Блокпосттар алынса да, шектеу шаралары сол қалпында қалады – Біртанов
Блокпосттар алынса да, шектеу шаралары сол қалпында қалады – Біртанов
Фото: Интернеттен алынды
128
оқылды
1 маусымнан бастап қалалар арасындағы блокпосттар алынады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сақтық шараларын қаперден шығармау керегін айтты. «Шынында да, біздің қазіргі басты мақсат – елді қалыпты экономикалық белсенді өмірге қайтару. Сонымен бірге азаматтарды осы эпидемиядан қорғауымыз керек. Әйтсе де эпидемияға қарсы шаралар, соның ішінде шектеу шаралары күшінде қалады. Карантиннің бірнеше кезеңі бар. Ел ішіндегі қозғалысты шектеуді алып тастау – аймақтар бойынша коронавирусты жұқтыру жағдайы реттеліп, теңесіп қалғанын білдіреді. Яғни адамдарды ары қарай қозғалыстан шектеудің қажеті жоқ. Әйтсе де ең бірінші кезекте жұмыста, қоғамдық орындар мен көліктерде эпидемияға қарсы шараларды сақтау ережелерінің талабы күшінде болады. Оны сақтанудың маңызы зор», ­– деді министр. Оның айтуынша, жұмысқа барып-келіп жүрген көпшілік қауіпсіздік талаптарын сақтай бермейді. «Қоғамдық көліктерде де кейде адамдардың толып тұрғанын көреміз. Маскасыз жүрген адам қаншама. Сауда орындарында да бұл талаптарды сақтамай жүргендер көп. Мұндай жағдайда өте қатаң шараларды іске асыруға мәжбүр боламыз. Ең бастысы – инфекцияның таралуы қаупі азайғаннан кейін карантин тәртібі жеңілдетіліп келе жатқанын түсінуі керек. Алайда инфекция ешқайда құрып кеткен жоқ. Адамдар оның ауыр түріне де шалдығып қалуы мүмкін. Сондықтан сақтық керек», ­– деді Біртанов. Бұған дейін 1 маусымнан бастап барлық аймақта блокпосттар алынатынын жазған болатынбыз.