлемдер үшін 898 136 адам (қызметкерлердің 90%) жүгінген, олардың 447 363 (қызметкерлердің 49%) төлемдерді алды», - деді Өңірлік палата директоры. Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы ТЖ және карантин кезеңінде кәсіпорындар туралы толық және нақты мәліметтерді жинау үшін www.infoalmaty.kz  порталын әзірледі. Сондай-ақ портал Алматы қаласы әкімдігінің басқаруына өтеусіз берілген. «Қазіргі уақытта www.infoalmaty.kz порталында 28 мың кәсіпорын, 462 мың жұмыскер, 204 мың автомобиль тіркелді. Бүгінде 155 қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысына рұқсат етілді. Сонымен қатар, 81 мың жұмыскері жұмыс істейтін сауда орындарының 76,5% әлі күнге дейін жабық. Айта кету керек, вирустың базарларда таралу ықтималдығы жабық және желдетілмейтін бөлмелерге қарағанда әлдеқайда төмен: алаң желдетіледі, жазда температура жоғары, ашық жерде әлеуметтік қашықтық ережелерін еркін сақтауға мүмкіндік бар», - деді ол. Сондай-ақ Өңірлік палата жалға берушілермен келісімге қол жеткізді, 2,7 млрд теңге сомасына жалдау ақысын төмендету және кейінге қалдыру арқылы 12 769 жалға алушының мүдделері қорғалды. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Палата тиісті тізілімге СТ-кз сертификаттары мен индустриялық сертификаттары бар 512 компанияны енгізуді ұсынды. Олар 12 мыңнан астам тауар түрлерін әзірлейді. Сонымен қатар Палата Алматы қаласы бойынша 103 млрд теңге сомасында Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша бөлінген қаражат шеңберінде олардың өнімдерін сатып алу қажеттілігі туралы мәселені көтерді. Өңірлік палата басшысы атап өткендей, карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету аясында «Атамекен» өкілдерінің қатысуымен 18 санитарлық-тексеру комиссиясы құрылды. 5000 өтінімнің 3 367-і бүгінде қаралды. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ